Қызылордада трансұлттық қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қызылорда қаласында жалған ақша қаражатының заңсыз айналымына қатысы бар трансұлттық қылмыстық топтың қатысушыларына қатысты іс қаралды.
Қазақстан, Әзербайжан және Грузия азаматтарынан құралған топ мүшелері ҰҚК мен прокуратура органдарының Қызылорда, Алматы және Өскемен қалаларындағы бірлескен арнайы операциясы барысында ұсталды.
Тергеу барысында олардың Қазақстан аумағында жоғары сапасымен ерекшеленетін аса ірі көлемде жалған АҚШ доллары мен еуроны жеткізуге және өткізуге қатысқаны дәлелденді.
Валюта Қазақстанға Түркиядан пошта жөнелтілімдерінде камуфляждалған түрде жеткізілді.
Сот шешімімен топтың көшбасшысы мен мүшелері трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құруға және оған қатысуға, сондай-ақ жалған ақша қаражатын сатуға қатысқандары үшін кінәлі деп танылды.
Айыпталушылар 9 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің ұзақ мерзіміне сотталды.