Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар барысын халықаралық қоғамдастық жіті қадағалап, Әділетті Қазақстан орнату жолындағы батыл қадамдарға қолдау білдіріп, үлкен үміт артып отыр.
Биылғы 5 маусымда Ата Заңға өзгерістер енгізу жөніндегі бүкілхалықтық референдумға әзірлік пен оны өткізу барысын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясы бастан-аяқ байқаған болатын. Арада төрт ай өткенде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына аталған референдумның нәтижелерін бағалау бойынша қорытынды есебін жолдады.
Онда әуелі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өзінің Референдумды бағалау миссиясы (РБМ) Қазақстандағы референдумды байқау үшін мемлекет басшылығының шақыруы бойынша елімізде биылғы 24 мамырдан 9 маусымға дейін болғанын атап өткен. Бұған қоса Қазақстан билігіне референдумды байқауға шақырғаны үшін, сондай-ақ Орталық референдум комиссиясы (ОРК) мен төмен тұрған комиссияларға және Сыртқы істер министрлігіне ынтымақтастығы мен көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқан. Сондай-ақ ұлттық және өңірлік мемлекеттік мекемелердің, саяси партиялардың, сот органдарының, азаматтық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының және халықаралық қоғамдастықтың өкілдеріне өз көзқарастарын бөліскені үшін ризашылық білдірген.
Бұл ретте Тамаш Месерич басқарған РБМ-ға ЕҚЫҰ-ға мүше тоғыз мемлекеттен тоғыз сарапшы енгізілгенін айта кеткен жөн. Олар еліміздің 17 өңірінің 5-еуінде болды. Төрт өңірдегі (Астана, Алматы қалалары және Ақмола, Алматы облыстары) сайлау учаскелеріндегі референдум барысын байқап, осы үдерістің ЕҚЫҰ міндеттемелері мен басқа да халықаралық міндеттемелерге және демократиялық сайлау стандарттарына, сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкестігін бағалаған.
Ресми құжатта ОРК, аумақтық, учаскелік референдум комиссиялары қажетті ресурстармен қамтамасыз етілгені, сондай-ақ тиімді, уақтылы және елеулі дәрежеде ашық жұмыс істегені атап өтілген. «Мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар үшін референдумның қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша көптен күтілген шаралар қабылданды. ОРК жеті мүшесінің екеуі және төменгі деңгейдегі комиссиялардың мүшелерінің үштен екісінен астамы әйелдер болды. ОРК сайлаушылар үшін референдумның өтетін күні мен дауыс беру үдерісі туралы әртүрлі әрі жан-жақты ақпараттық науқан өткізді», «Референдум күні тыныш өтті. Сайлау учаскелерін ашу, дауыс беру және дауыс санау ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы байқауға алған учаскелерде тиімді ұйымдастырылды», «Сайлау комиссиялары референдумды тиімді және белгіленген мерзімде өткізді», делінген қорытынды есепте. Орталық референдум комиссиясының барлық мүшесі саяси партиялардан шыққаны оң өзгеріс ретінде атап өтілген.
«ОРК төмен тұрған комиссиялармен бірге референдумға әзірлік жұмыстарының барлығын тиімді де заңда көрсетілген мерзімде басқарды. ОРК осы процестің ұйымдық және материалдық-техникалық аспектілерін түсіндіретін 23 қаулы қабылдады. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ референдум күніне дейін үш өңірдегі төмен тұрған комиссияларда болғанында, олар уақтылы жұмыс істеп жатты әрі жеткілікті ресурстармен қамтамасыз етіліп, жоғары жақтан келген ақпараттың сапасына және көрсетілген қолдауға қанағаттанушылық білдірді. ОРК референдумға дайындықтың техникалық процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету шараларын қолданды, соның ішінде мемлекеттік органдар үшін жүйелі отырыстар өткізу жолымен және қалың жұртшылық үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы. Журналистер отырыс соңында сұрақ қойды. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ ОРК-нің барлық отырысына шақырылды», делінген қорытынды есепте.
