• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қазан, 2022

Байқау жеңімпазы анықталды

367 рет
көрсетілді

Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық ке­зеңі өз мәресіне жетті. Жастар сарайында өткен салтанатты жиын­да көргенді ұрпақ тәрбиелеп, көп­­ке өнеге болып отырған үлгілі отбасылардың ошақ қасындағы жарасымды тіршілігі дәріптеліп, дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Биыл сегізінші мәрте қорытын­ды­ланып отырған тағылымды шара облыс әкімдігінің қоғамдық даму бас­қар­ма­сының ұйымдастыруымен өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауын өткі­зу­дегі басты мақсат – қазіргі қо­ғам­дағы адамгершілік құнды­лық­та­рын жаң­ғырту, сондай-ақ отбасы мәрте­бе­сін кө­теріп, ата-аналардың бала тәрбие­сін­де­гі жауапкершілігінің артуына ықпал ету. Осы сегіз жылдың ішінде байқауға 800-ден астам отбасы қатысты. Былтыр 126 отбасы бақ сынаған. Осы жылы облыс бойынша 108 отбасы қа­ты­сып отыр.

Бұл жолы ауылдық, аудандық іріктеуден 20 отбасы озып шықты. Об­лыс­тық кезеңге өткендерге ақшалай жүлде тағайындалып, үлгі-өнегесімен ерек­шеленген немесе өнерпаз отбасы­лар­ға, сондай-ақ әулет болып еңбекке жұмылып, кәсіппен айналысып жатқан отба­сыларға арнайы сыйлық табыс етіл­ді.

Салтанатты жиында Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Абылайхан Кәкенов сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады.

– Қазақ үшін қашанда киелі саналатын бір шаңырақтың астында берекелі өмір сүрудің мән-маңызын насихаттауда ұлттық конкурстың алар орны айрықша, тағылымды іс-шара деп айтар едім. Осы сайыста бақ сынағандардың барлығы да мерейлі отбасы, тәлім-тәрбиенің қайнар көзі, – деді Абылайхан Кәкенов.

Биылғы байқауға қатысқандардың қай-қайсысы да жеңіске лайықты. Де­ген­мен комиссия мүшелерінің шеші­мі­мен Қарасу ауданында тұратын Шәріповтер әулеті жеңімпаз атанды. Болат Сатыбалдыұлы мен Марина Ва­силь­евнаның отасқанына биыл 33 жыл болыпты. Екеуі де қарапайым еңбек адам­дары. Балалары Дәмір мен Диана әр түрлі салада еңбек етіп, табысқа жетіп жүр.

– Әулетімізде болған бірқатар қуа­ныш­ты оқиғаларды себеп етіп, биыл кон­курсқа өтініш бердім. Туыстарымыз, әріп­тестеріміз, достарымыз қолдау көр­сетті. Дәл қазіргі көңіл күйімді сөзбен ай­тып жеткізе алмаспын. Отбасым үшін қуанып тұрмын, – деді Болат Шәріпов.

Осы сында үздіктердің қатарынан көрінген жиырма отбасына облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолы қойылған дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал Шәріповтер отбасы енді республикалық кезеңде бақ сынайтын болады.

 

Қостанай облысы