Жуырда Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында қоңыр үнді әрі әуезді қазақтың көне аспабы – жетігенге арналған әдемі кеш өтті.
Концерттік бағдарламада қазақ музыкасының дәстүрлерін көрсететін шығармалар – Ықыластың «Жез киік», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Динаның «Науысқы», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Ермұрат Есеновтің «Майра», Шолпан Қорғанбектің «Жүрек сыры», Поль де Сенневильдің «Wedding in the dream», Константин Шахановтың «Кельтские танцы» және т.б. отандық және шетелдік композиторлардың шығармалары орындалды.
Сазды кештің жеке орындаушысы – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этно-ансамблінің әртісі Гүлдана Нұрабаева. Әртістің айтуынша, жетіген – ерекше үнді аспап. «Жетігенге арналған шығармалар аз: бірнеше ғана жинақ бар. Сондықтан хрестоматияға енген әйгілі шығармаларды жетігенге ыңғайлап жасауды ұйғардым. Бұл аспапта классика да, халық музыкасы да керемет естіледі», деді ол.
Ал «Қорқыттың» көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек жас талант Гүлдана Нұрабаеваны жеке орындаушы ретінде көпшілікке таныстыруды көптен жоспарлап жүргенін айтты. «Концерттің басты идеясы – жеке аспап ретінде жиі естілмейтін қазақтың шертпелі көне аспабы жетігенді насихаттау», деді Ш.Қорғанбек.
Жалпы, аталған ансамбль әрбір әртісінің бір емес, бірнеше аспапты меңгеруімен ерекшеленеді. Осындай әмбебаптылық арқасында этно-ансамбль халық музыкасын кез келген құраммен орындай алады.