• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қазан, 2022

Жылу маусымына дайын

279 рет
көрсетілді

Қылышын сүйретіп қыс келеді. Жақында Жетісу өңірінде де жылу беру маусымы басталады. Әйтсе де облыста көмір қоры жеткілікті ме? Халық қатты отыннан қағылмай ма? Осы іспетті мәселелер туған жағдайда Жетісу облыстық және Талдықорған қалалық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесі қайтпек? Бұл сауалдар әр тұрғынның көкейінде сайрап тұрғаны анық. Ал мамандар көмірден таршылық көрмейміз деп сендіруде.

Басқарма өкілдерінің ай­туын­ша, тұрғындардың сұраны­сын қанағаттандыру мақсатын­да көмір қоры толықтырылу­да. Жалпы, облыс бойынша 34 көмір тұйығы мен 4 қойма бар. Тұрғындар қысқы мау­сым кезінде орташа есеппен 487,8 мың тонна көмір тұтынса, бүгінде оның жартысынан көбі (315,9 мың тонна) жеткізілген. Тұйықтар мен қоймаларда 15,5 мың тонна қатты отын қоры бар. Биыл Қаражыра разъезінен көмір жеткізу жоспары – 229,8 мың тонна, Шұбаркөл разъезінен – 258 мың тонна. Сондықтан мамандар көмір тапшылығы болмайтынын айтады.

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қақаған аяздан қысыл­май шығу үшін халықтың басым бөлігі ерте бастан қам­данады. Мәселен, мамыр-тамыз айларында 130 мың тоннадан астам көмір сатылыпты. Ал қазан айына жеткізу жоспары 64,5 мың тоннаны құраса, әзірге жеткізілгені – 6,5 мың тонна.

Облысқа тәулігіне орташа есеппен 23 вагон, нақтырақ айтсақ, 1 587 тонна қатты отын келіп түсуде. Жолда келе жатқан 124 вагон (8 556 тонна) көмір бар. Оның 66 вагоны – «Шұбаркөл»,  58 вагоны – «Қаражыра» көмірі. Аудан және қала әкімдіктерінің ақпараты бойынша қоймалар мен тұйық­тарда бір тонна көмірдің орташа бағасы 14 800-23 мың теңге аралығында болмақ.

Ал Талдықорған қаласы бо­йынша 11 тұйық жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін қала бойынша 30 мың тоннадан астам қатты отын са­ты­лыпты. Жолда 3 795 тонна бар.

«Тұрғындарды көмірмен қамту мәселесі әркез біздің на­за­ры­­мызда»,  деген жауапты ма­ман­­дар қазір тұйықтарда қатты отын­ның қоры жеткілікті екенін айта­ды. Қарапайым халық жетпей қалған көмірді қыста да алуы мүм­кін. Сондықтан тұйықтарда көмір қоры үнемі қадағалауда болады.

 

Жетісу облысы