• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2010

КӨҢІЛДІҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ

1115 рет
көрсетілді

МӨЛДІР ТАМШЫЛАР Ақпан айы биыл жауын-шашынды. Көбінесе жаңбыр жауады. Сірә, барыс жылы берекелі болар. Терезеге телміре қараймын. Балконның жақтауларынан мөлдір тамшылар тізбегі көрінеді. Ұқсайды. Әлгіде ғана оқып шыққан бір топ мөлтек әңгімелерге ұқсайды. Аттары да тартымды: “Жарық дүние”, “Сағыныш шөлі”, “Кітаптың иісі!” Айтпақшы, кітаптың да иісі бола ма екен?! Әуелі әңгімені оқып шық. Болады екен. Ол үшін кітап бастыратын фабриканың есігін ашып көріңіз. Өзге ешнәрсеге ұқсамайтын “ғажап иіс жан дүниеңізді баурап алады”. Баспагерлер ісінің бел маманы әрі жазушы Райхан Мәженқызының әңгімелері, міне, осындай қысқа деуден гөрі мөлтек деуге лайық. Осы әңгімелер сені бәзбір қалың-қалың кірпіш кітаптардан гөрі әлдеқайда салмақты, қорғасын құйған асықтай алшысынан тұра қалған сияқты қызықтырып баурап алар. Осындай асықтарың көбейе берсін, Райхан!

Шерхан МҰРТАЗА.

АЙНА АЛДЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ Мағира әдеттегідей жылдам қи­мыл­дап, кезекте тұрған қызға айна ал­дындағы креслоны нұсқады. Кезектегі сұңғақ бойлы сұлу мү­сін түюлі тұрған шашын жайып жі­берді де креслоға келіп жай­ғасты. Ма­ғира қолын қайыра жуып, ал­дын­да отырған адамға алжапқыш жап­ты. Сізге қандай қызмет көрсетейін, – деп айнаға қарады. – Шашымды қара түске бояп берсеңіз. Айнаға тесіле қараған Мағира үнсіз қалды. – Шашымды қара түске бояп берсеңіз, – деп қайталады бейтаныс қыз. – Иә, иә, – десе де Мағира өзіне өзі келе алар емес. Толқынды қара шашы, аққұба өңі, тіпті ернінің үстіндегі меңі. Бәрі, бәрі таныс. Таныс бейне. Өзіне қымбат бейне. Анасынан айнымайды. Бояқ алып бояса мына ұқ­сас­тықтан айырылып қалатындай. Сіз кім­сіз? –деді сасқалақтаған Ма­ғи­ра. – Мен... Атымды айтасыз ба? – Қарлығамын. – Қарлыға... – деп қайталады Мағира. Қандай ұқсастық. Анасының аты да Қарлыға. – Менің анамның аты да Қа­р­лыға, – деді Мағира дауысы ді­ріл­деп. – Сіз анамнан ай­ны­майсыз. Ұқсайсыз, – деді өзіне өзі келе бастаған Мағира. – Адамдар бір біріне ұқсай бе­реді ғой, – деді Қарлыға байыппен. Шашын бояп бітіп, енді 30 минут отыратындығын ескертті. Келесі кезекте тұрған адамның жа­қын­дағаны сол еді, басқа шаш­та­разға баруын өтінді. Көңілі ала­бұртып әлі де алдындағы Қар­лы­ғамен сөйлескісі келді. – Сіз қайда тұрасыз? – деп та­ғы да Қарлығаны әңгімеге тартты. – Оралманбыз. Ата–бабамыз Алтай аймағынан екен. Қытайдан Тарбағатайға көшіп келдік. Алтыншы жыл. Астанаға келгеніме аз ғана уақыт болды. Шашын ретке келтірген Қар­лыға қош айтысып шығып кетті. Қарлығамен бірге ең қымбаты ілесіп кетіп бара жатқандай Ма­ғи­раны қимастық сезім биледі. Дел-сал күйде қала