Бесінші рет тоғызқұмалақтан NIS желілік спартакиадасының абсолютті чемпионы ретінде Қызылорда қаласындағы зияткерлік мектептің құрама командасы танылды. Зияткерлік пен дәстүрді тоғыстырған тоғызқұмалақ ойыны бүгінде NIS желісінде сұранысқа ие спортқа айналды.
Жыл сайын зияткерлік мектептердегі жүздеген оқушы асыға күтетін ерекше оқиғалардың бірі – тоғызқұмалақтан дәстүрге айналған желілік чемпионат. Жас спортшылар үшін тоғызқұмалақтың мәні ойыннан да тереңірек.
Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Нұрай Махамбетәлі төртінші жыл қатарынан спартакиада қатысушыларының тізіміне енді. Тоғызқұмалақты математиканың өмірдегі тағы бір көрінісі ретінде түсінетін қайсар қыз жеңілуден қорықпайды.
– Болашақта ұлттық зияткерлік ойынды шетелдік достарымның арасында танытқым келеді, – дейді Нұрай.
Ең жас қатысушы атанған Талдықорған қаласындағы зияткерлік мектептің оқушысы Айнель Қайрат осыған дейін желілік чемпионаттың қос күмісін иеленген, биыл да жеңімпаз атану ойында. Ал өскемендік Төрежан Қалибекұлы үшін тоғызқұмалақ отбасылық дәстүрге ұласқан. Ол бұл ойынды мақтанышпен жалғастырып келе жатқанын жеткізді. Қарағандыдағы NIS оқушысы Әділет Санатхан болса, тоғызқұмалақты ойнап қана қоймай, оның тарихын зерттеуді қолға алған екен.
– «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында бұл ойынның тарихы мен туған өңірімде қаншалықты кең таралғанын зерттедім. Бұл ұлттық қазынамызға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді, – дейді жас өрен.
Ақберен Бақытберген желілік спартакиадаға алғаш рет қатысады. Биыл «Өркен» грантының иегері атанып, Қызылордадағы зияткерлік мектепке түсті. Ол тоғызқұмалақ спортымен алты жылдан астам уақыт айналысып келеді және аталған ойын NIS-ке түсу үшін қажетті дағдыларды дамытуға септігін тигізді деп санайды. Талдықорған қаласындағы NIS-тің 6-сынып оқушысы Абылайхан Тыныштықбай кіші топта абсолютті чемпион атанды. Ол сондай-ақ алғаш рет 2019 жылы желілік турнирдің үздік ойыншысы болған еді.
– Тоғызқұмалақтан мектептегі бапкерім Жетпісбек Коксогонның арқасында спортта ғана емес, математикадан да жақсы жетістіктерге жетіп жүрмін. Әр жеңіс сайын өзіме деген сенім арта түседі, – деді талдықорғандық ойыншы.
Спартакиаданың барлық қатысушысы өздерінің тоғызқұмалақпен байланысты жеке хикаяларын қуана бөліседі. Олардың көпшілігі зияткерлік ойынға NIS қабырғасына келгелі қызыға бастаған. Оқушылардың сөзіне ден қойсақ, тоғызқұмалақ математикалық сауаттылықты, сыни ойлау мен логиканы дамытады.
NIS-тің төрешілер тобының жыл сайынғы мүшесі, Талдықорғандағы спорт мектебінің тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Бауыржан Шурин ұлттық ойындардың компьютерлік ойындарды ығыстырып жатқанына сенімді.
– Тоғызқұмалақ бойынша желілік спартакиаданың зияткерлік мектептерде дәстүрлі түрде өткізілетіні қуантады. Ұлттық ойындар – біздің байлығымыз. Оның кез келген түрі тарихымыз бен мәдениетімізге, патриоттық сезімдер мен батылдыққа, сондай-ақ спортқа деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге бағытталған.
Үш жас санаты бойынша Талдықорған, Семей және Қызылорда қалаларындағы зияткерлік мектептер командалары 2022 жылдың абсолютті чемпиондары атанды. Жеке есепте көкшетаулық Ажар Сәрсенбай, талдықорғандық Абылайхан Тыныштықбай, семейлік Малика Әсемханова мен Еркебұлан Досан, ақтаулық Жансая Жәрдем және оралдық Абылай Маметан жеңіс тұғырынан көрінді.
– Қазақ халқының қайталанбас мұрасына айналып, зияткерлік пен дәстүрді тоғыстыратын тоғызқұмалақ ойынына қатысатын оқушылар санының артқаны – біз үшін жеңіс, – деп атап өтті NIS-ті дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.
Зияткерлік мектептердің ежелгі ойынды жандандырудағы ауқымды бағдарламасы оқушылардың ұлттық тарихқа, салт-дәстүрлері мен мәдениетіне, халық фольклорына, ойындары мен тағамдарына қызығушылығын арттырып, баулығанын растайды.
Айта кетелік, 2020 жылдың соңында тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне енгізілді.