Елім деп аянбай еңбек етіп, бар өмірін, күш-жігерін халқының игілігіне жұмсаған тұлғаларымыз баршылық. Сондай ардақты азаматтардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, аяулы азамат, қазақ халқының біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев еді...
Өткен күнде белгі бар
Сонау 1993 жылғы тамыз айында, Жоңғар Алатауының баурайында, Жетісудың інжу-маржандарының бірі болып саналатын Лепсі өзенінің басында, атақты Тынышбай бидің жайлауында, ағайын түгел бас қосып, қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың 115 жылдық мерейтойын өткізуге дайындалып жатты.
Осынау пішіні бұзыла қоймаған таулы өлкенің табиғаты тамаша. Тамыз айының аяғы болса да, көрінісі ғажап. Атақты Швейцарияның табиғатынан артық болмаса кем емес. Тау биігінен құлай ағып жатқан Бұрхан сарқырамасы, көкмайса кілемі, алмалы бағы, қарағайлы ормандары көз үйіріп, көңіл сүйсінтеді... Осындай тамаша табиғат аясынан Тынышбай бидей, Мұхамеджандай азаматтар өсіп шықпауы мүмкін бе?..
Сарқан ауданының сол кездегі Қойлы кеңшарына қарасты Пионер бөлімшесінде (қазіргі М.Тынышбаев ауылы) Мұхамеджан Тынышбаевтың аруағы деп жиналған азаматтардың санында есеп жоқ. Алды сонау Мәскеуден, Санкт-Петербургтен, Алматыдан, Семейден, Өскеменнен, еліміздің түкпір-түкпірінен келді.
Аты аңызға айналған атақты Түркістан-Сібір теміржолы (Түрксіб) – асыл азаматтың ерен еңбегінің жемісі, елге қалдырған тәбәрігі...
Көппен бірге Димекең ағамыз да осы жиынның ерекше қонағы қатарында болды. Алматыдан бір күн бұрын бір қауым ел боп шыққан біздер ат басын ағамыздың ата-бабасының мекені – Бақанас ауылына бұрдық.
Көшбасшымыз Димекең, біз болсақ, әр уақытта жанынан табылатын атқосшысымыз – әріптесім, кинооператор-режиссер, осы Талдықорған қаласының тумасы Юрий Павлович Литвяков және мен кинорежиссер Молдағали Омаров.
Қапшағай – Бақанас тасжолының бойы толған мал, жайлаудан түсіп келе жатқан малшылар. Қора-қора меринос ақ қойлар бірінің артынан бірі тізіліп, отар-отар болып жайдаққа түсіп келе жатыр. Тізбектері таусылар емес, бас-аяғы бірнеше шақырымға созылған, жол жүру мүмкін емес.
Сол бір көрініс әлі есімде, Димекең көшімізді жолда тоқтатып, жалғыз өзі биік шоқыға шығып, жан-жағын бағдарлап, біраз тұрды. Өзі ғана. Ешқайсымызға тіс жармады. Кім білсін, не ойлағанын...
Екі ауданның шекарасынан өткеніміз де сол еді, жергілікті басшылар, ағайын-туыстар Димекеңді құшақ жая қарсы алып, сегіз қанатты ақ киізүйге жайғастырды.
Біраз демін алған соң «Бақбақты» күріш кеңшарына бет бұрдық. Әйгілі күріш егумен айналысатын шаруашылық. Науқанның енді ғана басталып, егінді оруға кіріскен кез. Егін бітік шыққан, көз сүйсінтеді, көңіл толтырады.
Әркім біле бермес осы сәтті, дәл осы жағдайды айтып кеткенім жөн болар.
Бақанас өңірінің күрішті алқапқа айналуы тікелей Димекеңнің есімімен байланысты. Уақытында бұл дақылды мұнда өсіруге болмайды, ауа райына және табиғатына сәйкес келмейді деп, ғалымдар қарсы болған екен...
Күріш алқабын аралап, механизатор жігіттермен кездесіп, әдеттегідей хал-жағдайларын сұрастырып, ахуалдарын біліп жатыр, көбісін дерлік өзі де жақсы таниды.
