Ежелден елдік мәселелер биік мінберде көтеріліп, халықтың сөзі алқалы жиындарда айтылып келеді. Тұтас ұлттың тағдыры таразыға түскенде айтылған сөз бен талқыға түскен ұсыныс-пікірдің тарихта алар орны ерек. Күні кеше қайтадан егемен елдің еңселі мерекесіне айналған Республика күнінің тағдыры да осындай алқалы басқосулардың бірінде шешілген еді. Нақтырақ айтсақ, ел тәуелсіздігін жариялауға негіз болған тарихи күн туралы жылдар өткеннен кейін ұлт ұясы – Ұлытаудағы құрылтайда айтылды.
Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнінің ұлттық мереке мәртебесіне ие болуы тарихи зор мәнге ие екенін мәлімдеді. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген Президент: «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деген еді.
Көп ұзамай Парламент 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгілейтін құжатты мақұлдады. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып қалды. Ал 25 қазан – Республика күні биылдан бастап жоғары деңгейде аталып өтеді.
Тарихтан белгілі, 25 қазанда қазақ елі Егемендік декларациясын жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады. 1990 жылы қабылданған Егемендік декларациясы – күллі қазақ үшін қастерлі құжат. Себебі дәл осы 1990 жылғы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің шешімімен қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның өмірге келуі әлем алдында мемлекетімізді дербес ел ретінде танытқан маңызды қадам болатын.
Аталған құжат Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді.
Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгеріс енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет Қазақстан Республикасының негізі қаланды.
Бір жыл өткеннен кейін, дәлірек айтсақ, 1991 жылдың 9 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Халық депутаттары өкілдерінің жиналысы өткен еді. Осы жиында сөз сөйлеген депутаттар – Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев декларация қабылданғаннан кейін шешілуге тиіс елдік мәселелерді – мемлекеттің атауы, елтаңбасы мен туын белгілеу секілді маңызды мәселелерді ортақ талқыға салады.
Сөзбе-сөз сақталған осы жиналыстың стенограммасын «сөйлетер» болсақ, Cұлтан Cартаевтың мінберде тұрып егемен еліміздің гербі мен туының алғашқы нұсқаларын жасау туралы маңызды мәселе көтергенін аңғаруға болады. Депутат: «Енді осы жерде жолдастар айтқан республикамыздың туы және гербі туралы. Кезінде Е.Асанбаев жолдас маған осы мәселеге қатысты қағаздарды жинақтауды тапсырған еді. Қазір ол қағаздың бәрі менің қолымда. Біз Асанбаев жолдаспен және кейбір әріптестермен бірге барлық жобаны қарап шықтық. Алайда олардың арасында бірде-бір нағыз лайықты жоба болмады. Сондықтан біз еліміздегі жетекші сәулетші және мүсіншілердің біріне тапсырма бердік. Сол маман республикамыздың гербі мен туының ондаған нұсқасын дайындады. Егер сіздер рұқсат берсеңіздер, еліміздің туы мен гербін таңдау үшін сол нұсқаларды осы жерде көрсетсем деймін. Мен қараған нұсқалардың арасында жақсы жобалар да бар. Мүмкін солардың бірін таңдауға болатын шығар. Ең басты айтайын дегенім, бүгін бәрін толғандырып жүрген аса маңызды мәселелерді көтеріп, сөз сөйлеген жолдастарға басымды иемін», дейді.
Ал Манаш Қозыбаев республикамыздың атауына қатысты алаңдаушылығын білдіріп, егемендіктің ең басты нышандары – ту мен гербтің тағдырын созбалаңға сала беруге қарсы шығады. «Егер Қазақстан егемен, тәуелсіз мемлекет, республика ретінде қалатын болса, онда ол өзінің тәуелсіздігін жариялауы керек. Бұл мәселе бүгінгі күн тәртібіне енгізілмеген. Тағы бір мәселе бар. Біздің республикамыз қалай аталады? «Қазақ Кеңестік социалистік» деп пе немесе «Қазақстан Республикасы» бола ма? Әлде тағы басқаша атала ма? Бүгінде бізден басқа барлық республика ол жағын айқындап алды. Бұл жерде сөз республиканың тәуелсіздігі туралы заң және оның атауы жөнінде болып отыр. Күн тәртібіне осы мәселе қосыла ма? Ту мен гербті де бекітуіміз қажет. Ол мәселені қашан қараймыз? Біз комиссия құрдық. Мен комиссияның мүшесі ретінде отырыстардың біріне қатыстым. Қаралатын мәселелер бөлінбеуі керек. Бұл түйткілдер осы сессияда қарала ма, жоқ па? Егер жоқ болса, не үшін қаралмайды?», деп депутат сол кезде-ақ сұрақты төтесінен, мәселені ашығынан қоя білген еді.