берді. Әр күн елегізіп, әлдебіреуді күтетін болды. Әлде-біреуді емес, Қарлығаны күтеді. Тым болмаса, мекен-жайын, телефонын алмап­ты. Аяулы анасынан айнымайтын адамды көргісі келеді. Үнсіз ғана ұ-з-а-қ қарағысы келеді. Күн артынан күн өтіп жатты. Бірде кезекте тұрған адамдардың арасынан даурыққан дауыс естілді. Кезекте тұр­ғандар кезексіз еш­кімді жібергісі келмейді. – Қайда? Қайсысы? – деген дауыс естілді. – Осы жерде. Таныс дауыс. Қар­лы­ғаның дауысы. Мағира есікке қарай ұмтылды. – Қарлыға! – Дәл соның өзі. Бұл Қар­­лығамның көзі. Аллаға рахмет! Толық келген аққұба өңді бей­таныс әйел Ма­ғи­рашты құшағына алып та үлгерді. Бейнебір ана­сының құшағында тұр­ғандай се­зінді. Жақын жанның мейірімі қандай ыстық еді. – Мен Қарлығашпын ғой. Қарлығаның сыңары. Ашаршылықта ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәр­бие­лен­ген анасы сыңары Қарлығашты іздеумен өмірден өтті. Ал Мағира болса анасының сыңарының құ­шағында тұр. Ана аңсаған құшақ ... ЖАРЫҚ ДҮНИЕ “...Іңгә, іңгә...” мейірбике ің­гә­лаған нәрестені төсекте жатқан Ты­ныш­тықтың кеудесіне жа­қын­датқаны сол еді, ана жүрегі тулап қоя берді. Осы бір сәтті жылдар бойы күтті емес пе? Ораулы сәбиді мейірлене ұ-з-а-а-қ иіскеді. Содан соң жөргегін шешіп, сәбидің әр мүшесін сипап, қолымен ұстап көрді де, қайта құшағына қысты. Ана қимылын қалт жібермей қарап тұрған мейірбике: – Қызыңыз өзіңізге тартыпты, – деді. – Маған ба?.. Бәлкім, әкесіне тартқан шығар, – деді де, үнсіз қалды. Біраз үнсіздіктен кейін: – Әкесіз өстім. Өйткені, мен өмірге келмей тұрып әкем Алмас майданға аттаныпты. Мен дүниеге келген соң анам сүйінші сұрап әкеме хат жазады. Өзі соғыста жү­ріп елде тыныштық болғанын ті­леген әкем атымды Тыныштық қойыпты. Және қызым кімге тартқан? Өзіме тартса көзі көк шығар, жасырмай жазып жібер, – деп хат жолдапты. Анам хатқа жауап жаза алмапты. Өйткені... Аяулы анамның дауысын естісем де жүзін көре алмадым. Тіпті өзімнің де түрімнің қандай екенін білмеймін. Жарымның да... Енді, міне, тұла бойы тұң­ғы­шым­ның түрін көре алмай тығырыққа тіреліп отырмын. Ақ пен қараны ажыратып, жарық дүниені көргеннен асқан бақыт бар ма? Аллаға шексіз рақмет! Ша­ңырақ көтеріп, сәби сүйдік. Әйел ба­қы­ты­ның дәмін татып отырмын. Біз сияқты зағип жандарға ерекше есту қабілеті мен сезімталдық қасиет берген. Толғақ үстінде толғақтан да ащы сұрақ жанымды жегідей жеді. – Ол қандай сұрақ ? – ? – Мен қызымның маған да әкесіне де ұқсамағанын қалаймын. Сізге, дәл сізге ұқсаса екен. Мына жарық дүниені жанарымен көретін. Өзін дүниеге келтірген ата-ана­сы­ның кім екенін өз көзімен кө­ретін. Ақ пен қараны ажырата білетін төрт мүшесі түгел болса екен. Жаратқан иемнен тілейтінім осы. Не айтарын білмей аңтарылған мейірбике сәбиді қолына алып, жанарына үңілді. Көк