Адамзат үшін «Ахиллестің өкшесі» – бала. Тағдыр атты тарғыл ит осы жанды жерден қапқанда, өмірін сәбиінің садақасына байлап, Тәңірінен тек перзентіне ғұмыр сұрай жалбарынбайтын жұмырбасты пенде кем, сірә. Мойынға бұршақ тағып, тілеп алған шикіөкпенің дін амандығына мына дүниенің бар байлығы татымайды. Ал ауыр дертке шалдығып, жазмышы келте кембағал балаларға мойын бұрған біреу бар ма?
Шыны керек, қоғам оларды ұмыт қалдырған-ды осы күнге дейін. Ата-анасымен екеуі ғана дертімен алысып, жан тапсырып жатқан балдырғандар туралы қоғамның ми қатырар мұршасы да, ынтасы да жоқ-тын. Өркениетті елдердегідей балаларға паллиативті қызмет көрсетуге аса басын ауыртпаған-ды. Оған «түбі өледі» деген таяз түсінік әсер еткен де шығар. Тек енді ғана баланың бәрі бірдей екенін еске түсіре бастады. Содан барып, жан азабымен жалғыз алысқан балаларға паллиативті көмек көрсетудің қаттығы күн тәртібіне шықты...
Бұл қандай қызмет көрсету?
Паллиативті қызмет көрсетуге мұқтаж баланың тағдырын тәлкек етуге ешкімнің хақысы жоқ еді. Пешенесіне мына жарық дүниеде санаулы күні жазылғанын, өмірінің өлшеулі екенін іштей сезіп-білген сәби жүрекке жылылық пен мейірімді аяу адамдық емес. БҰҰ балаға паллиативті қызмет көрсетпеу – оны азаптаумен пара-пар деп ашық жариялаған.
Паллиативті қызмет – айықпас дертке шалдығып, ғұмырының санаулы күндері ғана қалған науқастарға ауру азабын азайтуды, көңіл күйін аулап, қолдау көрсетуді діттейді. Мұның ел арасындағы құлаққа сіңісті атауы – хоспис. Ересектерде ежелден бар. Ал кішкентайларға жоқ. Әйткенмен қоғам мұның керектігін сезінгелі қашан. Мұндай қызметтің түпкі ойы – балалықтың бал дәмін сезбей, жалғаннан жарығы ерте сөнгелі тұрған балаларға барынша жан-жақты қамқорлық. Былайша айтқанда, медициналық әрі эмоционалдық негізде дем береді. Келместің кемесіне ерте мінгелі жатқан жәудір көздерге жан жылуды жабыла төгуге тырысатын қызмет бұл.
Сең бұзылды
Мұндай қызмет жекелеген өңір түгілі елімізде әлі де толық жетілмеген. Қазақстаннан бұрын әлем бұл қызметке зәру қанша бала барын нақты айта алмайды. Бірақ халықаралық ұйымдар балалардың өмірін қиятын 600 диагнозды анықтап берген. Ал ажалмен бетпе-бет айқасқа әрбір 10 мың баланың оныншысы тап келеді екен. Қарағанды облысында өзге өңірлердегі секілді паллиативті көмек көрсететін орындардың тапшылығы бар. Тіпті қат десе де болады.
– Балаларға паллиативті көмек көрсету – әлемде, оның ішінде, Қазақстанда өзекті мәселе. Денсаулық сақтау министрлігі және Ересектер мен балаларға паллиативті көмек көрсету қауымдастығының көмегімен бірінші рет Жол картасы дайындалды. Қазір оны іске асыру жүріп жатыр. Сең енді ғана бұзылды. Қарағанды облысында балаларға паллиативті медициналық көмек көрсету қажеттілігіне талдау жасалды. Ондағы мақсат – ресурстарды қайта қарастыру және мұндай қызметке мұқтаж балалары толық қамту еді. Бұл қызметке жүгінген 122 бала бар екен. Талдау нәтижесі паллиативті орынның тапшылығын көрсетті. Мәселен, облыстық балалар клиникалық ауруханасында реанимация бөлімінде 3 бала жатыр. Өйткені паллиативті бос орын жоқ, – дейді Қарағанды облыстық мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қадиша Оспанова.
Бұл мәселенің шешімін депутат барлық қажеттіліктермен жабдықталған қосымша 8 орын ашу және балаларға паллиативті көмек көрсететін мобильді бригада, мультидисплинарлы топ жасақтаудан көреді. Сонымен қатар бар орындардың толық, талапқа сай жабдықталуы да маңызды болса керек.
– Облыстық мәслихат депутаттары Ересектер мен балаларға паллиативті көмек көрсету қауымдастығымен бірлесе, балаларға арнайы қызмет көрсететін интернат түріндегі медиктік-әлеуметтік мекемелердің жағдайын зерттеді. Тұрақты күтім керек 39 бала бар. Оларды арнайы тамақтандыруда, арнаулы матрастар беруде, оттегі концентраттарында проблемалар жеткілікті. Жеке палаталар қарастырылуға тиіс. Дәрігерлер мен медицина ұйымының қызметкерлерін паллиативті көмек көрсетуге оқыту қажет. Халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне паллиативті балалар жатқан интернат мекемелерге талдау жүргізіп, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, шаралар жоспарын жасауды ұсынамыз. Бұл проблеманың бәрін 11 қазанда Сенат депутаттары мен Денсаулық сақтау министрлігі алдында баяндадым, – дейді Қадиша Оспанова.
Аймақ – алғашқылардың бірі
Қарағанды облысы – Алматыдан соң бұл проблемаға жіті назар аударған өңірдің бірі. Балаларға паллиативті көмек көрсетуді ұйымдастыру және жетілдіре түсу аймақта ұдайы талқыланып келеді. Қазіргі таңда қауымдастық Қарағанды медицина университеті және Қарағанды интерколледжімен ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Паллиативті медицинаға» мамандану бағытында 17 дәрігерді оқытты. Сонымен бірге медициналық университеттің базасында зерттеу жүргізу, дәрігерлер мен орта білімді медицина қызметкерлерін даярлау жоспарда екенін айтады Қадиша Базарбайқызы.
Мамандықтар номенклатурасына паллиативті көмек бойынша балалар және ересектер дәрігерін, паллиативті көмек көрсету дәрігерінің біліктілігі сипаттамасын енгізуді сұрайды. Сондай-ақ паллиативті көмекке мамандану үшін сертификатталған білім беру бағдарламасын дайындау сынды бірқатар маңызды мәселені атап отыр.
– Балалар паллиативі негізінде пациенттің санатын көрсететін алгоритм әзірлеу қажет. Денсаулық сақтау басқармасы тек қатерлі ісіктерді анықтайды. Басқаларын есепке алмайды. Себебі олар балалардың паллиативіне нені жатқызуды білмейді. Паллиативті қызмет көрсету жөнінде науқастарға арналған емханалар жанындағы күндізгі стационарларды ұйымдастыруда нормативтік-құжат актілеріне толықтырулар енгізу керек, – дейді Қадиша Базарбайқызы.
Қарағанды облысы