Білім-білігі, күш-жігері жеткенше елін қолдап, қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру дейтін ұлы мұратпен болған халық қалаулысы Cұлтан Cартаев жиналыс кезінде егемендіктің заңмен бекітілгенде ғана қуаттанып, беки түсетінін алға тартады. Бұдан бұрын Cұлтан Cартаев, Еркеш Нұрпейісов пен Талғат Донақов өз бастамаларымен Тәуелсіздік туралы конституциялық заңның жобасын жасап, құжатты 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына тапсырады. Алайда бұл құжат көпке дейін қараусыз, мүлде елеусіз жата береді. Тіпті кей депутаттардың «Онсыз да тәуелсізбіз ғой, осы заңның қажеті қанша?!» деген сөздері де әр-әр жерден айтылып қалып жатады. Осы 9 желтоқсан күні өткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мәжілісінде депутат Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев Тәуелсіздік туралы конституциялық заңды қабылдау қажет екендігі туралы мәселе көтереді. Осы мәселеге қатысты баяндама жасаған Сұлтан Сартаев: «...Осылайша, біз қазір кейбір маңызды заңдарды қабылдаймыз деп ойлаймын. Бүгін Конституция сияқты маңызды заңды да қабылдау керек. Бұл жағынан кейбір әріптестерім мені қолдайды деп сенемін. Мұндай заңдар осы Конституцияның негізі болады деп санаймын. Сондықтан бұл заңдарды ертең тағы өзгертіп жүрмес үшін, дұрыстап қабылдау керек. Бұл біріншіден. Екіншіден, осы жерде жолдастар неге «Тәуелсіздік туралы» заңды талқылаған жоқпыз деп айтып жатыр. «Қазақ КСР-нің тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдауды бірнеше адам қолдады. Дегенмен біздің басшылар бұл заңды талқылағысы келмейді. Меніңше, Одақ құлаған кезде біз өзіміздің тәуелсіздігіміз туралы нақты шешім қабылдауымыз керек. Әр тәуелсіз мемлекет кез келген одаққа қосыла алады. Бұл еш нәрседен қорықпай, «Мемлекеттің тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдауымыз керек деген сөз», деп азаматтық сөзін жеткізеді.
Бұл ұсынысты Президиум мүшелері бірауыздан қолдап, араға жеті күн салып депутат Сұлтан Сартаев Жоғарғы Кеңестің мінбесіндегі «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы», Конституциялық заңның жобасы жайында баяндама жасайды. Дәл осы сәтті Сұлтан Сартаевтың өзі «мінбеге кеудемді кернеген үлкен ұлттық, патриоттық сезіммен шықтым» деп баяндап берген.
Шындап келгенде, бұл сөздер – империя құлдырағаннан кейін қазақ халқының ел болып қалуға жасаған алғашқы қадамының бірі. Өйткені мұндай айтылған әр сөзден Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде тарихтан өз орнын алуға деген талпынысын сезуге болады. Ел тағдыры шешілер сын сәтте тура сөзін жеткізіп, төрелігін айта білген тарихи тұлғалардың әр сөзінен талай ақиқатты аңғаруға болады. Бұл осыдан 30 жыл бұрын өткен Жоғарғы Кеңес жиынында қазақ халқының тағдыры мен ел тәуелсіздігі қызу талас-тартысқа түскенінің айғағы.
