Қарағандыда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың есімі «Жұлдыздар аллеясына» жазылып, ескерткіш тақта ашылды.
Жұлдызды белгіні ашумен қатар, еске алу кеші көпшілік назарына ұсынылды. Онда композитордың туындылары да орындалды. Қызы Ләйла сөз алып, Құрмет кітабына әкесінің есімін жазды.
– Әр жағдайдың өз орны, уақыты бар. Бүгінгі шара сол өз орнында, өз уақытында іске асып отырғандай. 100 жылға жуық бұрын осы топырақта ұлы композитор, менің әкем Сыдық Мұхамеджанов дүниеге келді. Қарағанды шаһары – рухани-мәдени орталық. Менің әкем өмірге келген облыс орталығында тұратын, осы қаланы өркендетуге бар үлесін қосып жүрген жерлестеріме ризамын. Бірер жылдан кейін туғанына 100 жыл толатын әкемнің атаулы мерейтойы қарсаңында мынадай игі істі жүзеге асырған баршаңызға алғысым шексіз, – деді қызы Ләйла Сыдыққызы.
Айтулы шараға арнайы келген белгілі опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай композитордың төл туындыларын алғашқылардың бірі болып орындағанын еске алады. Сондай-ақ хас таланттың ескерткіші Қарағандыда орнатылып, концерт залына есімі берілсе дейді.
– 1981 жылы Ғабит Мүсірепов либреттосын жазған Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты» операсындағы бас кейіпкер партиясының алғашқы орындаушысымын. Ораториясын, «Жұмбақ қыз» операсында Адақты, Абай өлеңіне жазған циклін орындадым. Алда композитордың 100 жылдығы күтіп тұр. Соған орай Қарағандының бір әйдік ғимаратына, ол «Шалқыма» концерт залы ма, әлде басқа өнер ошағы ма, үлкен ордаға есімін беріп, туған жері Қарағандының қақ төрінен еңселі ескерткішін орнату керек. Композитор атында республикалық әншілер байқауын ұйымдастыру қажет деп білемін. Тұңғыш «Айсұлу» операсы Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры репертуарына тұрақты бекітіліп, сахнаға шығып тұрғаны жөн. 100 жылдығында ас ішіп, аяқ босатумен шектелмей, барлық шығармалары республикалық деңгейде насихатталып, орындалуға тиіс, – деді Кенжеғали Мыржықбай.
Сыдық Мұхамеджанов Қарағанды облысы, Шет ауданының тумасы. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор Е.Брусиловскийден композиция классы бойынша бітірген. Композитордың «Айсұлу», «Жұмбақ қыз», «Ақан сері-Ақтоқты» опералары, «Ғасырлар үні», «Шаттық мекені» симфониялары, «Дархан дала» симфониялық күйі, «Домбыраға арналған концерттер», «Қобызға арналған концерттер» туындылары, скрипка, қобыз, домбыраға арналған концерттері қазақ музыкасындағы ірі құбылыс деп бағалайды өнертанушылар.
Айта кету керек, 2024 жылы композитордың туғанына 100 жыл толады.
Қарағанды облысы