Биыл өнім бітік өскен екен, шығымы да жақсы, бір гектарға айналдырғанда орташа есеппен 45–50 центнерден шығатын сияқты. Бар болғаны жарты сағаттың ішінде бірталай әңгіме айтылып, сырлы сұхбаттар тілге тиек болды.
Алқап аясында бір топ қырғауыл жайылып жүр. Мұны көрген Димекең балаша қуанды. Кешке қарай Іле өзенінің табиғатын тамашалап, қармақ тастап, балық аулады. Ақ балықтар, сазандар... Іленің табиғи әлемі ағаның көңілінен шыққандай...
Ертеңіне ертелетіп жер жаннаты – Жетісудың орталығы Талдықорған қаласына да жеттік.
Жылышыраймен қарсы алып, қошеметтеп жатқан атқамінер жігіттер, бәрі де құрметті қонақты қуана қарсы алды.
Лепсі өзенінің маңайды дүбірлетіп, әнге бөлеген сыршыл ағысының даусы іргедегі ауыл-аймақтың ғана емес, сонау қыр астындағы тұрғындардың да құлағына жетерліктей тым адуынды...
Тау мен жазықтың арасы бар болғаны ширек шақырым болса да, көтеріліп түссеңіз, өзіңізді трамплиннен секірген шаңғышыдай сезінесіз... Өңір табиғатының алып күші осындай ерекше!
Өзен жағалап тіршілік еткен ауыл-қоныс жетерлік. Бұл жерде өзімізден басқа, байырғы, сонау патшалық Ресейдің Воронеж өңірінен келген Столыпиннің станичник-казактары да жетерлік екен.
«Ұлық болсаң, кішік бол!»
Осы тұста бір ерекше кездесу болды. Аласа бойлы ғана, егде тартқан казак азаматы келіп Димекеңе сәлем берді. Тұла бойы, пішіні, киімі сол баяғы казак бабаларына ұқсайды,
Сәлем беріп, хал-жағдай сұрасқан соң, әлгі азамат өзінің өтінішін айтты.
– Рұқсат болса, аяғыңызды құшақтайын, – деді.
– О не дегеніңіз, олай болмайды, – деді Димекең.
– Жо-жоқ, сіз менің өтінішімді орындауыңыз керек! Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, ғанибет, – деді казак қария.
– Рахмет! Мен сізге өте ризамын, бірақ олай жасау қажет емес! Димекең қолындағы шетелдік сағатын шешіп, «Мынаны алыңыз, менің сізге деген тартуым болсын!» деді де, сағатын әлгі қарияның қолына тақты.
Осы аталған кездейсоқ кездесу кинобейнеге тартылып, тасқа жазылып қалды. «Ұлық болсаң, кішік бол!» деген осы.
Жан-жақтан бұл оқиғаның куәсі болып, тарихи көріністі тамашалап тұрған қарт кісінің жерлестері кездесудің осылай аяқталғанына дән риза, өздерінше мәз-мейрам болып, ағамыздың тартуын көріп, көңілдері көтеріліп қалды.
Біреулері қол алысса, біреулері қол шапалақтап, дауыстап, Димекеңе алғыстарын жаудырып, амандық тілеп жатыр.
Сырт көзге өзінше бір тамаша көрініс!
Өзге жұрт болса да, жүректен шыққан лебізін алғаусыз көрсетіп жатыр. «Сыйға сый, сырға бал!» деген осы...
Үлкен тойды былай қойғанда, Димекеңмен кездесудің өзі әп-сәтте тойға айналды.
Мұхамеджан ағамыздың кіндігі кесіліп, қаны тамған кіші отаны – Пионер ауылы бүгін ерекше ажарланып кеткен. Тау бөктерінде орналасқан осынау ауылдың табиғаты тамаша. Айнала зәулім теректер мен жеміс ағаштары көз қызықтырады, әсіресе шоқтай жанып тұрған қызыл алманы айтсаңызшы.
Жетісу өңіріне танымалы – Антонов алмасы, уақытында Қойлық ауылы осы атаумен аталған. Сонау XX ғасырдың басында Воронеж казактарының өзімен бірге ала келген тәбәріктері. Кең-байтақ қазақ жеріне терең тамырын жіберіп, әлі де жайқалып тұр. Түрі де, түсі де, дәмі де сол баяғыдай. Алыптың жұдырығындай, қып-қызыл, алыстан көз тартып, бір тістегенде аузыңыз шырынға толады. Әрбір ауланың көркі осы қызыл алма дерліктей, күзге қарай әр аула, әр көше алмалы баққа айналады, мол өнім төгіліп тұрады.
