• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қазан, 2022

Қол жетпейтін «қолайлы орта»

178 рет
көрсетілді

Абай облысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қордаланған мәселесі аз емес. Барлығына теңдей қо­лайлы ортаны қалыптастыруға байланысты ұсыныстар мен тілектерді өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев тыңдап қайтты.

Облыс әкімдігінің мәлі­метіне сәйкес, қазір өңірде мү­ге­дектігі бар адамдар үшін қолайлы ортаны құруға байланысты жұмыстар қолға алынды. Мәселен, 2025 жыл­ға дейін мемлекеттік қызмет көр­се­тетін 575 нысанды бейімдеу жос­парланып отыр. Бұл туралы өңір басшысы айтты. Ол ерекше қажет­тіліктері бар азаматтардың кез келген мәселесін жедел шешуге арналған үйлестіру кеңесін құру жөнін­дегі бастаманы қолдайтынын жет­кізді.

Қазір облыста «Инватакси» қыз­­ме­тінің 15 автокөлігі жұ­мыс істеп келеді. 841 орынға шақ­­талған 5 облыстық меди­ци­налық-әлеуметтік ұйым, сон­дай-ақ күндізгі және үй жағ­дайындағы 4,2 мың адамды қамтитын 13 аумақтық орта­лықтың қызметі жолға қо­йылған.

Мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың мүдделерін қорғай­тын қоғам бел­сен­ділері облыс әкіміне олардың өзекті мәселелерін жедел шешетін үй­лестіру кеңесін құруды ұсын­ды. Өз тарапынан өңір басшысы бұл бастаманы тек қолдайтынын, сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды қар­қын­датуға дайын екенін жеткізді.

Қоғаммен байланысты кү­шей­тіп, туындаған проблемаларды қадағалау мақсатында Н.Ұранхаев ерекше қажеттілігі бар Руслан Ерем­ба­евты өзінің штаттан тыс ке­ңес­шісі етіп тағайындады.

«Облыс құрылған сәттен бастап ерекше қамқорлықты қажет ететін балалардың ата-аналарымен бірнеше рет кездестім. Сіздердің өзекті мәсе­ле­леріңізді білеміз, ха­бар­дар­мыз. Оларды кезең-кезеңі­мен шешуге ден қойылады.

Халықтың қозғалысы баяу топ­та­рының жүріп-тұруына ыңғай­лы болуы үшін кедергісіз орта қалыптастыруға күш салынады. Ерекше қажеттілігі бар адамдардың қоғамдық көлікте тегін жол жүруіне байланысты, сондай-ақ оңалту, медициналық қызмет көрсету бойынша мәсе­лелер пысықталатын болады», деді Н.Ұранхаев.

Қазір Қарағайлы шағын ауда­нында 150 орынға арналған Оңал­ту орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, Семейдегі №1 арнаулы әлеу­меттік қызметтер көр­сету орта­лығы мен Үржардағы бала­лар орталығына қосымша корпус салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Бұл ретте өңірде ерекше қажет­ті­ліктері бар 28 мыңнан астам адам тұратынын айта кет­кен орынды. Оның 3 мыңы – балалар. Таяу­да халықтың баяу қозғалатын топ­та­ры­ның ыңғайлылығы үшін аспалы көпір астындағы қоғамдық ке­ңіс­­тік­те жаяу жүргіншілер өтке­лі салынды.

Қазаннан бастап өңірде «Қа­йы­рым­дылық айлығы» акция­сы бас­талып, оның аясында бір­қатар жұ­мысты іске асыру көз­дел­ген.

Осы орайда биыл облыс ор­та­лы­ғында балаларды оңалту ор­та­лы­ғы және балаларға ар­налған «Қам­қор­лық» ерте араласу орталығы ашылғанын айта кетейік.

 

Абай облысы