Өрт 17 қазан күні таңертең сағат 10:00 шамасында Ақсай шатқалында басталған. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, кезекші бөлімшенің басқару пультіне Райымбек ауылдық округі, Көкласай саяжайы маңында өрт шыққаны туралы хабарлама таңғы сағат 10.00-де түскен.
«Оқиға орнына дереу Төтенше жағдайлар департаментінің 12 қызметкері мен үш арнайы техника жөнелтілді. Сонымен қатар Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің 20 қызметкері мен арнайы төрт өрт сөндіру техникасы жіберілді.
Өрт сөндірушілері аталған орынға 10.39-да жеткен. Кейін тау баурайында, шамамен 10 га аумақта шөп бағанасында өрт шыққаны анықталды. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», деді министрліктің баспасөз қызметі.
Қазір өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда.