Жаңа маусым басталғалы бері еліміздің түкпір-түкпіріндегі мәдени ошақтар қызу шығармашылыққа кірісіп кетті. Жаңа маусым – тың жаңалық, соны леп. Күні кеше ғана елорда жұрты Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасына барып, әуезді ән тыңдап қайтты. Симфониялық оркестр ұсынған «viva musica!» концерті XIX ғасырдағы шетелдік музыка жауһарларына арналды.
Сазды кеште Дж. Россинидің «Вильгельм Тель» операсына увертюра, С.Танеевтің оркестрмен кларнетке арналған «Канцона», Ф.Допплердің оркестрмен флейтаға арналған «Венгерская пасторальная фантазия», Г.Венявскийдің Шарль Гуноның оркестрмен скрипкаға арналған «Фауст» операсындағы тақырыптарға фантазиясы және А.Дворжактың «Из Нового Света» №9 симфониясы орындалды. Ал сахнада симфониялық оркестрдің жеке орындаушылары – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дәулет Сейдахметов (кларнет), Гүлназ Жолданова (флейта), Майя Медетбек (скрипка) өнер көрсетті. Дирижерлік пультте – бас дирижер Ернар Нұртазин. Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Берік Батырханов.
Концертте орындалған «Вильгельм Телл» операсының увертюрасы – автордың (Джоаккино Россини) әлемге әйгілі һәм шығармашылығында жұлдызды сәтке айналған оркестрлік музыкасы. Ол түрлі симфониялық оркестрлердің орындауында, көркем және анимациялық фильмдерде, соның ішінде Уолт Диснейдің әйгілі «Фантазия» туындысында орындалғанын білеміз.
Жалпы, Россинидің шеберлігі операның драмалық дамуының увертюрасындағы қысқаша көрсетілімнен, пасторалдық-идиллиялық бейнелерден қаһармандыққа біртіндеп көшуден тұрады.
Ал оркестрмен кларнетке арналған «Канцона» шығармасын Сергей Танеев жас кезінде жазған. Пьеса жанрдың тарихын баяндайды – ортағасырлық Прованс трубадурларының лирикалық музыкасынан бастап Фрескобальди мен Иоганн Себастьян Бахтың аспаптық канцондарына дейін және кемелденген Танеевтің Дантенің сөзіне жазылған «Канцона XXXII» романсымен үндеседі.
Романтизм дәуірінде атақты виртуоздар көптеген концерттік шығарма жазды, бірақ қазіргі сахнаға тек нағыз өнер туындылары ғана сақталып жетті. Мәселен, Франц Допплердің оркестрмен флейтаға арналған «Венгерская пасторальная фантазия» және аталған кеште орындалған Генрик Венявскийдің Шарль Гуноның оркестрмен скрипкаға арналған «Фауст» операсындағы тақырыптарға фантазиясы бар. Бұл шығармалар, сөзсіз көркемдік деңгейімен, жарқын ұлттық нақышымен, аспаптардың виртуоздық мүмкіндіктерін тамаша қолдануымен танымал.
Классикалық музыка кеші композитордың шығармашылық шыңдарының бірі Антонин Дворжактың №9 симфониясымен жабылды. Автордың өзі мойындағандай, «түсіне білетін адам симфониядағы Америка әсерін сезінуі керек». Шығарма мазмұнның тереңдігімен, бай әуезділігімен һәм ерекше лирикасымен баурап алады. Төрт бөлімнен тұратын цикл Антонин Дворжактың симфониялық оркестрлік музыкасына тән драмалық шарықтау шегі деседі.