Қостанайда өңір жастарының спорт лигасы өз мәресіне жетті. Биыл облыстың әуесқой спорт командалары арасында футбол, баскетбол және волейбол ойындарынан тұңғыш рет өткен «Jasliga» ойындарының финалына жарты жылға созылған жарыстардан сүрінбей өткен таңдаулы 12 команда қатысты.
Халықаралық ережелерге сай өткен финалдық жарыстарға өңірге белгілі кәсіби спортшылар мен жаттықтырушылар төрелік етті.
Турнир төрешілерінің бірі, «Тобыл» баскетбол клубының бұрынғы ойыншысы Леонид Адамовичтің айтуынша, «Jasliga» жарысының өңір спортының дамуына, жастардың саламатты өмір салтына бейімделуіне ықпалы мол. Сондай-ақ әуесқой спорт турнирлерін дамыту талантты жастардың кәсіби клубтарға ілігуіне мүмкіндік береді.
– Мұндай жарыстар, ең алдымен, әуесқой спортшылардың басын біріктіріп, жастарды бос уақытын пайдалы іске жұмсауға үйретеді. Бүгін сынға түсіп жатқан командалардың осалы жоқ. Қай-қайсысы да алаңға жеңіс үшін шыққанын дәлелдеп бағуда. «Jasliga» енді жыл сайын тұрақты түрде өтіп тұратын дәстүрлі спорт шараларының қатарына енетініне сенімдімін. Бұл – жаңа жоба, сондықтан келесі жылы жарысқа қатысатын әуесқой командалардың саны көбейе түсетіні сөзсіз, – деді Л.Адамович.
«Jasliga»-ның футзалдан өткен финалдық ойындарында Старт» командасын 2:1 есебімен ұтқан Рудныйдың «Қасқыр» командасы үшінші орынға ие болды. Бас жүлде үшін өткен тартысты бәсекеде «Астықжан» командасынан 1 ұпай есеп айырмашылығымен басым түскен «Салават» турнир жеңімпазы атанып, қостанайлық жанкүйерлердің мерейін үстем етті.
Баскетболдан өткен кездесулерде шебер ойын көрсетіп, ешкімге дес бермеген Қостанайдың «Шанс» командасы жеңіс тұғырына көтерілді. «Рудный» командасы екінші орынды еншілесе, «Brawl Stars» үшінші орынға ие болды.
Волейбол турнирінің бас жүлдесі «Намыс» командасының қанжығасында кетті. Жеңімпазға 1 ұпай есе жіберген «Қызбел» командасы – екінші орында. «КПВК»-ны айқын басымдықпен ұтқан «Локомотив» жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты.
«Jasliga» ойындарының жүлде қоры шамамен 2 млн теңгеге жетіп жығылады. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Deni sau urpak – ult bolashagy» ұранымен қолға алынған жаңа жобаны облыстық жастар ресурсы орталығы мен қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырып отырғанын айта кеткен жөн.
Қостанай облысы