көз... Сәбидің жанарына қайта үңілді. Көк көз... – Қызыңыздың көзі көк қой. Қуанған мейірбике бар дауысымен айғайлап жіберді. – Көк көз дедіңіз бе? Көзі көре ме? Шы­нымен көре ме? Тол­қыған ана орнынан тұра беріп қайта отыр­ды. Жарық дүние! Жанарым! Бетін ащы жас тамшылары жуған ана бар әлемді ұмытып, сәбиін аймалай берді, аймалай берді... ЖАСЫРЫНБАҚ Әр адамның қимыл-қоз­ғалысына үрке қа­рап, Асыл Дарханқызының соңынан еріп келемін. Ауру адамдардың бірі ән салса, енді бірі әлдекімнің атын атап айғайлап жатыр. Бір бозбала өзге тілде “аудиторияда жиналған жұртқа” лекция оқып тұр. Бұрылыста, терек түбінде өсіп тұрған гүлдің қасында тізерлеп отырған адамға көзім түсті. Біреуден жасырынып отырған сияқты көрінді. Жақындап қалған бізге бейтаныс жалт қарады. Отты жанары өңменімнен өтті. Үнсіз ғана тесіле қараған ол ор­нынан көз ілеспес жыл­дам­дық­пен көтеріліп, бізге тұра ұмтылды. Он­сыз да үрей билеп келе жатқан мен Асыл Дарханқызына тығыл­дым. – Марал! Марал! – Таныс жанар. Таныс дауыс. Мүмкін емес. Сонда бәрі де жалған бол­ғаны ма? Ол көп жыл бұрын, ерлікпен қаза тауып, Ауған соғы­сы­нан ор­ал­мағандар тізімінде еді ғой. Менің атымды бар дауысымен айғайлай атаған Қазыбек қуа­нышын жасыра алар емес. Менің қолымнан тартты. Жылжып өткен жылдар жанарын жасыра алмапты. – Қазыбек! Жаңа ғана жан дүниемді билеген үрей мен қорқынышты ұмытып Қазыбектің қолынан ұстадым. – Мен сені ұзақ іздедім ғой, Марал! – ? – Сізді танып тұр ғой. Ғажап! Ешкімге тіл қатпай, әлде кімді іздеп, жасырынбақ ойнап жүретін. Сірә, бала кезінен есінде сақтап қалғаны болар. Өз көзіне өзі сенбеген дәрігер Асыл Дарханқызы екеумізге кезек-кезек қарады. Биік қоршаумен қоршалған осынау аурухананы айналып өте­тін­мін. Бала кезімізден үл­кендер: жындыханаға жақын­дамаңдар. Ауру адамдар ашулы болады. Қолдарына түссеңдер аямайды, – деп әбден қорқытып тастаған біздерді есейсек те қор­қы­ныш билеп тұрушы еді. Енді, міне, қыз­мет бабымен осы ме­ке­менің ар­хивін ақтаруға келген бетім еді. Қоршау арасындағы саңлау­лар­дан аурулар сыртқа сығалап тұратын. Саңлаудан көрініп тұрған көздеріне қарауға батылым бар­майтын. Бірде өтіп бара жатып ту сыртымнан қадалған жанарды сезгендей болып едім. Қоршаудың ар жағындағы алуан тағдырлар арасынан өз тағдырымның да... Қайдан білейін... – Мені бұл жерден алысқа алып кетші, Марал. Алысқа... ҚЫЛ КӨПІР Тасыған су көпірден де көтеріліп кетті. Арғы жағалауға өту өте қауіпті. Бұл жағалауда қалу одан да қауіпті. Өйткені, орман іші толған алуан түрлі жануарлар. Әсіресе, орман шетіндегі үйір қасқыр кездескен адам мен малды тірі қалдырмайды. Адам атаулы үрей үстінде. Әркім өзінің ең жақындарын құтқару қамына кіріскен. Қадыр мен Қасиетті ерткен Еркінбек те елдің соңын ала келеді. – Жылдам. Қас қарайып