• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Президент 19 Қазан, 2022

Президент: Елімізде заң үстемдігі болуға тиіс

151 рет
көрсетілді

2022 жылдың тоғыз айында Президенттің атына 41 мың өтініш келіп түсті, олардың әрбір төртіншісі құқық қорғау органдарының қызметіне және сот шешімдеріне қатысты болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Елдің Президенті ретінде, мен үшін әділдік – ең жоғары құндылық. Сондықтан менің Әкімшілігімде азаматтардың өтініштерін қабылдаумен және олардың талап-тілектерін қарастыруымен айналысатын арнайы бөлім бар. Бұл жұмысты өз бақылауымда ұстаймын. Биылғы 9 айда менің атыма 41 мың өтініш келіп түсті, олардың әрбір төртіншісі құқық қорғау органдарының қызметіне және сот шешімдеріне қатысты. Бұл құқықтық реформаны жалғастырудың маңыздылығын көрсетеді», деді Президент Алматы облысының жұртшылығымен кездесуі барысында.

Мемлекет басшысы қаңтар айында елімізде орын алған қайғылы жағдайларда белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыстар жасаған азаматтарға рақымшылық жасалғаны туралы еске салды.

«Елімізде заң үстемдігі болуға тиіс. Онсыз қоғамдық тәртіп орнату мүмкін емес. Басқаша айтқанда, ішкі саясатымызда заң мен тәртіпті басшылыққа аламыз. Тек сонда ғана біз азаматтарымыздың игілігіне бағытталған экономикалық реформаларды тиімді жүргізу үшін қолайлы жағдай жасай аламыз. Заң мен тәртіп мемлекетіміздің беделіне шын мәнінде нұқсан келтірген қайғылы қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді. Одан сабақ алу керек және бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ. Белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыстар жасағандарға рақымшылық жарияладым», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің айтуынша, мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді.

«Бұзақыларды, кісі өлтірушілерді, тонаушыларды қолдауға тырысатындардан сақ болу керек. Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді. Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасады», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.