Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының басымдықтарын жүзеге асыру мақсатында өңіріміздің бір топ жастары еліміздің ежелгі қалаларының бірі санатындағы – Тараздың тарихи нысандарымен танысып қайтты.
Жас көкіректегі рухани байлықтың еселенгені, көкжиегінің кеңігені қандай тамаша. Білмекке құмар топтың құрамында жастар ұйымдарының көшбасшылары, белсенділер мен еріктілер, жастармен жұмыс істейтін әрқилы мекемелердің қызметкерлері болды. Олар екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз қаласының уақыт шымылдығы көлегейлеген қисапсыз мәдени ескерткіштерімен танысып, есте жоқ ескі кезеңнің сан-салалы сорабын аралап, замананың жарқын бейнесін көңілдеріне тоқып оралды. Қазір ерекше естерінде қалған Айша бибі кесенесі туралы ауыздарының суы құрып әңгімелеп жүр. Айша бибі кесенесі – Орта Азия аумағында ғана емес, ЮНЕСКО-ның адамзаттың аса құнды және сәулет ескерткішінің тізіміне енген жалғыз ескерткіш.
Жоба барысында Ақмола облысының делегациялары «Ақыртас», «Тектұрмас» этно-тарихи кешендері мен «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде, Әулие ата мешіті мен Қарахан кесенесінде болыпты. Ғашықтар аллеясын аралап, Жеңіс саябағында тыныстаған. Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне орнатылған монумент түбінде ойға шомып, ел ертеңін түйсінген. Жалғыз өткеннің өнегесін ғана емес, болашақтың бағдарын да бағамдаған. Қалай болған күнде де игі сапардан тарихи танымдарын кеңейтіп, көкіректерінде туған жерге деген сүйіспеншілікті молайтып оралғандары анық. Бұл бір рухани әлемімізді нұрландырған, жан-дүниемізді еліміздің өткен тарихымен кемелдендірген сәтті сапар болды деседі олар.
Ақмола облысы