• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Қазан, 2022

89-маусым: Жаңа жоба, соны леп

356 рет
көрсетілді

Ұлт мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 89-маусымның шымылдығын ашып, көрерменімен қауышты. Жаңа маусымның ашылу салтанатына Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов бастаған өнер қайраткерлері мен қала жұртшылығы қатысты.

Қара шаңырақ ұлттық оркестрдің маусымашар концертінде өнер ұжымымен бірге «Аванти» тенорлар триосы, Әсел Рақымжан, Аружан Төлепберген, Әзиза Әбдірейім, Мадина Ерланова сынды жеке орындаушылар ән айтып, жаңалыққа толы жаңа маусымның алғашқы кешін бастады.

Айта кетейік, Қазақстанның аспаптық музы­ка­лық өнер тарихындағы тұңғыш оркестрдің жаңа маусымдағы жаңалығы көп. Соның ішінде ауқымды жоспарларға тоқталсақ, Қали Жантілеуовтің 120 жылдығы, Құрманғазы оркестрін әлемге әйгілі еткен кәсіби дирижер Шамғон Қажығалиевтің 95 жылдық мерейтойы, Республикалық «Шертпе күй» фестивалінің ұйымдастырылуы болмақ.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық ха­лық аспап­тар оркестрінің директоры Медет Қуанышев кезекті маусымның шығармашылық ты­нысына тоқталды. «Ұлттық оркестр болған­дық­тан әр жыл сайын жаңа маусымды ерекше дайындықпен бастаймыз. Маусымашар концерт біз үшін үлкен мереке десек те болады. Жаңа жоспарлар, жаңа леп, жаңа толқынмен оркестрді тағы бір биікке көтеру үшін қадам басамыз. Сондай-ақ маусымның ашылуына Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов бастаған бір топ өнер қайраткерлері келді. Маусымашар концертімізге келіп, қол­дау көрсеткен барша қонақтарымызға ерекше алғысымды білдіремін. Айта кететіні, біз өз көрермендеріміз бен өнерсүйер қауымды қуанту үшін жаңа шығармаларды дүниеге әкелуден талмаймыз», деді.

Ал аталған өнер ұжымының бас дирижері Абылай Тілепберген алдағы фестивальдің республикалық маңызын атап өтті. «Жаңа мау­сым ірі жаңалықтарға толы болады деп үлкен сенімділікпен айта аламын. Жаңа маусымның басты оқиғалары – Құрманғазы оркестріне елеулі еңбегі сіңген тұлғалардың мерейтойларымен қатар «Шертпе күй» республикалық фестивалі болады. Фестиваль-конкурс арқылы қазақ жерінің түкпір-түкпіріндегі үлкенді-кішілі елді-мекендердегі шын таланттарды бәйгеге қосып, үздігін анықтаймыз деген ойдамын. Маусымның ашылуы тек оркестрдің ғана емес, оркестр көрермендерінің де үлкен қуанышы деп білемін», деді бас дирижер.