Сонымен қатар ОРК заңсыз бюллетень тастау дерегі тіркелуіне орай Алматы қаласының бір сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижесін жоққа шығарғаны және Бас прокуратураға болған істі одан әрі тергеу үшін шара қолдану, сондай-ақ әлеуметтік желілерде осындай бұзушылықтар мен отбасының атынан дауыс беру жайлы бейнероликтерге қатысты тергеу жүргізу жөнінде жүгінгені атап айтылыпты. Бұған қоса, қорытынды есепте: «Бертінде қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның кейбір бұрынғы ұсынымдарына сәйкес сайлауға байланысты дауларды шешу механизміне оң өзгерістер енгізді. Сайлаушылар референдумның барлық аспектісі бойынша шағым беруге құқылы болды. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ референдум өткен күннен кейін жорамалданған бұзушылықтар хақында ОРК-ға – 6, ал әкімшілік соттарға 3 шағым түскені туралы хабардар етілді», делінген ресми құжатта.
Сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ресми құжатында: «Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың «Жаңа Қазақстан» құру, соның ішінде президенттіктің ықпалын азайту, басқа институттарды нығайту мақсатында мемлекеттік билікті қайта бөліп теңестіру жөніндегі ұсыныстарын қолдауына арнап ұсынылған 33 конституциялық өзгерісті бекіту жөніндегі референдумды міндетті түрде өткізуге шақырды. Жыл басындағы қаңтар оқиғалары кезіндегі саяси сілкіністер мен зорлық-зомбылық әрекеттерден кейін қолға алынған конституциялық өзгерістер енгізу бастамасына ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ сөйлескен адамдардың көбі қолдау білдірді», деп атап көрсетіпті.
Сонымен қатар ЕҚЫҰ/ДИАҚБ кейбір сыни ескертпелер де жасапты. Әрине, олар тәуелсіздік алғанына небәрі 30 жыл болған әрі «суперпрезиденттік» авторитарлық жүйеде өмір сүріп келген Қазақстанның өзіндік ерекшеліктерін ескеріп айтылды деу қиын. Мысалы, «Референдум шынайы саяси плюрализм жоқ жағдайда өткізілді. Белсенді «Қарсы» науқаны мен ұсыныстардың мән-мағынасы бойынша мазмұнды саяси дебаттар болмады», дейді еуропалық сыншылар. Әлбетте, мұндай сынды «кәрі дүниенің» демократиясы дамыған елдеріне қатысты айтуға болар. Ал халқымыз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформаларды қуана қабыл алып, «Бұған да тәубе» деп отырған қазіргі кезде «Қарсы» науқанын ұйымдастырудың өзі қисынға келмейтін сияқты. Оның үстіне, «Республикалық референдум туралы» заң қабылданғаннан бергі 27 жыл ішінде елімізде мұндай ауқымды саяси іс-шара бірде-бір рет өткізілмегенін де ескерген жөн.
Дегенмен «Алайда Орталық референдум комиссиясы түзетулердің мән-мағынасы және олардың салдары туралы сайлаушыларға түсіндіру жұмыстары үшін жауапты болған жоқ. Бұл міндет бірқатар мемлекеттік органға бөліп берілді. Бұл органдардың бірде-біреуі сайлаушыларға конституциялық түзетулердің артықшылықтары туралы еркін пікір қалыптастыратындай теңдестірілген және бейтарап ақпарат бере алған жоқ. Мұның өзі озық халықаралық практикаға қарама-қайшы келеді», деген сынмен келісуге болар. Мұндайда қазекем: «Қойшы көп болса, қой арам өледі», дейді.
«Референдум туралы заң референдум өткізу үшін ең төменгі шектерді белгілейді, бірақ ол ескірді, ал маңызды аспектілер реттелмей қалып отыр. Мысалы, заң референдум өткізу туралы ұсынысты жақтаушылар мен қарсыларға тең мүмкіндіктер туғызу сияқты маңызды мәселелерді ұмыт қалдырған немесе жалпы қағидаларды енгізген», деген сын да әділ деп білеміз. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-тың: «Байқаушылар референдумға байланысты іс-қимылдар болып жатқан орындардың бәрінде (мысалы, дауыс санау және тексеру кезінде) болу мүмкіндігіне ие болуға тиіс. Ал байқаушылар болмауға тиіс орындар және оның себептері заңда айқын көрсетілуге тиіс», деген ұсынымы да орынды деп ойлаймыз.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ тарапынан жасалған осындай сыни ескертпелер алдағы уақытта сайлау заңнамасын жетілдіру барысында ескерілуге тиіс.