Биыл газбен жабдықтау бағытындағы 14 жобаны жүзеге асыруға 5,8 млрд теңге қаралған. Оның 4,3 млрд теңгесі республикалық, 542 млн теңге облыстық бюджеттен бөлініпті. Облыс тұрғындарын газбен жабдықтауға түрлі бағдарламалардың да көмегі көп болып отырғандығы байқалады.
Елдегі азаматтардың жағдайын біршама жеңілдете түсетін бастамаға «Ауыл – ел бесігі» аясында 795 млн, ал «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 257 млн теңге қаралған.
Жыл басынан бері Қазалы қаласы, Шиелі ауданының Алғабас, Ақмая елді мекендерін газдандыру мен Тереңөзек кентіндегі кейбір көшелерге газ құбырын тарту аяқталып, пайдалануға берілді. Жаздан бері Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылын, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін газдандыру және Шиелі ауданындағы Тартоғай елді мекенінде АГТС орнату қолға алынған.
Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елді мекендерінде 2021 жылы басталған газдандыру жобасы келер жылы аяқталады. Қазір көшелерге құбырлар тартылып, ауыл халқы газ жағатын күнді асыға күтіп жүр.
Аймақ басшысының тапсырмасымен 2022-2025 жылдар аралығында 42 ауыл көгілдір отынға қосылуы керек. Жалпы, осы жылы өңірді газдандыру көрсеткішін 68%-ға жеткізу жоспарланып отыр.