Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған Ақкөл ауылына 13 шақырым жетпей тоқтасаңыз, күре жолдың оң жағында тұрған биіктеу мұнараны көресіз. Білек темірлерді бір-біріне бекіте отырып көтерілген бұл ескі мұнараның түбіне келсеңіз, дәл ортасында жер астынан бұрқақтап қайнап шығып жатқан бұлақты көресіз. Жергілікті тұрғындар мұны Тентексайдың ыстық суы деп атайды. Елсізде иесіз жатқан қайнарды жан-жақтан іздеп келіп, басына күрке тігіп апталап жатып, демалып, ем алып кететін жұрт жаз бойы үзілмейді.
Аудан әкімдігінің мамандары бұл өңірдегі Қаратұз көлі мен ыстық суға түсу үшін бір жазда шамамен 5 мыңдай адам келетінін айтады. Бірақ шипалы су облыс орталығынан шалғай жатқандықтан, бұған дейін бұл жерді күтімге алатын кәсіпкер табылмапты.
Биыл жазда Сарытүбектегі Ақаңның ақ кесенесіне өзіміз де бірнеше рет барып қайттық. Жолай осы Тентексайдың тұсына екі-үш рет тоқтап, шипалы суға түсіп көргеніміз бар. Тереңнен бүлкілдеп тоқтаусыз шығып жатқан тұзды судың ыстықтығы соншалық, қол тигізбейді. Жер астынан шыққан су бұлақтың жол жақтағы жиегіне көлшіктеніп барып, қайтадан жерге сіңіп кетеді екен, майлы топырағы аумағы үйдің орнындай болатын кәдімгі саз балшыққа айналыпты. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, бұл балшықтың да денсаулыққа тигізетін пайдасы зор. Көлшіктің шетінде тұз кеміріп, тот басып қап-қара боп кеткен жұрттан қалған шойын ванна жатыр. Мұнда шипа іздеп келгендер ыстық су толтырып ваннаға түсіп, жанындағы балшықты бүкіл денесіне жағып алып, күн астында қыздырынып емделеді екен.
Шипалы судың басына екінші мәрте келгенімізде сонда жүрген он шақты адаммен жолықтық. Бұлақтың басына киіз үй құрып қойыпты. Екі-үш душ кабинасы пайда болған. Бұрынғыдай әр жерде шашылып жатқан қоқыс та көрінбейді.
– Торғай ауылынан келдік. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, қолымдағы аллергия осы ыстық судың көмегімен кетті. Жаңа басталып келе жатқанда мақтаны сулап, қолыңызды орап, таңып тастасаңыз, бірден алып түседі. Мен күннен болатын аллергияға осы ыстық суды пайдаланамын, – деді емделушілердің бірі Райхан Мәлікзадақызы.
Аудандық кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Бақытжанқызының айтуынша, ыстық судың тоқтаусыз ағып жатқанына 30 жылдан асыпты. Ем іздеп келушілердің қарасы, әсіресе соңғы жылдары едәуір көбейген.
– Инвестор іздеп жатқанымызға біраз жыл болды. Келгісі келгендердің көбі жолдың шалғайлығынан тайсақтайды. Өткенде Қостанайға Ресейден делегация келді. Оларға өңірдің туристік әлеуетін таныстырдық. Соның ішінде біздің осы ыстық
суымыз мен Қаратұзымыз да бар. Бұл судың құрамы әлі зерттелген жоқ. Біз оны анық білмейміз. Әуелде 71 градус ыстық болатын, қазір 54 градусқа түсті. Артрит, құяңы бар, түрлі тері ауруымен ауыратын адамдар жаз бойы келіп емделеді. Ваннаға жатады. Майлы топырағын жағады. Торғайдан Ақшығанаққа бара жатқан жолдың бойындағы Қарғалы деген жерде де дәл осындай иодты-бромды ыстық су бар. Жұрт ол жерді Қарақұдық деп те атайды. Баяғыда соның басында табиғи ыстық сумен жылытылатын 6 үй тұратын. Ыстық су ванналарға өзі құйылып, жылу құбыры арқылы сыртқа ағып кететін. Тоқсаныншы жылдары ол үйлер бұзылып кетті де, кейін ол жер де қараусыз қалып қойды. Қарғалыға Ресейден келетіндер көп еді. Суы тері ауруларына, жараға ем болатын. Тентексайдағы ыстық судың басына Астанадан адамдар келіп жерді жалға алып, 150 млн теңгеге үй салайын деп жатыр, ванна қойған. Жұрт келіп суға тегін түсе береді. Шлагбаум қойылмайды. Кәсіпкер оларға тек жатын орын беріп, асханасының қызметін ұсынады. Төсемтас төсеп, автотұрақ жасаймын деп отыр. Ол кісі енді ғана бастап жатыр, жобасы жүзеге асса, Торғайға туристер де көп келеді деген үміттеміз. Біз ыстық судың басына жергілікті бюджеттің қаржысына 2-3 самалжай, дәретхана салдық, – деді Сәуле Бақытжанқызы.