Жоңғар Алатауының бір тармағы – Лепсі тауы. Тарам-тарам тау жоталары осы жерге келгенде, өзінше бір жайдақтанып кетеді. Жасаған Ием өзі бір түзулеп, жан-жағын тегістеп, сондай бір жайлы етіп жасап қойғандай. Жан-жағы құз, құлама жоталар, төмен жақ ылди құламалар...
Ардақты ағаның аруағын еселеп, қола мүсінінің алқызыл лентасын өз қолымен қиған Димекең үлкен тойды өзі ашты. Ауыл мектебіне, жаңа көшеге есімі берілді. Осылайша, дүбірлі той басталды... Атадан қалған салт-дәстүрдің ережесі де бірыңғай. Тай, құнан, дөнен, жорға, аламан бәйге, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, қазақша күрес.
Намысқа тырысқан жігіттер оңайлықпен бір-біріне берісер емес, айласын асырғаны ғана жеңіске жетіп жатыр. Мәз-мейрам болған үлкен-кіші тақым қысып, өздері бәсекеге түскендей. Домбыраның құлағында ойнап, ән мен жырдың, күмбірлеген күйдің майын тамызған көркемөнерпаздарға деген жұрттың ынта-ықыласы да тым ерекше болды...
Осы ретте асыл сөздің шебері Абай атамыздың «өлмейтұғын артында сөз қалдырған!» деген тұжырымы ойға оралады. Тағдырдың дара жолында жарық жұлдыздай жарқырап, сонау ХХ ғасырдың басында Ресейдің Санкт-Петербург теміржол институтын үздік бітірген асыл ағамыздың бейнесі сол оқу орнының мұражайында мәңгілік сақтаулы тұр... Тағдырды өзіне бағындыра алмаса да, тарихты мойындатқан осынау қазақ баласының бұл жетістігі – халқымыз үшін үлкен мәртебе. Міне, тектіліктің түбі қайда жатыр, ағайын!
Сол XX ғасырдың басында Жаратқан Иеміз қазақ даласына дарынды тұлғаларды үйіп-төгіп бергеніне таңғаласыз. Өкінішке қарай, олардың үмітке толы алмастай жарқыраған өмірлерін қызыл өкімет қиды. Опасыз биліктің зардабы мен зұлымдығын ешқашан ұмытуға болмайды.
Димекең сол тойда мінберде қозғалмай төрт сағат отырды. Әрине, осыншама уақыт 33 градус аптап ыстықта отыру жасы келген адамға оңай болмайтыны айтпаса да белгілі. Алдымызда әлі талай кездесу тұр. Үшарал ауылының тұрғындары да Димекеңмен кездесуге дайын отыр. Уақыт зымырап өтіп барады, сағат төрттен асты, ал жергілікті халықтың Димекеңді жіберетін ойы жоқ. Қараша жұрт ағаны тағы да жарты сағат ұстады, әрқайсысы амандық, денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеп, ақындар өлең арнап жатыр. Шіркін, жомарт жүректі халқымыздың кең пейілі-ай десеңізші...
Асыл ағаның ақтық сапары
Ақырында дүйім халқынан рұқсат сұраған Димекең тілегін айтып, ақ батасын беріп, жолға шықтық. Кештетіп Үшаралға да жеттік. Кешкі мерзімге қарамастан, орталық алаңда толған адамдар. Димекеңнің де көліктен түскені сол еді, жиылған жұрттың бір адамдай: «Жасасын Димаш аға!» деп шыққан даусы бүкіл алаңды дүрілдетті. Аспанға көгершіндер де ұшырылды. Халық шын ниетпен қуанып жатыр. Адамға осыдан артық қандай құрмет керек! Шындықтың көзі халықта!
Ағаға деген ілтипат бізге де әсер еткендей, күні бойы ыстық күннің астында жүріп шаршағанымыз лезде ұмытылғандай. Алаңдағы халықтың көзі Димекеңде.
