Кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қолдауымен, Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтті. Астанада басталып, 12 күндік жүрістен соң Түркістанда мәреге жеткен марафонға еліміздің 19 өңірінен 200-ге жуық сәйгүлік қосылды. Шарт бойынша әр команда марафон-бәйгеге бес ат салып, 600 шақырымнан кейін оларды ауыстырып отырды және шабандоздар күніне 100 шақырымды бағындыруға тиіс болды. Маңғыстаудан барған «Көкмойнақ» тобы аталған шартты шашасына шаң жуытпай орындап, доданың байрағын желбіретіп оралды. Бұл – үлкен жарыстардың бастамасы, алда – халықаралық, әлемдік үлкен додалар.
Ендеше, қазақтың адай жылқысының арғы-бергі тарихы туралы әңгіме қозғаудың осы жолы реті келіп-ақ тұрғаны. Адай жылқысы өзінің ерекше қасиетін жоймай, ғасырлармен бірге жасап, әр заманның талабына сай түрлі сынға лайықты жауап беріп келеді. Ана тұқым мен мына текті будандастыру арқылы ғылыми селекция нәтижесінде қол жеткен зертханалық тұқым емес, маңғыстаулық кәнігі атбегілер мен сейістердің маңдай терін сыға шұғылданған еңбегінің нәтижесі бұл. Маңғыстауда жылқыға қатысты әдемі әңгіме мен дәйекті дерек желісі бағзыдан бүгінге дейін үзілген емес. Демек бұл далада жылқыны құрметтеу, оның тегі мен тұқымын дамыту, ат баптау сынды жылқыға қатысты шаруа аса маңызды кәсіп болған деуге негіз бар.
Маңғыстауда суын айғыр туралы аңыз аса маңызды, мифолог ғалым Серікбол Қондыбай еңбектеріне сүйенсек, Каспий теңізінен жылына бір рет шығатын айғыр – мүсіні келісті, шабысы бөлек тұлпарлардың арғы тегі. Жер бетіндегі өзен мен көл, теңіз бен мұхит атаулының ешқайсысына емес, тек Каспий теңізіне тиесілі суын туралы халық арасында аузыңнан су ағып отырып айызың қана тыңдар аңызға бергісіз әңгімелер, хикаяттар аз емес. Серікбол сынды мифология мұзжарғышының суын айғыр тақырыбына арнайы тоқтап, зерделей зерттеуі тегін болмаса керек. Одан берідегі ел басына зобалаң орнатқан нәубет жылдарындағы қуғын-сүргінде озбырлардың қазақ халқын ғана емес, асыл тұқымды жылқыларын да қырып-жойғандығын бір ғана «Көкмойнақтың үйірі» жыры нақтылай түседі.
Көкмойнақ – суық пен ыстыққа төзімді, «ылдидан шапса төске озған» жүйрік, жай мен күй таңдамайтын асыл тұқымды жылқы және оның үйірі. Кеңестік солақай саясаттың қанды құрығына іліккен үйір тоз-тоз болып жоғалады. Бүгінгі жылқы осы үйірдің жұрнағы деуге болады. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыста Маңғыстаудан майданға жылқы алынып, олардың Нальчик қаласында арнайы үйретілгені туралы дерек бар. «Egemen Qazaqstan» газетінде 2012 жылы жарияланған мақаламызда бұл туралы «1941 жылы Гурьев асыл тұқымды адай жылқысын өсіретін мекеме – «Госплемрассадник» ашылып, Мәскеуге тікелей бағындырылады. Соғыс басталысымен баяғы Ахал-Теке жорығынан бері қарай адай жылқылары көкейлерінде қалған мәскеулік әскерилер Маңғыстаудан жылқы ала бастайды. Қапелімде кеп жылқы ұстап беруді талап еткенде іріктеудің ыңғайы келмей қалады да, алғашқы лекте сүт бетінің қаймағы дерліктей өңкей таңдаулы жылқылардан, алтын құрсақ биелерден құралған 480 басты ұстап береді. Жоғарыда айтылған аймақтық мекеме 1956 жылы жабылғанда, ең соңғы басшысы болған Балыбай Кірбасов осы оқиғаны «сүліктей болған, аяғының желі бар әдемі тор биемді бергім келмей анда-мында қуалап жасырып едім, болмады, алып тынды» дейді екен кейін өкінішпен. Осы 