Бұл жерді жалға алған кәсіпкердің есім-сойы Нұрман Ембергенов екен. Әлгі киіз үй де осы кісінікі болып шықты.
– Шынымды айтсам, байлығым асып-тасып бара жатқаннан емес, өзім осы өңірде туып-өскендіктен елге бір септігіміз тисінші деген оймен осындай тәуекелге барып жатырмын. Өзім кезінде Торғайдың мәдениет үйінде жұмыс істедім. Қазір Астанада тұрамын. 30 жыл болды, өзіміз бірнеше отбасы болып бірігіп, осы жерге жылда келіп тұрамыз. Жұбайым кішкене ауырыңқырап еді, ыстық су арқылы сауығып кетті. Өзіме де шипасы тиді. Бұл судың өзім алып барған жора-жолдас, таныстардың бәріне көмегі тиіп жатыр. Соны көріп, қадір-қасиетіне көзіміз жетіп тұрған соң, жолдың қиындығына қарамастан осы іске кірісіп кеттік, – деді кәсіпкер.
Бұрын Ақкөлге жету тіпті қиын еді. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, 20-30 шақырымға асфальт төселіп, жол біршама дұрысталды. Жол жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Асфальт жол Ақкөл, Ахмет ауылдарына дейін жетсе, ыстық суға келушілер одан сайын көбейе түсетіні сөзсіз. Ыстық судың мәселесі де бір жағынан осы жол қатынасына келіп тіреледі. Алдағы бір-екі жылдың ішінде жолдың салынып бітетініне Нұрман Ембергенов те сенеді. Нар тәуекелге барып, бизнес-жобасын қорғап, осы маңайдан 1,5 мың гектар жерді жалға алып отырғаны да содан.
– Қағазы көп жұмыс қой, осы жақында ғана толық ресімдеп бітірдім. Бұл жаққа жол қатынасы қиын. Әйтпесе, бұл жерді гүлдендіріп жіберетін инвестор баяғыда-ақ табылатын еді. Биыл еш нәрсе жасап үлгермедім. Енді ойым қыстай шамам жеткенше құрылыс материалдарын тасып, осында жинап қою болып отыр. Көктемде үй құрылысын бастаймыз ба деген жоспар бар. Жоба бойынша, 7-8 үй тұрғызамыз. Кәдімгі 2 адамдық, 4 адамдық қонақ үйлер ғой. Әжетханасы, қол жуғышы, душы ішінде болады. Медицина қызметкері болады. Судың құрамын зерттеуге бердік. Неге пайдалы, неге зиян екенін анықтаймыз. Сосын іске кірісеміз. Жақын жерден электр желісі өтіп тұр, сол жерге трансформатор қойып, жарық тартқызу керек. Бұрын бұл жерде тұщы су болған дейді. Ұңғыма қаздырып, сол тұщы суды іздеу керек, – деді Нұрман Ембергенов.
Осылайша, көптен бері кәдеге аспай жатқан шипалы ыстық судың айналасы абаттандырылып, басына шағын шипажай салынбақ. Бұл ыстық су ақылы болады деген сөз емес, бұрынғыша тегін түсемін деген адам, тегін түсіп кете береді. Ал жатып демалам, емделем деген адамдарға қолайлы жағдай жасалады. Қонақжай әкімшілігі алыстан ат арылтып жеткендерді жайлы жатын-орынмен қамтамасыз етіп, ас-суын әзірлеп береді. Бұлақтың басына душ қабылдайтын кабиналар қойылып, заманауи монша салынады. Шағын шипажайда емделушілерге дәрігерлер мен медициналық массаж жасайтын мамандар қызмет көрсетеді.
Елсізге үй тұрғызып, тақыр жерге гүл егу де оңай шаруа емес. Жолдың шалғайлығы мен бүгінгі нарықтың құбылмалы мінезін ескере отырып есептегенде, шипажай шағын болғанымен, қыруар қаржыны қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан кәсіпкер Көлқамыстан мал бордақылау алаңын ашып, одан түскен табысын ыстық судың басына салынатын емдеу-сауықтыру орталығын дамытуға жұмсауды көздеп отыр.
Қостанай облысы