Дзюдодан Ташкентте өткен әлем чемпионаты аяқталған бетте IJF рейтингі қайта жаңартылды. Бұл жарыста Қазақстанның ерлер құрама командасы мүшелері арасынан ең үздік нәтиже көрсеткен Елдос Сметов екені белгілі. Аса жеңіл салмақта күрескен ол қола медальді мойнына ілді. Соның арқасында қандасымыз бірден 22 сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 16 орынды иеленуде.
Десек те Елдос өз салмағындағы еліміздің тағы бір танымал дзюдошысы Мағжан Шамшадинге әлі де жете алған жоқ. Мағжан өткен аймен салыстырғанда үш сатыға төмендегенімен, бұл күндері ол 12 орынды иеленуде. Бұл – отандастарымыздың арасындағы әзірге ең жақсы көрсеткіш! Осы салмақтағы Бауыржан Нарбаев 23 орынды еншілеуде. Десек те 60 кило салмақтағы нағыз тартыс әлі алда. Себебі үш балуанымыз бір-бірінен қатты ұзап кете алған жоқ. Ал Олимпия ойындарына бір салмақта бір ғана дзюдошының өнер көрсететіні белгілі. Сол себепті де алдағы рейтингтік турнирлерде, әлемдік және құрлықтық додаларда Елдостан бөлек, Мағжан мен Бауыржан да барын салатындары анық.
66 кило салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев әлем чемпионатының екінші кезеңінде сүрінгенімен, дүниежүзілік рейтингте төрт сатыға жоғарылады. Бүгінгі таңда ол 25 орынды иемденуде. 73 кило салмақтағы жағдай да дәл солай. Ташкенттегі жарыс Данияр Шамшаев үшін сәтсіз аяқталғанымен, жас дарын 39 орыннан 35 орынға көтерілді. Десек те отандық дзюдошыларымыздың арасынан бұл салмақтағы ең тәуір нәтиже Жансай Смағұловқа тиесілі. Сақа спортшы рейтингте 14 орынды иеленуде.
Өкіншке қарай, өзге татами шеберлеріміздің көрсеткішіне көңіл толмайды. Өзге салмақтағы ең мықты балуандардың нәтижесі мынадай: Абылайхан Жұбаназар (81 кило) – 63 орын, Ерсұлтан Мұзапаров (90 кило) – 38 орын, Дидар Хамза (90 кило) – 42 орын, Нұрлыхан Шархан (100 кило) – 46 орын, Ислам Бозбаев (100 кило) – 48 орын, Әділ Оразбаев (+100 кило) – 40 орын және Ғалымжан Қырықбай (+100 кило) – 46 орын.
ТОП-10 дзюдошы жайында айтар болсақ, бұл ретте Грузияның апайтөстері әлі де алдарына жан салар емес. Бір кереметі, аталған елдің өрендері барлық салмақ дәрежелерінде алдыңғы лектен көрінуде. Мәселен, 90 кило салмақтың озық ондығы қатарында үш грузин (Бека Гвиниашвили – 4 орын, Лука Майсурадзе – 5 орын, Лаша Бекаури 7 орын) еніп отыр. 60 кило (Лухуми Чхвимиани – 7 орын, Темур Носадзе – 8 орын), 73 кило (Лаша Шавдатуашвили – 2 орын, Георгий Терашвили – 10 орын), 100 кило (Илья Суламанидзе – 5 орын, Варлам Липартелиани – 10 орын) және +100 кило (Гурам Тушишвили – 2 орын, Гела Заалишвили – 6 орын) салмақтарда аталған мемлекеттің қос саңлағы иық тіресіп келеді. Ал 66 кило (Важа Маргвелашвили – 2 орын) және 81 кило (Тото Григалашвили – 1 орын) салмақ дәрежелерінде Грузияның бір-бірден өкілдері бар. Барлығы – 13 дзюдошы. Расында да, бұл көрсеткіше таңданбау және тамсанбау мүмкін емес.