480 бас түгелдей Кабардиннің орталығы Нальчикке апарылып, жуасытылады. Кейіннен тағы жылқы алынып, майданға Маңғыстаудан барлығы 3000 жылқы кетеді. Бұлар да Нальчикке барады. Ауыл шаруашылығы саласының білгірі Сәбит Әбішовтің айтуынша, 1942 жылы соғысқа алынып, Нальчикте аспаз болып жүрген маңғыстаулық Мөңке Монтыбайұлы «Маңғыстаудан жылқы әкеліпті» дегенді естіп, стадионда жылқыға бас білдіріп жүрген топқа барады. Кең алаңда 10-15 жігіт жылқыларды ноқталап алып қуалап жүр дейді. Бұйрық беріп тұрған асханадан келіп тамақ ішіп, жақсы қарым-қатынаста болып жүрген мұсылман жігіті болғандықтан, бұл қасына барып «бізде жүгендеп, мініп жуасытады» дейді. Сонда әлгі «сен жуасытып бер» деп жабыса кетсе керек, Мөңке кешке дейін төрт тұлпарға бас білдіріп, жүгендеп, тартпасын тартып, бекітіп-тұсап, «міне, осылай» деп алдарына көлденең тартады. Ол Мөңкені осыдан кейін қасына көмекші етіп алады, кейіннен Маңғыстаудан тағы жылқы келеді, сөйтіп, Мөңке соғыста жылқы жуасытумен айналысады. Бүгінгі жүлде салып жүрген кабардин жылқыларының жүйріктігі туралы осындай бір гәп бар... Соғыстан соң жылқылар елге оралған жоқ, кабарда елінде қалды. Ауызымен құс тістеген кабардалық жүйріктер қазақтың адай жылқысының тұқымы болмасына кім кепіл?
Соғыс аяқталған соң Алматыда өткен республикалық Жеңіс шеруінде маңғыстаулық Тасқара Сағындықов қосқан шабдар ат 1-орынға ие болады да, оны Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов ипподромға сый ретінде алып қалады», делінген.
Бұл деректер Ахал-Теке жорығы кезінде жүріске шыдамай пышаққа іліккен кабардин жылқыларының бүгінгі жүйріктігінің мәнісін Екінші дүниежүзілік соғыста Маңғыстаудан барған жылқылармен байланыстыруға, тектілік тінін осы жылқылардан іздеуге негіз бола түседі.
Ахал-Теке жорығы демекші, патша өкіметінің 1877 жылғы Ахал жазығына шабуылы туралы офицер М.Арнольди жазбаларында әскер жорыққа аттанбас бұрын Маңғыстаудағы Форт-Александровскіге шоғырланғандығы, айлық тағайындап жергілікті 150-ге жуық жігітті аттарымен бірге әскер қатарына қабылдап, оларды милиция деп атағандығы айтылады. Маңғыстаулық өлкетанушы Ә.Спан деректеріне сүйенсек, жылқы туралы таным-түсінігі, таңдауы барырақ атты әскер командирі М.Арнольди қазақтың адай жылқыларының «сусыз жүз шақырым жерді ала беретінін, тек жусанға жайылғанның өзінде арықтамайтынын, ауырмайтындығын, ер-тұрманының нашарлығына қарамастан, арқаларының жауыр болмайтындығын, тұяқтары мықты болғандықтан тағалаудың, құйрық-жалын күзеудің қажеті жоқтығын, 3-4 сағат шауып келіп құдықтан су іше беретінін, ал иелерінің оларды судан соң өкпелері қабынбасын деп аз-маз желдіртіп алатындығын айтқан М.Арнольди бұл жылқылардың казак полкінде күтім көргесін тіпті күшейіп кеткендігін» жазады. Осыдан соң офицер жүздігіндегі аттардың басым бөлігін қазақ жылқысымен алмастырып, «бұл ісінің өте дұрыс болғандығын тәжірибе көрсетті» деп мерейлене қағазға түсіреді. Ал қазақтар жүріске, жорыққа жарамағандықтан жергілікті жылқыларға айырбасталған кабардалық жылқыларды түгелдей сойып алады. Сәтсіз жорықтан соң патша әскері шаршап-шалдығып фортқа оралады, сапар барысында 2 мың шақырымға жуық жолды қиналмай жүрген адай жылқылары күйлі, жарау қалпын үзбей келеді. М.Арнольди Ахал жазығына жасаған екінші жорығында әскерді толықтай қазақтың адай жылқысымен жасақтайды.
