Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Табиғатта қоқысқа жол жоқ!» бірыңғай ұлттық экологиялық акциясын өткізуді ұсынған болатын. Бағалы бастама Ақмола облысы тұрғындарының тарапынан да қызу қолдау тапты.
Облыс орталығында мұнтаздай тазалықты мұрат тұтқан акцияның алғашқы кезеңі мейлінше ұйымшылдықпен өтті. Бұл күні мемлекеттік қызметшілер, студенттер мен білім алушылар, белсенділер мен еріктілер жұдырықтай жұмылып, шағын қаланың іші мен сыртын тап-тұйнақтай етіп тазалады. Аталған акцияның негізгі мақсаты – өздері тұрып жатқан елді мекенді түрлі қоқыстан тазарту ғана емес, жалпы жұрт, қалың қауымның бойындағы экологиялық мәдениетті жетілдіру.
Көкшетау қаласының іргесіндегі тойған қозыдай томпайып жатқан Бұқпа тауының баурайы соңғы кезде ыбырсып кетіп еді. Оған себеп келімді-кетімді кісінің көптігі және олардың тәртіп пен тазалықты сақтай бермейтіні. Ұйытқыған жел де иен далада шашылып жатқан полиэтилен пакеттер мен қағаздарды ұшырып әкеліп жатаған таудың ығына шашып тастайды. Жұмыс жетерлік. Тазалайтын жердің аумағы атшаптырым. Әйтсе де, «жас келсе іске» деген емес пе, алғашқы бетте-ақ бойларында күш-қуаты тасып тұрған жас толқын етпісірім уақыт ішінде тау баурайын жалтыратып тазалап шықты.
– Өз басым осындай иманды шаруаға қатысуға әрдайым әзірмін, – дейді жергілікті университет студенті Ілияс Қажыбаев, – әкем орманшы болғандықтан табиғатты тазалау перзенттік парызымыз екенін жастайымыздан көкірегімізге тоқып өстік. Құрбыларыма да экологиялық мәдениетті арттыру маңызды екенін үнемі айтып отырамын.
Акцияны экологтер мен қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері бастады. Олар облыс орталығындағы ең ластанған жерлерді тазартуды қолға алды. Мұндай жұмыс төрт жерде ұйымдастырылды. Бұқпа тауының баурайында, «Алаш арыстары» саябағында, Қылшақты өзенінің жағалауында және Шахмет Құсайынов көшесі бойындағы жеке секторда табиғат тазалығы, қала көркі үшін тегеуірінді жұмыс жүргізілді. Өз өлкесінің өңі жарқырап жайнап тұрғандығын қалайтын облыс тұрғындары осындай бағалы бастаманы іле қолдап, бар күш-мүмкіндіктерін жұмылдыруда. Ізгі ниетті іс жалғасын тапса, Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген дала сәуірдің ақ жауыны жуғандай ажарлы кейіпке енер еді.
КӨКШЕТАУ