• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қазан, 2022

Бүгінгі күннің батырлары

1260 рет
көрсетілді

Төтенше жағдайлар қызметінде еңбек ету батылдықты талап ететіні анық. Тұрғындар өміріне араша түсу үшін аяғынан тік тұрып, басын қатерге тігетін құтқарушылар мақтауға лайық.

Алысқа бармай-ақ, Қостанай облысында орын алған алапат өртті сөндіру үшін төтеншеліктер күні-түні аянбай еңбек етті. Оған дейін болған қаншама оқыс оқиғаның ортасынан табылып, көрсеткен ерліктері бір төбе. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құрылымдар 1 миллион 545 мың мәрте төтенше жағдай мен өрттің алдын алған. 401 мың адам құтқарылып, төтенше жағдай аймағынан 366 мыңға жуық азамат эвакуацияланған. Жапа шеккен 66 мың адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Өкінішке қарай, өз қызметін орындау кезінде азаматтық қорғаныс күштерінің 65 қызметкері қаза тапты.

Құтқарушыларды бүгінгі күннің батырлары десек артық айтқанымыз емес. Әрине, адам өмірін сақтау үшін жүйелі дайындық қажет. Қызметкер әмбебап болып, жүргізушінің, өрт сөндірушінің, дәрігердің, сүңгуірдің міндетін атқаруға дайын болуы керек.

Салада қандай жаңашылдық бар? Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков айтып берді.

 – Құтқарушы мамандығы әлемдегі ең қауіптілердің бірі болып саналады. Олар кез келген оқыс оқиғада өз өмірін қатерге тігіп, міндетін мінсіз орындауға тырысады. Жалпы, біздің құрылымда өрт сөндіруші және құтқарушылармен қатар, дәрігерлер, психологтер, әскери қызметкерлер, ұшқыштар, инспекторлар, бақылау және қадағалау қызметі сияқты көптеген мамандық иелері бар. Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінде жалпы саны 26 мың қызметкер еңбек етеді.

Елімізде азаматтық қорғаныс күштері офицерлерін даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Көкшетау қала­сындағы Мәлік Ғабдуллин атын­дағы Азаматтық қорғау академиясы. Аза­маттық қорғаныс органдарына кәмелетке толған кез келген Қазақ­стан азаматы қабылдана алады. 35 жастан асқандар қабылданбайды. Бұл саланы таңдайтындар өзіне сенімді, жауапкершілігі мол, кез келген жағдайда батыл іс-әрекет ететін, адамгершілік қасиеттері мол жандар екенін өмір өзі дәлелдеп берді. Құтқарушыларға қойылатын талап өте жоғары. Олар қауіпсіздік ережелерін сақтай отыра, құтқару құралдарымен биіктікте де еркін қимылдап, алғашқы медициналық көмек көрсетуге әзір болуға тиіс. Физи­калық және психо­логиялық жүк­темеге төзе білуге тиіс. Олардың әр қимылы адамның тағдырын шешетінін естен шығармаған жөн. Өкінішке қарай, кейде адамдар көз алдында жан тапсырып жатады. Мұндай ауыртпалықты да көтеру оңай емес, – дейді Марат Күлдіков.

Жыл сайын елімізде 14 мыңға жуық төтенше жағдайлар тіркелетін көрінеді. Оқыс оқиғалардың саны азайып келе жатқанымен, табиғи апаттар (геометеорологиялық және геологиялық құбылыстар, табиғи өрт) саны артып келеді. Әрине, оқыс оқиғалардың санын бірден азайту мүмкін емес. Десе де төтеншеліктер жағымсыз жағдайлардың санын азайтумен қатар, көлемін, салдарын қысқартуды естен шығармаған емес. Бұл – экономикалық тұрғыдан шығын мөлшерін азайтуға жол ашпақ.

Соңғы жылдары салада цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс­тар қолға алынған. Төтенше жағ­дайлар министрлігінің аумақтық құрылымдары өрт пен су тасқынының алдын алу үшін ғарыштық бақы­лау жүйесін қолданып жатыр. Cell Broadcast және MassAlert сервистері арқылы қанатқақты жобалар қолға алынып, хабарламаларды ұялы телефонға 3-6 секунд ішінде жіберуге мүмкіндік туды. Цифрлық технологиялар арқылы судағы төтенше жағдайларды ескертуге мүмкіндік бар. Мысалы, Ақтөбе облысында FSM Expert бағдарламасы іске қосылып, демалыс орындардағы және су тоғандарындағы жағдайды бақылау жеңілдей түскен.

2019 жылы Darmen жобасы іске қосылған. Жаңа жоба Алматының маңайында болуы мүмкін жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар қаупі туралы бірнеше секундта хабардар етеді. Төтенше жағдайлар департаменті әуелі «Қазгидромет» пен «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» кәсі­п­орындарынан жедел деректерді ала­ды. Содан кейін департаменттің ке­зек­шісі жедел деректерді жүйеге ен­гі­­зіп, push-қосымшаны қолданатын же­­лі пайдаланушыларына тез арада ха­­бар­­ландыру жібереді. Ол осыған де­йін қол­данылған SMS-ескертулермен салыс­тыр­­ғанда хабарландыруды жеткізу жылдам­­дығы бойынша тиімді болып шықты.

Бүгінде министрлікте материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі 51,4 пайызды құрап отыр. Өрт сөнді­ру­шілердің иелігінде 3321 техника бар. Оның 631-і 30 және одан да көп жыл қатарда жүр. Яғни әбден тозығы жеткен. Бұл ретте, техника паркін жаңарту үшін қосымша 944 техника қажет екен. Бұл бағыттағы жұмыстар министрліктің 2021-2023 жылдарға арналған құрылымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағдарламасына сәйкес, бюджеттік қаражаттың бөлінуі есебінен кезең-кезеңмен атқарылып жатыр.

Жалпы, министрлікте 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар қолға алынып, оған сәйкес Мемлекет басшысы тапсырған жұмыстарды атқару көзделіп отыр. Мәселен, Қостанай облысында орын алған өрттен кейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта осындай апатты жағдайларды болдырмау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу керектігін ескерткен еді. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігін ведомство қызметкерлерінің әлеуметтік, соның ішінде тұрғын үйге және жатақханаға қатысты мәселелерін шешуге және қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіби кадрлардың даярлық деңгейін арттыруға қабілетті институт ретінде айтарлықтай күшейту қажет екенін айтқан болатын. Осы және саладағы өзге мәселелер кешенді жос­пар шеңберінде атқарылады деген сенім мол.