Офицер М.Арнольдидің таңдауы мен таңданысы өзге ғалымдардың аталған қазақ жылқысына қызығушылығын оятқан секілді. Я.Полферов 1899 жылы Ресейдің «Конезаводство» журналында «Лучшие породы Киргизской лощади – Адай» атты мақала жариялап, қазақ жылқысының атын әлемге танытуға алғашқы қадам жасаса, Ю.Барминцев «Адай жылқылары қазақ жылқыларының басқа тектерімен салыстырғанда ең ірі тұқымдарының бірі болып табылады» деп бағалайды, қазақстандық ғалымдар – А.Иманғалиев «Адай жылқысы» кітабын жарыққа шығарса, М.Нұрышевтың монографиясы академик И.Нечаевтің ықыласына ие болған. Аумалы-төкпелі заманда жөңкіле көшкен Маңғыстау байларымен бірге тұқымы батыс өңірге кең тараған, соғыстан кейінгі жылдары аталған жылқы тұқымын сақтау, тарату бойынша жасалған жұмыстар өз алдына үлкен тақырып. Ол туралы көлемі газет бетімен өлшенетін мақалада толық, егжей-тегжейлі баяндау мүмкін емес. Қазақтың адай жылқысының айрықша жаратылысы, ерекше қабілеті, қасиеті өз маңызын жойған жоқ. Соңғы жылдары түрлі деңгейде, түрлі шартпен ұйымдастырылған бәйгелерде адай жылқылары жүлдесіз қалған жоқ.
2011 жылы сәуірде Маңғыстаудағы Ақтұмсық жерінде өткен 90 шақырымдық ат бәйгесінде халықаралық дәрежедегі судьялар, мал дәрігерлері адай жылқысының халықаралық стандарттарға сай екендігін айтса, бір айдан соң Алматы қаласында өткен Азия ойындарында – Қазақстан халықтары III спартакиадасында адай жылқылары алдыңғы үш орынды да иеленді. 2011 жылы шілде айында Ресейдің Рязань облысында өткен халықаралық «Достастық кубогі» жарысында қазақтың адай жылқылары 80 шақырымдық қашықтықта мәреден 1-ші, 3-ші және 4-ші болып өтіп, кубокпен бірге «Көрермен көзайымы» сыйлығын да еншіледі. Осы жарыстың нәтижесі қазақтың адай жылқысының даңқын жарты әлемге танытты деуге болады, осыдан соң түрлі жарыстарда жүлде салған 23 атқа Қазақстан Республикасы Ат спорты қауымдастығының «Қазақстан Республикасы спорттық жылқы құжаттары» куәлігі берілді.
2012 жылы Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Кубогі үшін өткен халықаралық турнирде алдына қара салмаған жылқылар артынша тағы да Рязаньға аттанды. Бұл жақта ТМД және Балтық бойы елдері фестивалінде біраз елдің 117 тұлпары бақ пен бап жарыстырған алыс қашықтықтағы аламанның 80 шақырымдық алғашқы жарысында адай жылқылары іркес-тіркес бірімен-бірі иық тірестіре мәре сызығын кесіп өтеді. Жүлденің үшеуі бірдей көзапара Қазақстанға кету қаупі маза бермеген болуы керек, үшінші атты денсаулығында мін бар деп жарыстан шығарып тынады. Алайда «аққа Құдай жақ» деген, осы сәтте 4-ші болып тағы бір қазақ тұлпары – қостанайлық жүйрік зу етіп мәреден өте шығады! Көп ұзамай 117 аттың арасынан тағы да 8-ші, 12-ші болып қазақтың адай жылқылары жетеді. Бұрын атына, даңқына сырттай қанық көпшілік осы жолы аталған жылқы тұқымы жетістіктерінің кездейсоқ еместігін, оның айрықша жаратылыс екендігін мойындауға мәжбүр болады.