Көршілерінен Әзербайжанның өр мінезді жігіттері де қалыспауға тырысуда. Қап тауы бөктерінде орналасқан бұл мемлекеттің жеті татами шебері ТОП-10-дықтың санатында. Үшінші орында – Жапония. Күн шығыс елінің алты өрені дәл сондай құрметке бөленуде. Сондай-ақ озық ондықтың қатарында мына мемлекеттердің де өкілдері бар: Ресей – 5, Бельгия, Моңғолия, Өзбекстан – 4, Оңтүстік Корея, Израиль, Бразилия, Нидерланд – 3, Италия, Куба, Испания – 2, Тайпей, Молдова, Украина, Аустрия, Түркия, Мажарстан, Португалия, Канада және Тәжікстан – 1 балуаннан. Өкіншке қарай, қазіргі кезде сол саңлақтардың санатына Қазақстанның бірде-бір дзюдошысы ене алмай отыр.
Әлемдік рейтингтің үздіктері
(ТОП-5)
60 кило: 1. Янг Юн Вей (Тайпей), 2. Наохисо Такато (Жапония), 3. Рюдзю Нагаяма (Жапония), 4. Йорре Ферстрэтен (Бельгия) және 5. Энхтайвани Ариунболд (Моңғолия).
66 кило: 1. Денис Виеру (Молдова), 2. Хифуми Абе (Жапония), 3. Ендонперенлей Басху (Моңғолия), 4. Ан Баул (Оңтүстік Корея) және 5. Важа Маргвелашвили (Грузия).
73 кило: 1. Цэнд-Очирын Цогтбаатар (Моңғолия), 2. Лаша Шавдатуашвили (Грузия), 3. Хидаят Гейдаров (Әзербайжан), 4. Тохар Бутбуль (Израиль) және 5. Сойши Хашимото (Жапония).
81 кило: 1. Тото Григалашвили (Грузия), 2. Маттиас Кассе (Бельгия), 3. Ведат Албайрак (Түркия), 4. Гильерме Шмидт (Бразилия) және 5. Саейд Маллаей (Әзербайжан).
90 кило: 1. Давлат Бобонов (Өзбекстан), 2. Маммадали Мехдиев (Әзербайжан), 3. Иван Филиппе Сильва Моралес (Куба), 4. Бека Гвиниашвили (Грузия) және Лука Майсурадзе (Грузия).
100 кило: 1. Жорж Фонсека (Португалия), 2. Майкл Коррел (Нидерланд), 3. Шади Элнахас (Канада), 4. Тома Никифров (Бразилия) және 5. Илья Суламанидзе (Грузия).
+100 кило: 1. Темур Рахимов (Тәжікстан), 2. Гурам Тушишвили (Грузия), 3. Энди Гранда (Куба), 4. Одхуу Цэцэнсенгэл (Моңғолия) және 5. Рафаэль Сильва (Бразилия).
Әйелдер дзюдосы жайында әңгімелейтін болсақ, кезінде Отгонцэцэг Галбадрахтың салып кеткен сара жолын Әбиба Әбужақынова мақтанарлықтай жалғастыруда. Биыл ол екі бірдей байрақты бәсекеде табысты өнер көрсетті. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтандағы Азия біріншілігінде күміс алса, Ташкенттегі әлем чемпионатында қола медальді мойнында жарқыратты. Соның арқасында Әбиба IJF рейтингінде 17 орынға жайғасты. Бұл – қазақстандық бұрымдылар арасындағы ең үздік көрсеткіш. Өзге салмақ дәрежесіндегі еліміздің ең мықты балуандарының нәтижелері мынадай: Гауһар Ирмағамбетова (52 кило) – 58 орын, Севара Нышанбаева (57 кило) – 37 орын, Мөлдір Нарынова (63 кило) – 64 орын, Анастасия Маякова (70 кило) – 81 орын, Аруна Жанкелдина (78 кило) – 38 орын және Камила Берліқаш (+78 кило) – 19 орын. Өздеріңіз байқап отырғандай, жерлестеріміздің арасынан тек Әбужақынова мен Берлікқаштың ғана нәтижелері көңіл көншітерлік. Ал басқа қыздарымыздың қарқыны тым баяу.
Бұрымдылар арасында Францияның екі өкілі әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Аманди Бушар (52 кило) мен Романа Дикко (+78 кило). Сондай құрметке канадалық Джессика Климкайт (57 кило) пен Катерин Бошемен-Пинар (63 кило) да бөленуде. Ал басқа салмақтарда жапониялық Нацуми Цунода (48 кило), хорватиялық Барбара Матич (70 кило) және бразилиялық Майра Агияр (78 кило) алдарына жан салмақ емес.