• RUB:
    5.02
  • USD:
    485.11
  • EUR:
    523.82
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Қазан, 2022

Ажалдың арашашысы – ангиографиялық аппарат

205 рет
көрсетілді

Шымкенттегі №2 қалалық ауруханасының дәрі­гер­лері инсульт алған 52 жастағы азаматтың ми қан тамырына күрделі операцияны пышақсыз жасап, ажалдан арашалап қалды.

Науқас ауруханаға 9 қазан күні өте ауыр халде түскен-тұғын. Жедел тексеруден өту барысында оның сол жақ миының ортаңғы артериясында тромбоз белгілерінің бары анықталды. Дәрігерлер көп ойланбастан оған инсульт диагнозын қояды. Нақтырақ айтқанда, ише­мия­лық инсульт – қан та­мыр­ларының тромбтармен бітелуі. Бұған қоса нау­қастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылады.

Дертке шалдыққан аза­мат­тың ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына үш сағаттан астам уақыт болыпты. Дәрігерлер сол арада оған шұғыл түрде операция жасауға шешім қабылдап, ол ангиография аппараты арқылы, яғни пышақ тілігінсіз өтеді.

Қауіпсіз ота ауруха­на­ның бас дәрігері әрі қаланың штаттан тыс бас рентгенхирургі, жо­ғар­ғы санатты дәрігер А.Рах­маталиев пен ауру­ха­­на­ның рентген­хи­рургі Н.Қарабаевтың қолымен майдан қыл суырғандай аса нәзік әрі жоғары дәл­дік­пен жүргізілді. Бас-аяғы екі сағатқа созылған операция сәтті аяқталып, дәрігерлердің көмегімен науқас жаны ажалдан аман қалды.

«Ангиографиялық аппарат арқылы тромбоэктомия жасадық. Бұл негі­зінен күрделі операция саналады. Бірақ заманауи медициналық құрылғының көмегімен бүгінде мұндай отаны жасаудың қиындығы азайып, аурудың тез аяққа тұрып кету мүмкіндігі артты. Қазіргі таңда науқас өзін өте жақсы сезінеді. Өзі тұрып-жүріп, сұрақтарға толық жауап бере алады. Осы ретте айта кеткен жөн, №2 қалалық аурухананың инсульт орталығы 3-дең­гей­де жұмыс істейді. Егер адам инсульт алып қалып, дерті меңдемей тұрып 4-6 сағат аралығында шұ­ғыл ауруханаға келіп түсетін болса, жоғары сапалы ма­мандандырылған техно­ло­гиялық медициналық көмек беріп үлгереміз. Мұндайда көптеген адамды аман алып қалуға мүм­кіндігіміз жо­ғары болады», – дейді орта­лық мең­герушісі Р.Исабекұлы.­

Ал 52 жастағы науқас операциядан соң бір сағат ішінде толық есін жинап, оң жақ аяқ-қолының қызметі қалпына келіп, бұрынғы қалпына толығымен оралды. Сөйлеу, есту қабілеті де қайта қалпына келді. Отадан соң бір күн бойы қар­қынды терапия блогінде бақылауда болып, келесі күні палатаға ауыстырылды. Қазіргі таңда дәрі­герлер жағдайын жақ­сы деп бағалап отыр.

Өз кезегінде ақ желең­ді абзал жандардың көме­гімен дүние есігін қайта ашқан науқас осы қалт­қы­сыз қызметтері үшін дәрі­гер­лерге шексіз алғы­сын жаудырды.

Жалпы, ангио­гра­фия­лық аппарат Шым­кент­те №2 қала­лық ауруханада, қа­­ла­лық клиникалық балалар ауруханасында және онко­логиялық орталық пен №1 қалалық клиникалық ауруханасында бар.