Кейін халықаралық ат спорты сарапшылары мен мамандары, мал дәрігерлері Ақтауға жиылып, Қазақстанда тұңғыш рет жаңа халықаралық классификация бойынша 120 шақырымдық жарыс өткізді. Аламанда жүлдені бұрыннан олжа алып жүрген сәйгүліктер емес, жарқ еткен жұлдыздай жаңа тұлпардың алуы – ел арасында бірінен-бірі озған жүйріктердің көптігін, аталған жылқы тұқымының асылдығын аңғарта түсті. Халықаралық ат спорты федерациясының мүшесі, ресейлік ГАндриевский «Сөз жоқ, адай жылқысы – табиғаттың тамаша туындысы» десе, араб елінен келген Мохаммед «адай жылқысы әлемдік жарыстарда олжа салып жүрген араб жылқыларынан кем емес. Тек бұл жылқылардың күтімі мен бабы жеткіліксіз екені көрініп тұр, сондықтан ат спортына көп күш салуларыңыз керек» деген еді. 2015 жылы Францияда дүниежүзілік бәйгеге қатысып, Латын Америкасы, Сауд Арабиясынан келген кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болады. Қазақтың адай жылқыларын ғылыми-зерттеу, таныту бағытындағы жұмыстарда С.Әбішев, К.Ерғалиев, Т.Қалжанов сынды ауыл шаруашылығы саласы мамандарының, алыстағы әртүрлі сайыстарға қатысуына жағдай жасап, қолдау көрсеткен Қ.Көшербаев, Б.Мұхаметжанов, Б.Тұрғараев сынды азаматтардың көмегі зор болғандығын айтуға тиіспіз.
Деректерден көріп отырғанымыздай адай жылқысының қазақты ұялтқан жері жоқ, керісінше қашанда өзгелердің қызығушылығына ие. Домбыра, қазы, асылған ет, киізүй, бауырсақ, қымыз бен шұбат – әлем елдері алдында қазақ мерейін асырып, ұлттық ерекшелігін, бай мәдениетін, терең тарихын, жауынгерлік рухын таныта, қазақ мемлекеттігін мойындата түсетін нақты дәлелдер десек, қазақтың адай жылқысы да ұлттың ұлылығын таныта түсер құндылықтарымыздың бірі. Өзгелердің қымызды, қазыны бізден бұрын патенттеп алғанын, жылқының алғаш қазақ даласында қолға үйретілгендігіне қарсы дау айтқандығын ескере отырып, тұқымы соғыс жылдарында өзге елдерге тараған қазақтың адай жылқысын ұлттық бренд ретінде танытсақ, қазақтың ат құлағында ойнаған, жылқыны қанаты санаған қайсар халық екендігі дәлелдене түседі. Арабтар сүдіні сұлу сүліктей сәйгүлігін, қырғыздар «Манас» жырын, түрікмендер ахалтеке тұлпары мен алабай итін, тіпті кілеміне дейін әлемге танытып әбігер, біз неге өз құндылықтарымызбен қуана алмаймыз? Қазақтың адай жылқысы – елдің мақтанышы, ұлттық бренд, оны мойындауға өзіміздің мойнымыз жар бермей жүргенде ебі мен есебін тапқан өзгелер қолды етіп кетіп, тағы бір жауһарымызды жоғалтып, салғырттықтан сан соғып қалмайық. Жаңа Қазақстанның жаңа леп-екпінін алысқа жылқының тұяғымен естіртіп, аламанның дүбірімен де мойындату керек.
Маңғыстау облысы