Ту мен тәуелсіздік, елтаңба мен ел атауы тартысқа түскенде, бүкіл халықтың тағдыры таразы басында тұрғанда табанды күрескерлігін танытқан тарихи тұлғалардың сөздері бұл. Сан ғасырдан бері егемендігін армандап, тәуелсіз ел болуды көксеп келген қазақ елінің асқақ арманы мен биік мұраты итжығысқа салынғанда идеологиялық бодандықтан арыла қоймаған биліктің тұтастай буынына қасқайып қарсы тұрып, тағдыршешті сұрақты төтесінен қойған қос тұлғаның тарихта қалған үндері бұл.
90-жылдардың басында бүкіл халық қайта серпіліп, қоғам қайта түлеген тұста республика дербестігін алу, мемлекеттің өз басшысын сайлау, елдіктің басты белгілері – Ту мен Елтаңбаны бекіту туралы елдік мәселелер күн тәртібіне шыққан еді. Осы сын сәтте депутаттық мінберден халық үнін, мұңы мен тілегін жалтақтамай жеткізген ел азаматтарының алды Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев болатын.
Егемендігімізді жариялап, дербестігімізді заң тұрғысынан бекіту қажет болған маңызды кезде алғашқылардың бірі болып үн қатқан Манаш Қозыбаев санаулы күннен кейін, нақтырақ айтқанда, Жоғарғы Кеңестің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы заңды талқылаған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы жетінші сессиясында да мінберге шығып сөз сөйлейді. Ол кезде де халық депутаты мемлекеттілік тәуелсіздік туралы заңда халық тағдырының тарихи сабақтастығы, табанды күреспен алған тәуелсіздігі, әсіресе оны жоғалтып барып қайта алғандығын ашық көрсетіп жазу тарих тағылымы үшін қажеттілігін ашық айтады.
Сессия мәжілісі кезінде ең басты заң – Конституция, тәуелсіздік туралы заң, тіл мен жер тағдыры талас-тартысқа түсіп, арты дау-дамайға ұласады. Жиында «Конституцияны қабылдауға әлі ерте», «мемлекеттің субъектісі – ұлт жоқ» деген пікірлер айтылып, қарсылық танытқандар да болған еді. Қазақтың тағдыры шешілер тұста Манаш Қозыбаевтың айтқан: «Қымбатты славян әріптестер, рақымды болыңдар, тым болмаса бір рет империялық ойлаудан шығып, қасіреті көп қазақ халқының дамуы мен өркендеуіне бөгет жасамаңдар!», деген сөзін ел ұмытқан жоқ. Тарихтың сындарлы бағанынан көз тастағанда бұл сөздер ел тағдыры таразы басында тұрғандағы нағыз қазақ перзентінің айтар төрелігі еді.
Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатұлы «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт. Депутат болған кісі абыройлы, жақсы болатын болса, жұрттың алдына Алла бергендер түсетін еді. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып яки бәсеке үшін баратындар болмасқа керек», дейді. Алаш азаматының осы сөздерін естігенде 1994 жылы Парламенттің төрінен «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп шындықты шырылдап жеткізген Шерхан Мұртазаның «Қазақстанның байлығы қайда кетіп жатыр?», «Халықтың өз дәулетін өз қолына берейік» деген отты сөзі – депутаттық сауалы еске түседі. Осы сөздерді оқығанда 1989 жылы Кремльдің съездер сарайының мінберіне шығып, КСРО халық депутаттарының бірінші съезінде Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын бүкіл әлемге жайып салған Мұхтар Шахановтың ерлігі еріксіз ойға оралады.
ТҮЙІН. Жыл басталғалы бері Қазақстан талай оқиғаны, сын сәтті, қатерлі кезеңді басынан өткерді. Саяси маңызы мол іс-шаралар қолға алынып, ел болып қалыптасудың тұжырымдамасы толығымен қайта жаңғырып, қайта жасақталып жатыр. Ал осындай сындарлы кезеңде бүгінгі Парламент депуттаттары елдің қай мәселесін шешіп, өзекті түйінін тарқата алып жүр? Қазіргі депутаттардың тұлғалық бет-бейнесі қандай? Елдің тағдыршешті мәселелерін неліктен дер кезінде көтеріп, ашық әрі батыл айта алмай жүр? Мұның себебі неде? Салдары қандай?
Халықтың көкейіндегі бұл сауалдарға қалың оқырман өзі жауап іздеп көрер. Өйткені өткеннен сабақ алу үшін бізге қазір үндемей қалуға болмайды.