Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге. Мұны қазақтың көрнекті қаламгері Жүсіпбек Аймауытұлы айтқан еді. Осы өнеге көрсетуде ұлт қандай қарекет етіп жатыр? Биыл жетісулықтар кішкентайларға арнап әртүрлі іс-шара ұйымдастырған. Бұл ретте Балалар жылына баса мән берген көксулықтардың үлесі мол.
Көксу аудандық білім бөлімінің мұрындық болуымен биылғы оқу жылында игілікті істер жоспарланып, бірқатар шара өткізілген. «Балалар әлемі» жобасы аясында 3-10 сынып оқушыларының арасында «Балалар оқулары» байқауы, айтулы датаға тұспа-тұс келген тұлғалардың мерейтойларына байланысты эссе бәйгелері, «Ақберен» сайыстары ұйымдастырылған. Аудан мектептерінің аулалық клубтары арасында кіші футболдан жарыс өткен.
Аудан әкімі Марлен Көлбаевтың бастамасымен аудан көлемінде, әр ауылдық округте ашық аспан астында оқушыларға мультфильмдер мен қазақы құндылыққа негізделген алуан түрлі кино көрсетілген. Сонымен қатар «Үздік оқушылар» клубы құрылған. Бұл клубтың мақсаты – әр пәннен, әр саладан озық шыққан оқушылардың нәтижесін насихаттау және іс-шараға тарту.
«Әр аптаның сәрсенбі-жұма күндері сағат 15:00-де аудандық Мәдениет үйінде балаларға арналған мультфильмдер мен кинофильмдер көрсетіледі. Көрсетілім тегін ұйымдастырылады. Мұның барлығы – балаларымыздың бос уақытын пайдалы әрі көңілді өткізуге арналған іс-шаралар. Мәдениет үйі балаларды асыға күтеді, арасында викториналық ойындар ойнатылып, сыйлықтар да таратылады. Сондықтан балаларыңызды алып келіңіздер, бір қуанып, демалып қалсын», дейді М.Көлбаев.
Білім сайысы, спорттық және мәдени іс-шаралардың басым бағыты Балалар жылына орай жоспарланып, ел Президенті міндеттеген тапсырма аясында жүзеге асырылып келеді. Бала құқығын қорғау, жан-жақты дамытуға бағытталған жобалар мен шаралардың көптігі көңіл қуантады. Алдағы уақытта да балалардың қызығушылығын арттыратын, шығармашылыққа баулитын түрлі челлендждер мен жобалар жоспарланып отыр.
Жетісу облысы