• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2014

Қыстың қамы қазірден

464 рет
көрсетілді

Өңірде қалыптасқан дәстүр ол жылу беру маусымында апаттық жағдайларға жол бермеу, тұрғындарға қажетті жылу мен ыстық судан кідіріс болдырмау болып табылады. Бұл әрине, оңай шаруа емес. Сондықтан облыс басшылығы бұл мәселені ең бірінші кезекте, қатаң бақылауда ұстайды. Жылу беру маусымы аяқталмай жатып-ақ алдағы қысқа дайындық басталып та кетті. Оны осы мәселе күн тәртібіне шығарылған облыстық жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков жеткізді. Оның айтуынша, бұл бағыт­та атқарылған жүйелі жұмыс­тардың нәтижесінде облыста жы­лу беру маусымы ойда­ғы­дай аяқталған. Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық нысандарындағы жұмыстарды орындау үшін қаржыландырудың барлық көздері есебінен 8,6 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 2,1 млрд. теңге отынның нормативті қорын жасақтауға жұмсалған. 2013 жылы жылыту маусымының ойдағыдай өтуі үшін 127 қазандық, 281,7 шақырым жылу жүйесі, 216 шақырым су желісі-кәріз құбырлары жөндеуден өткізілді. 1905,2 шақырым электр желісінің, сондай-ақ, 9 денсаулық сақтау, 161 білім беру нысандарының, 1014 тұрғын үйдің қалыпты тір­шілік қызметі қамтамасыз етіл­ді. Бюджеттік ұйымдарға 51,4 мың тонна қатты отын және 10,7 мың тонна дизель отыны жет­кізілді. Былтыр Ақтөбе, Алға қалаларында, Шұбарқұдық поселкесінде жылу желілері қайта құрылымдалды. «Трансэнерго» АҚ-та жөндеу жұмыстарын жүр­гізуге бюджеттен қаржы бөлу шаралары қабылданды, соның нәтижесінде 12,6 шақырым жылу желісі жаңғыртылды. Қазіргі уақытта жергілікті билік органдары келер қыстың қамын ойластыруда. Атқа­рылатын шаруалар аз емес. Оның ішінде күрделі жұмыстар да жеткілікті. Үстіміздегі жылы 153 бу қазаны, 237,8 шақырым жылу желісі, 114,3 шақырым су-кәріз құбыры, 557,5 шақырым электр желісі , 194 білім, 56 денсаулық сақтау және 64 басқа да әлеуметтік нысан, 51 көп қабатты тұрғын үй жөнделуі тиіс. Бұл ретте «Энергосистема» ЖШС, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалы, «Ақтөбе жылу-электр орталығы», «Ақбұлақ», «Трансэнерго» акционерлік қоғам­дарының алдағы қысқы мерзімде қалыпты жұмыс істеуінің нақты шаралары алынуда. Қажетті қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары әне-міне бас­талады деп күтілуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.