келеді, – деген көпір маңынан әлдекімнің дауысы естілді. Көпшілікпен бірге Еркінбек те көпір аузына қарай ұмтылды. Иығына асынған қор­жынына ақша, құ­жаттары сияқты ең қа­же­т­ті­лерін салып та үлгерген. “Қады­­­р келе ғой, кел деймін тезірек”. Құшағына Қа­дыр­ды қап­сыра қысқан Еркінбек ал­ды-артына қарамай көпір үстіне көтерілді. Әке, Қасиет ше? Қасиет жағада қалып қойды ғой! Қасиет... Тасыған өзеннің, бірін бірі іздеген адамдардың дауыстарының жаңғырығына кішкентай Қа­дыр­дың дауысы да қосылып естілмей кетті. – Көке! Қадыр! Қайда кеттіңіздер? Жағада жалғыз қалған кіш­кен­тай Қасиет қорыққаннан қал­тырап, дауысы қарлыққанша жылады. Өк­сігін баса алмаған Қасиет өмірден ерте кеткен әке-шешесін іздеді. Са­ғым­ға айналған қымбатын сағына еске алды. Күн батып, сұп-сұр дү­ние­ні қараң­ғылық құшағына алып та үлгерді. “... қыл көпір. Неткен ұзын, неткен нәзік. Қасиет осы қыл кө­пірмен өзеннен өтіп келеді. Жа­ғаның ар жағында анасы тұр ғой. Анасы. Өзін өзеннен өткізген қыл көпір – анасының ұп-ұзын, қап-қара бір тал шашы. Өзеннен өткен Қасиетке қолын бұлғады да, шашын жиып алды. Әне, әлі қолын бұлғап тұр”. Оянып кетті. Түсі екен. Осы мен қайдамын? Кіш­кентай Қасиет орнынан тұрып жан-жағына қарады. Үсті мал­ман­дай су. Жа­нында жан адам жоқ. Түсінің әсерінен әлі арыла алмаған Қасиет көпірге қарады. Көпірден қалай өткенмін? Кім өткізді? Тағы да жан-жағына қарады. Жирен жорға жайылып жүр. Әкесінің жирен жорғасы! Өгей әке тастап кеткен Қасиетті өткелден өткізген де осы жирен жорға болатын. Көңілін бір сәт қуаныш сезімі билеген Қасиет жирен жорғаға қарай ұмтылды. САҒЫНЫШ ШӨЛІ “…ала құйын дауыл... Арыстан екеуін де ала құйын дауыл алды-артына қаратпай ұшырып барады екен. Терге малшынған Бүбіш әлдекімді дауыстап шақырған күйі сандырақтап жатып оянды”. Ашылған есіктің сықыры естілді. Әлсіз жанарымен есікке үміттене қарады. Сөмкесін сүйрете ішке кірген Жарқынай екен. – Апа, шөлдеген жоқсың ба? Шай демдейін. – Шөлдедім. Шөл қысқалы қашан... Қанша көктем, қанша күз? Сартапқа айналған сағыныш шөлі. Дидарым... Дидарымды бір көруге зар болдым-ау. Ана жүрегі сыздап қоя берді. Көңілі ояу. Көзі жұмулы. Байқамай өткізіп алған бақытты кезі. Ақкөңіл, адал Арыстаны. Отыз жетіге толмай-ақ... мәңгілік өмірге аттанып кетті. Артында аңырап алты бала қалды. Арыстан өте бауырмал еді. Балажан еді. Іскер еді. Ауылдағы мәшине, трактор дегендеріңді жөндеуде алдына адам салмаушы еді. Қайсыбірін айтайын. Аң аулауға құмар еді. Бірде... Айдармен бірге аңға шығып, содан оралмады. Досы Айдар аң екен деп Арыстанды атып жіберген көрінеді. Дұшпаны емес, досының қо­лынан қаза тапты. Осылайша Бүбіш бар ауыртпалықты арқалап жесір атанып қала берді. Дәрігер Бүбіш ел жарасын емдегенімен өмір бойы өз жарасын емдейтін жан таппады. Бар медеті