• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қазан, 2022

Бұл не деген өшпенділік?

546 рет
көрсетілді

«Сөз сүйектен өтеді» деген рас-ау. Әлеуметтік желі арқылы бір сөз айтып, тұтас бір ұлттың намысын таптайтындар жиілеп кетті. Осы орайда елор­да көпшілікке әлеуметті желі­лерде этносаралық «өшпен­ділік тілін» еңсеру бойынша әдеп кодексі және әдістемелік нұсқаулық таныстырылды.

QazNetEtiquette деп аталатын әдеп кодексі – халықаралық және қазақ­­стандық құқық қағидаттарына негіз­делген және аудиторияға түсінікті ақпа­рат­тық кеңістіктегі мінез-құлық ереже­лерінің жиынтығы. Оны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бас­тамасымен «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының сарапшылары құрастырған. Бұл іске отандық және шетелдік сарапшылар тартылыпты. Конрад Аденауэр атындағы қор­дың Қазақстандағы өкілдігі қаржылай қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыровтың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы ұлтаралық алауызд­ықты тудырып, жалған ақпарат тара­ту әлемдік ақпарат кеңістігін әлекке са­лып тұр. «Мұндай жобаны әзір­ле­йтін уақыт келген сияқты. Цифр­ландыру үде­рісі алға жылжыған сайын «өш­пен­ділік тілі» де өршіп барады. Министр­лік өз та­рапынан мұндай бастама­ларды қол­дап, қоғамдағы бейбіт қаты­насты қалып­тас­тыруды жалғас­тыра береді», деді ол.

Этносаралық қатынастар коми­тетінің төрағасы Ғалым Шойкин бүгінде кейбір қоғам қайраткерлері де жалған ақпа­раттарды тарататынына тоқталды. Сон­дық­тан қоғам, бұқаралық ақпарат құрал­дары және мемлекеттік органдар осы құжатты пайдалана отырып, қоғам­дағы өшпенділікті азайту керектігін айтты.

– Әдістемелік нұсқаулықта «этнос­тық топтарға қарата айтылған жағымсыз, жалпылама пікірлерді өшпенділік тіліне жатқызамыз» делінген. Этносара­лық қатынастар саласында кей кезде біздің азаматтарымыз әлеуметтік желілерде этностарға, ұлттарға қатысты жағымсыз ақпараттар таратып, пікірлер қалдырады. Біреулерді айыптайды, жалған ақпараттарды өзінше түсініп, «өшпенділік тілі» пайда болады, – деді Ғ.Шойкин.

Әлеуметтанушы, «PaperLab» зерттеу орталығының директоры, Қазақстандағы әлеуметтік желілердегі өшпенділік тілін зерттеу авторларының бірі Серік Бейсембаев мониторинг жұ­мыстары жүйелі жүргізілгенін жеткізді. 

– Біз көп жағдайда әртүрлі әлеу­меттік коллизиямен бетпе-бет келеміз. Адамзат қарым-қатынасы тұрғысынан қарағанда, коллизия – қарама-қай­шы күштердің, көзқарастардың, мүд­де­лердің қақтығысы. Қақтығысқа қаты­су­шылар мен сырттан бақыла­ған­дар бірден этностық астарына мән беруі мүмкін. Осыдан келіп «этнос­тық», «жартылай этностық» немесе «бір бөлігі этностық дау» деген пайым­дар айтылады. Қарапайым мысал келті­рейік. Көрші елдерден келген еңбек мигранттары әртүрлі қиын­дыққа тап болады. Олардың тұра­тын жері, тұрғын үйді жалға беру нар­ы­ғындағы қарым-қатынастар «этносаралық» ретінде талқыланады немесе көп адам өзге елдерде болып жатқан оқиғаларға қатысты (мысалы, Украинадағы жағдай) ұлтына қарап баға береді. Осылайша, әңгіменің желісін этностық арнаға бұру кез келген этностық қауымдастық туралы, тіпті шыққан тегі бөлек әртүрлі қауымдастықтан тұратын топтар туралы (мысалы, кавказдықтар) негізсіз немесе толықтай негізі жоқ пікір қалыптастырады. Жағымды болсын, жағымсыз болсын, кез келген этностық стереотип халық санасына сіңіп, қалыпты түсініктердің бір бөлігіне айналып кеткен. Алайда кез келген негізсіз, жалпылама айтылған сөз іс жүзінде жалған қорытынды жасауға алып келеді. Пікір нысаны болып отырған адамдардың намысына тиеді. Мұның барлығы жинала келе жанжал тудырады, – дейді Серік Бейсембаев.

«MediaNet» Халықаралық журналис­тика орталығының сарапшысы, жоба редакторы Игорь Братцев «өшпенділік тілі» әртүрлі болуы мүмкін екенін еске салды. «Мәтінде қандай да бір топқа деген өшпенділік анық көрініп тұруы да, кейде әзіл-қалжың түрінде кездесуі де мүмкін. Автор кімге арнаса да ол адамның намысына тиіп, қорлайтынын естен шығармаған жөн», дейді ол.

Конрад Аденауэр атындағы қор­дың Қазақ­стандағы өкілдігінің директоры Йохан­нес Рай демократия мен сөз бос­­тан­дығын шектеу туралы өз ойын ор­таға салды. Жоба редакторы, «Factcheck.kz» жобасының бас редак­торы Думан Смақов нұсқаулықты ілгері­лету тұжырымдамасын тәптіштеп ай­тып берді. Кодекс әлеуметтік желі­лер­дегі этносаралық қарым-қатынас­тар мә­де­­ниетін жақсартуға және интер­­нет-ком­муникацияның өзін-өзі рет­теу ереже­лерін насихаттауға бағытталатынын еске салды.