Әрине, айтпаса да түсінікті, мінберге көтерілуі сол еді, бүкіл алаң бір мезгілде тынышталды. Димекең кешіккені үшін халықтан кешірім сұрап, баршаға амандық, денсаулық және береке тіледі. Соңғы сөзін бітірмей-ақ, алаңда тұрған халық ду қол шапалақтап, ілтипатын білдірді. «Димекең жа-сасын, ағамыз аман болсын!» деген тілектер естіліп жатыр.
Шіркін, дүние, кім ойлаған ертеңіне ағамыздың фәни дүниемен қоштасып, келместің кемесіне мінетінін...
Алакөл... Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны. Өзінің шипалы қасиетімен аты шыққан әйгілі көл, жағажайы қара тасқа боялған графитке ұқсайтын тау жынысы шунгиттен тұрады. Бұл әлемдегі осы тұрпаттағы жалғыз-ақ көл. Құрамында отыздан астам химиялық элемент бар. Шунгит дегеніміз, осыдан бір миллион жыл бұрын қатып қалған тас көмір қалдығы. Осы кең далада бұдан 3000 жыл бұрын жартасқа салынған суреттер сақталған және ежелгі сақтардың көсемдері жерленген – Патшалар жазығы да осында. Көл суының шипалық қасиеті, о бастан-ақ белгілі болған. Уақытында Шыңғыс ханның жараланған сарбаздарын осы көлдің суымен емдеген.
Шүкіршілік, осынау өлке жылдан-жылға қанатын жайып, үлкен демалыс және туристік аймаққа айналуда. Жыл сайын сырқаттарының кілтипанын Алакөлдің суының шипасымен емдеген адамдар саны артып келеді. Бұл өлкеге ағамыздың ақ тілегі мен батасы дарыған сияқты...
Димекеңмен жүздесуге жиналған халық көпке дейін алаңнан тарамады.
Ертеңіне қадірменді мейман аудандағы жаңалықтармен танысып, жаңадан іске қосылған мекемелерді аралады. Іскер жігіттермен кездесіп, әңгімесін тыңдап, кеңесін берді. Түс ауа Алакөл айдынына шығып, катермен саяхат жасап, балық сорпасын ішіп, жақсы демалды. Кеш түсе, жағадағы ағамыз бұрыннан өзі жиі келетін қонақүйге жайғастық. Сол бір отырыстың күллі қазақ елін қамықтырып, қабырғасын қайыстырып, талай жүректерге жара салар кешке айналарын кім білген...
Әдеттегідей, көңіл күйіміз көтеріңкі, Димекеңе арнайы жайылған ақ дастарқанға жиналғанымызға көп бола қойған жоқ еді, төрде отырған ағамыздың хал-жағдайы күрт нашарлап кетті. Мұны бірден сезген жеке дәрігері жылдам қасына жетті. Бәріміз состиып, бірден орнымыздан өре түрегелдік. Жасыратыны жоқ, ойымызда ешқандай күдік жоқ. Жылдам диванға жатқыздық. Дәрігері ем-шарасын қолданып жатыр, мен болсам аяқ жағында тұрып, аяғын уқалап жатырмын. Денесі жылы, қан тамыры соғып тұр. Басын құбылаға бұра берді. Алланың үкіміне амал бар ма, асыл ағамыздың жүрегі тоқтап қалды. Сол күйі басын көтермеді, сөзге де келместен, көзін де ашпастан, бақилық сапарына жүріп кетті.
Осылайша, сонау қиын-қыстау заманда, 30-жылдары Мәскеуде оқып жүргенінде, өзінің көзі көріп, өсиетін тыңдаған, бір үзім нанның құны алтыннан да қымбат болғанда қолынан дәм татып, әкедей қамқор болған Мұхамеджан ағасының елінде, 115 жылдық тойын өткізіп, өзі де мәңгілік сапарға аттанды.
Міне, сол кезден бері 30 жылдың зымырап өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Өткен ғасырдың 69-жылынан бастап ақтық демі біткенше, ұлы тұлғаның жанында қызмет етуді тағдырдың өзіме берген сыйы деп есептеймін. Таңғаламын, толғанамын, ойланамын, осы уақыттың ішінде аузынан бір қатты сөз естімеппін. Шіркін, қандай шыдамдылық пен байсалдылық, не деген парасаттылық, нағыз адамгершілік қасиет пен мәдениеттілік! Осының барлығы бір Димекеңнің бойындағы мен көрген қасиет.