балалары еді. Дидары жоғары оқу орнын бітіргендегі қуанғаны... Өркені де өсті. Бақытсыздықтың бәрі де сол бір ерте көктемде басталып еді. Жол апаты. Мәшине жүргізіп отырған Өркен болғандықтан да, істі болып кете барды. Шын мәнісінде мәшине Өркендікі, жүргізген құрбы қызы. Ара­шалап алмақ болған Дидар көп сенделді. Сот дегеніңді кім білген, сұрақ-жауап әбден мезі етті. Кірмеген есіктері жоқ. Дидар жиған-тергенін құтқарып берем де­ген­дерге шашумен болды. Өлер­­дей жақсы көретін Өркенін темір тордың ар жағына қимады. Әкеден өлідей, бауырдан ті­рідей айырылған Дидар ішім­дікке салынды. Сосын... Өркені айыпталған айыбын өтеп шықты. Ал Дидары әлі жоқ. Иә, әлі жоқ. Қаңғып кеткен. Біреулер Үржардан, бі­реулер Семейден, енді біреулер Ал­ма­ты­дан көргендігін айтады. Өлмеген жанға сол да медет. Өкі­­­ніштен өзегі өртенген Өркен бірнеше рет іздеп, та­уып келді. Амал не, тоқ­та­май­ды. Оның айтуынша, өз­гелер түсінбейтін өз әлемі бар. Бүбішті ауру меңдегелі бері жақындары жиналып, Ди­дарды тағы да іздестіре бастады. Жарқынай Дидарының кіші қызы. Әкесін іздеп жүр­генін естігенде жа­на­рына толған жасты еш­кімге көр­сетпей төгіп-төгіп алады. Есік сықыры тағы ес­тілді. Есіктен Дидары көрінді. Дидары... Оған ілесе Өркен кіріп келеді. – Апа!.. – Апа!.. Есікке қараған бойы Бүбіш үнсіз қалды. Балаларының дауысына үн қатпады. Әке құшағына еніп үл­гермеген Жарқынай енді әжесіне қарай ұмтылды. – Әже! Сартап болған са­ғы­ныш жібі үзіліп... Есікке қарап баласын күткен бойда Бүбіш мәң­гілік өмірге аттанып та кеткен еді... СОҢҒЫ СӘЛЕМДЕМЕ Базар іші ығы-жығы халық. Күн жексенбі болғандықтан болар. Астанада туысым болмаса да танысымның көпшілігін осы қара базардан кездестірдім. Аман-саулықтан әріге бармай әр­қай­сысы өз жөнімен кете барды. Қарапайым халық пен мем­лекеттік қызметкерлердің аражігі базарда да байқалады. – Картөшке сатып алыңыз – деген дауысқа жалт қарадым. – “Балам, жас картөшке, өкінбейсің”, – деп әжім торлаған қолдарымен онсыз да ашық тұрған қаптың аузын аша түсіп, үлбіреген қабығы бар жас картопты көрсете берді. ...Жан дүнием астан-кестең. Әкем... Аяулы әкем есіме түсті. Елге барғанымда: “Балам, жас картоптан ала кеткің”, – деген еді. – Ой, көке, сонау Астанаға ма? Сатып-ақ аламын ғой. Әй, балам-ай, бұл ерекше дәм ғой. Сонау Көміршінің су бармайтын өңіріне, “Аққора” қыстағына, қайқыдан қолмен қазып, су алып келдім. Ол маған оңайға түскен жоқ. Ағаш ектім, әлі-ақ ол жер орманға айналады, балам. Жеміс-жидек ектім, судың тапшылығы болмаса топырағы құнарлы екен. Құдай бұйыртса, бәріңе дәм татқызамын. – Әкемнің мейірімді жүзі ерекше бір нұрға бөленгендей болды. Бәрі де дәл қазіргідей көз алдымда. Сол жолы қал­дырмай жас картопты Астанаға алып келдім. Бұл аяулы әкемнің соңғы сәлем­демесі екен...