Қарты бар үйдің қазынасы бар. Осы ойлы сөзден қуат алған Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Ұрпақтар сабақтастығы» акциясын ұйымдастырды. Іс-шара аясында азық-түлік себеттерін табыстап, оқушылар қарттардан бата алды.
Тыл еңбеккері Бисұлу Уәлиева биыл 93 жаста. Ақсу ауылының тумасы, қазіргі таңда немересінің қолында тұрады. Бисұлу әженің балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келгендіктен оқушыларға соғыс кезіндегі қиын-қыстау заманда қалай өмір сүргенін, отбасын асырау үшін бір уыс бидайды көмір астына тығып жүріп әкелетінін айтып берді. Осы қиындықтарға қарамастан, Бисұлу әже бүгінгі тоқсанның төріндегі жасқа жеткен.
«Еліміз тыныш болсын. Менің өмірімде болған қиындықтарды жас ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» деп оқушыларға ақ батасын берді қария.
Жалғызбасты зейнеткер Бибінұр Ибраимоваға зияткер еріктілердің ықыласы қатты әсер етті. Бибінұр әже – 72 жаста, педагогика саласының ардагері. ҚазМУ-ді бітірген, облыстық мұғалімдерді жетілдіру институтында қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Сонымен қатар қалалық білім бөлімінде кинотеканың директоры болып қызмет атқарған.
«Аға ұрпаққа мейірімділік өте қажет. Ата-апалар бізді еңбексүйгіштікке, отбасына, Отанға адал болуға тәрбиелейді. Бірақ, өкінішке қарай, біз кейде егде адамдар үшін мемлекет тарапынан қолдау ғана емес, қарапайым көңіл бөлу де маңызды екенін ұмытып кетеміз», дейді NIS оқушылары.
Оқушылар зейнеткер Ләззат әженің үйіне де кіріп шықты. Олар осы іс-шара аясында бір жағынан қайырымдылық жасағандарына қуанғанымен, екінші жағынан зейнеткерлердің қандай жағдайда өмір сүріп жатқанына алаңдаушылық танытты. Өміріндегі қиын жағдайға байланысты Ләззат әже баспанасыз қалған. Бірақ ауыл әкімдігінің көмегімен Көктал ауылынан жаңа үй салуға жер телімі берілген. Қазіргі уақытта тұрғындардың күшімен іргетасы көтеріліпті.
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен ата-аналары жыл сайын ардагерлерге, қарияларға көмек қолын созады.
Жетісу облысы