Кешегі біздер, бозбалалар, міне, 70-тен астық... Димекеңнен маған қалған рухани байлық, бірге жүргенде түсірілген, өлшеммен айтқанда, 30 шақырымдай болатын бейнетаспа. Ол кісінің арқасында бармаған тауымыз, баспаған жеріміз қалған жоқ. Әлі күнге дейін еліміздің әрбір бұрышын, әр түкпірін көзімді жұмып барып, иісінен білемін. Асыл ағаның жүрген жері байлық, отырған орны береке, әрбір сөзі нақыл, шежірешіл, ал күлкі-қалжыңы өзінше бір тарих еді.
Өз тарихын білмеу – мәңгүрттік
«Ұлық болсаң, кішік бол!» деген осы. Осынау ғаламат тұлғаға қарап біз өстік, бізге берген тәлім-тәрбиесі бір бөлек еді. Өмірлік мәселелерді өнегелі сөзімен және ізгілікті істерімен қабыстырып, ақиқат пен адалдықтың, шындық пен әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісін салып кетті. Мұны жалаң айтып, сырғыта жазып жеткізу мүмкін емес. Аруағын сыйламаған халықтың болашағы жоқ, ал өз тарихын білмеу – мәңгүрттік.
Әсіресе бүгінгі заманда өсіп келе жатқан жастарға, ауыр болса да, адал шындықты айтуға адал сөз керек. «Қайран халқым – қазағым!» деген ғақлиятты сөздің мағынасын бағамдаған, мән-маңызын түсінген халықпыз.
Димекеңнің өмір жолы – еліміздің, мемлекетіміздің тарихы, халқымыздың тағдыры. Халықтан шыққан ұл, халқының қамын ойлаған перзент халықтың есінде мәңгі қалды. Ешқандай дүниені өзімен бірге алып кеткен жоқ, тіпті оны жинаған да емес, тек еңбегі, аты ғана қалды.
Осыған да шүкіршілік.
Ақтық сапарында алған соңғы сұхбатында айтқан сөзі, ғаламат болашақты болжаған ұлы тұлғаның көрегендігіндей еді: «Мен өз халқыма сенемін, оның болашағы зор!» деді...
Халқына деген осыдан артық сүйіспеншілік бар ма?!
Ендеше, уақыт келді, Димекеңнің халыққа деген өсиетін тәбәрік етіп қайтару – әрбір азаматтың борышы.
Екі ғасырдың куәгері болған асыл ағамыздың өмір жолы өнегеге толы. Өзінің аузынан жазылып алынған таспалар болашақ кинофильмнің негізін құрары сөзсіз. Туындының көркемдік жетекшісі және сценарийін жазған белгілі ақын ағамыз Олжас Сүлейменов. Қолда бар таспадан 30 сағаттық фильм шығаруға болады, бірақ әңгіме көлемде емес, сапасы мен мәнінде, соның өзі 10 сағаттық серияға жетіп тұр. Аталған еңбекті Қазақстан Кинематографистер одағының батыс бөлімшесі атқаруда. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» демекші, қолға алар жұмысты қаражат мәселесі тежеп тұр.
«Көп түкірсе – көл» дейді халық даналығы, бұл мәселеге бейжай қарай алмайтын ел азаматтарының көмегімен асыл ағаның өмір жолы, тұлғалық бейнесі жайлы кинотаспаның өмірге жолдама алатынына кәміл сенгіміз келеді.
• Жастық шақ қанаттарын жайып салу үшін емес, ұшу, жұмыс істеу, жұмыс істеу, жұмыс істеу үшін берілген.• Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.• Сыпайылық кiшiлiктен ғана емес, кiсiлiктен де туады.• Жиырмасыншы ғасыр таңғажайып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал замандас үшін қасірет ғасыры.• Адам айнасы – адам.• Ақиқаттан аттап кету – арға сын.• Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.•Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.• Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті.• Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын.• Сенім – құдіретті күш: тауды да қозғайды.• Жалада шындық болмайды.• Дүние түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып кетуі әп-сәтте.• Орынды сын ойлантпай қоймайды.• Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.
(Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ой-орамдарынан)
Молдағали ОМАРОВ,
кинорежиссер