• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Қазан, 2022

Әлеуетті әріптес

265 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Нидерланд арасындағы экономика­лық қатынастар қарқынды дамып келеді. 2011 жылдан бері Нидерландтан бізге келген инвестиция ағыны 23,7 млрд долларды құрады. Оның үстіне қызғалдақтар елі көп жыл бойы қазақстандық инвесторлар арасында көш­басшы болып келеді.

Астанада Қазақстан мен Нидерл­анд арасындағы инвес­тициялық байланысты одан әрі арттыруға арналған дөңгелек үстел өтті. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Kazakh invest ұлттық компаниясы және Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігі ұйымдастырған шараға 100-ден астам делегат қатысты.

Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Асқар Жұмағалиев атап өткендей, пандемиядан кейін азық-түлік қауіпсіздігін қам­тама­сыз ету бүкіл әлем үшін негізгі басым­дыққа айналды. Ал Нидерланд­тың Қазақстандағы Елшісі Андре Карстенс бұл іс-шара экономикалардың өзара дамуын қамтамасыз етуге, еңбек жағдайларын әртараптандыруға әрі жеңілдетуге, сондай-ақ елдер­дің бизнестегі ынтымақ­тастығы үшін жақсы жағдай жасауға елеулі үлес қосуға тиіс екенін айтты.

Еліміздің Ауыл шаруашы­лығы вице-министрі Жеңіс Өсер­бай агроөнеркәсіптік кешен са­ласындағы қарым-қатынастарды кеңейтудің зор әлеуеті барын атап өтті. Ал Нидерландтың ауыл шаруашылығы министрлігі­нің арнайы өкілі Фредерик Воссенар аумағы шағын, соған қарамастан ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік экспорты бойынша әлемде екінші орынды иеленетін Голландия фермерлерінің табыс тарихына тоқталды.

«Kazakh invest» ұлт­тық компаниясы» АҚ басқар­ма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали «Қазақ­стан­ның инвестициялық мүмкін­діктері» тақырыбында баяндама жасады. Ол голландиялық компаниялар энергетикалық сектордан тамақ өнімдерін өндіру, машина жасау, фармацевтика секілді өңдеуші өнеркәсіптерді әртараптандыруға мүдделі екенін атап өтті. Нидерланд Қазақстан экономикасына қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі болып саналады. 2021 жылы Корольдіктен елімізге бағытталған инвестиция ағыны 6,9 млрд долларды құрады.

Өсімдіктердің жаңа сұрып­тарын қорғау жөніндегі халық­аралық одақ (UPOV) бас хат­шы­сының орынбасары Питер Баттонның айтуынша, Қазақ­станның аталған одақ қатарына кіруі ауыл шаруашылығы өнді­рісінің тиімділігін қамта­ма­сыз етуге оң әсерін тигізеді. Бұл одақ Қазақстанды өз қатарына қабылдауға және тәжірибе, жаңа технологиялар мен білім алмасудың нәтижесінде республика бойынша шаруа қожа­лық­тарын жоғары деңгейге шығаруға дайын екеніне сендірді.

Philips вице-президенті Ян-Виллем Схейгронд өз сөзінде Қазақстанның ел тұрғын­дары­на жоғары сапалы және жо­ғары технологиялық медици­налық қызмет көрсетуге деген ұмтылысын атап өтті. Компа­ния­ның Қазақстандағы 25 жыл­дық жұмысында ол үкіметтің осы бағыттағы прогрессивті қозғалысына ерекше тоқталды. Бұл өмір сүру ұзақтығы сияқ­ты маңызды факторға әсер ете­тіні сөзсіз. Ол қазақстандық әріптестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

«СК Фармация» ЖШС бас­қар­ма төрағасы Ерхат Есқа­лиев медициналық орталықтарды орта­лықтандыру бағдарламасы аясында Philips компаниясымен өзара түсіністік туралы ме­морандумға қол қою Қазақ­стандағы медицинаны жетілдіру­дегі және медицинаны цифрлан­дыру саласында тәжірибе ал­масуға маңызды қадам болатынын айтты.

Dutch Clean Tech компа­ния­сының президенті Сандер Пилкенруд ауыз суды тазарту саласындағы жобаларды жүзе­ге асыруға дайын екендігін мәлімдеді. Олар қазірдің өзінде әлем бойынша 1 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған және бұл тәжірибені Қазақстанда да қолдануға дайын.

Негізгі сессия аяқталғаннан кейін қатысушылар жалпы сомасы 450 млн еуродан асатын құжаттарға қол қойды. Атап айтсақ, Lely Group пен BIK Павлодар облысында авто­мат­тан­дырылған сүт фермасын құ­ру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумды бекітті. Philips компаниясы мен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі арасында денсаулық сақтау саласындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойыл­ды. Сонымен қатар Kazakh invest ұлттық компаниясы голландиялық Clean Tech компаниясымен Қазақстандағы кәріздік тазарту қондырғыларының құры­лысы жобасын жүзеге асыру туралы келісімге келді.

Rijk Zwaan және Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» тұқым шаруашылығы бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімді бекітті. Сондай-ақ Ни­дер­ланд Корольдігінің Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауыл шаруа­шылығы дақылдарының сорт­тарын сынау жөніндегі мем­лекеттік комиссиясы арасында ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойылды.

Дөңгелек үстел «Мал, құс шаруашылығы, ет және сүт өндірісі, ветеринария» және «Жылыжай секторын дамыту» панельдік сессияларында жал­ғасты. Панельдік талқылаулар бары­сында агроөнеркәсіптік кешен­ді дамыту мәселелері, жаңа тех­нологиялар және оларды Қазақ­станда қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Дөңгелек үстел семинармен және екіжақты кездесулермен аяқталды.