• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қазан, 2022

Сырдағы «Бала барысы»

368 рет
көрсетілді

Қызылордада қала күні ая­сында түрлі іс-шара­лар, мәдени кештер ұйым­дастырылып, Сырдағы шаһардың әр күні жаңа­лық­қа толы болып тұр. Биыл астана болған Ақ­мешіттің мерекесі аясында тұңғыш рет «Бала барысы» байрақты бәсекесі өтті. Отыз спортшы қатысқан жас балуандар додасына бірқатар компания демеу­шілік жасады.

«Бала барысы» айға созыл­ған қала күні мерекесі аясындағы «Жастар карнавалы», «Сырдың қырық қазаны» жобасы, «Кітап FEST» кітап фестивалі, «Неге маған жырламасқа, Сырда ту­ған елімді» атты поэзия кеші, «Жас­тық шағымның куәсі – Қызыл­орда» ретро әндер фестивалі се­кілді түрлі мәдени көпшілік шара легін түйіндеген жарыс болды. Балалар арасында ұлттық спортты насихаттау бағытындағы бастамаға «Абай-Дәулет», «Ер-Ару», «Шаған құрылыс заттары» компаниялары қолдау танытты.

Балалар белдесуі өткен «Евра­зия» спорт кешені жан­кү­йерге толы болды. Жалпы, бұл аймақ осы уақытқа дейін спорт­тың қай түрінен де жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр.

Өткен ғасырдың сексенін­ші жылдары Сыр велоспорт­шы­ларының атағы алысқа кеткені белгілі. Тоқсаныншы жылдары гандболшы қыздарымыз талай жарыстан жүлдемен оралып жүрді. Қатарынан бірнеше чемпион шығарған аймақ ауыр атлетикасы туралы да айтарымыз бір бөлек. Қазір көгалдағы хоккейден Сыр спортшылары ел намысын қорғап жүр.

Ұлттық спорт түрлерінен де аймақ спортшыларының мерейі үстем шығады. Әсіресе, тоғызқұмалақтан топ басында келеді.

«Қазақстан барысы» сайы­сы алғаш ұйымдастырылған 2011 жылы қызылордалық Ұлан Рыс­құлов топ жарды. Ұланның жеңісті жолын жалғаған Еламан Ерғалиев, Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исағабыловтар бүгінде үлкен ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Осындай ағаларының жолын жалғамаққа талпынған «Бала ­барысы» турниріне қаты­су­шы­лар­ға Қызылорда қала­сының әкімі Асылбек Шәменов сәттілік тіледі.

– Осындай өрендер барда қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын боларына сенемін. Алдағы уақытта «Бала барысы» турнирінің дәстүрлі сипат алуына жүйелі жұмыстар жасалып, бұл байрақты бәсекеде танылған жас түлектер көптеген дүбірлі додада Алашқа олжа салады деп ойлаймын, – деді қала әкімі.

Жас балуандар бозкілемге спорт кешенінің ішіне бір-біріне қарама-қарсы тігілген қос киіз үйден шығып, өз қарсыласта­рын жеребе арқылы анықта­ды. Спортшылардың әрбір қимы­лы жоғары технологиялы VAR жүйесі арқылы бақыланып, ютуб арнасында тікелей эфир жүргізілді.

Тартысты бәсекені талант­ты ақын Ақжол Түменбай жүргі­­зіп, рухты сөздерімен балуан­дар­­ға дем беріп отырды. Әр бел­де­суі тартысты өткен турнирдің ақтық сынында кешен ішін жанкүйерлердің қиқуы кернеп тұрды.

Турнир нәтижесінде қар­мақ­шы­лық Бақытжан Арқар «Көрер­мен көзайымы» атанса, 50 мың теңге және «Қола белбеу» Қы­зылорда қаласының балуаны Исламбек Баймолдаевқа бұйырды. Жартылай жеңіс ұпа­йы­мен алда тұрып, соңғы сәтте ғана қарсыласына есе жібер­ген жаңақорғандық Дінмұхамед Ержанов 100 мың теңге мен «Кү­міс белбеуді» қанағат тұтса, 150 мың теңге және «Алтын бел­беуді» қармақшылық Әлихан Әлиасқаров жеңіп алып, арнайы жасалған ауыспалы «Тайтұяқты» иеленді.

Қала әкімдігінің ұйымдас­ты­руымен бұл бәсеке жыл са­йын өткізілетін дәстүрлі додаға айналмақ.

 

ҚЫЗЫЛОРДА