Кезектен тыс Президент сайлауы – жаңа әрі әділ Қазақстанды құру жолындағы демократиялық үдерістің бастамасы. Сондықтан саяси науқанды барынша ашық және белгіленген талаптарға сәйкес өтуін қадағалау аса маңызды. Бұл туралы «Әділ сайлау үшін» қоғамдық штабының өкілдері баяндады.
Аталған штабтың өкілі, заң ғылымдарының докторы Майгүл Матаеваның айтуынша, қоғамдық ұйымның басты миссиясы – алдағы саяси науқанның конституциялық нормаларға сай өтуін қадағалап, электораттың өз таңдау құқығының бұзылуына жол бермеу.
«Жастар мен қоғамға түсіндіру жұмыстарынан бөлек, осы штаб сайлау туралы заңнамадағы өзгерістер жөнінде, сондай-ақ биылғы конституциялық реформа жөнінде ақпараттармен бөлісуді көздейді.
Байқаушылардың қызметі туралы көпшілік біле бермейді. Алдағы саяси науқанда штаб тарапынан байқаушылар болады. Олардың басым бөлігі – заңгерлер мен ғалымдар. Бақылау барысы әділ түрде өтеді деген сенімдеміз. Белгіленген талапқа сәйкес әр учаскеде қандай да ұйымның атынан бір-бір байқаушыдан болуға тиіс», деді М.Матаева.
Қазақстан заңгерлер одағының өкілі Ермек Әбдірасұлов айтқандай, «Әділ сайлау үшін» штабы қандай да бір мемлекеттік ұйымның мүддесін қорғамайды. Қоғамдық ұйым саяси ағартушылыққа басымдық беріп, белсенді азаматтық қоғам құруға ынталы.
«Азаматтық қоғамдастықтың өкілдері ретінде бізді сайлау туралы заңнаманы кеңінен насихаттау қызықтырады. Неге десеңіз, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам тарапынан бұл бағытта сұрақ көп қойылады. Осы уақытқа дейін бірнеше республикалық телеарнаның бағдарламаларына қатысып, мерзімді басылымдарға сұхбат бердік. Онда әділ сайлауды өткізудің қаншалықты маңызды екендігі жайлы ұстанымымызды білдірдік.
Біз үшін ең маңыздысы, сайлаудың заңға сай ашық әрі әділ өтуі. Әлбетте, еліміз үшін маңызды саяси оқиға туралы халықтың тарапынан қойылып жатқан сұрақ өте көп. Оның ішінде президентікке түсетін үміткерлерге қойылатын талаптар жөнінде, сол секілді жаңадан белгіленген 7 жылдық мерзімге байланысты мәселе аз емес. Жас ерекшелігі мен барлығына қарсы дауыс беру туралы сұрап жатқандар жетерлік. Сондай-ақ еліміздегі сайлау процесінің халықаралық талаптарға қаншалықты сай екендігі жөнінде білгісі келетіндер бар. Аккредиттеуден өткен халықаралық және жергілікті байқаушылардың айырмашылығын әлі де кеңірек дұрыс жеткізу қажет. Бұдан бөлек, сайлауда заң бұзушылықтар орын алса, кім және қалай жауап беретіні туралы сұрақтар көп», деді Е.Әбдірасұлов.
Заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірованың пікіріне сүйенсек, қазір Қазақстан заманауи жылнамасында жауапты сәтте тұр. Осы сайлаудың нәтижесінде көпшілік күтіп отырған жаңа әрі әділ мемлекет құру тұжырымдамасы қаншалықты әрі қалай жүзеге асатыны белгілі болады.
«Қасиетті Абай өңірінен еліміздің қаншама рухани тұлғалары шыққаны барлығына мәлім. Осы ретте ұлы Абайдың өзі болыстыққа сайлау арқылы келгенін айта кеткен орынды. Ал ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан халықтың таңдауы арқасында Мемлекеттік думаға депутат болып түскенін ұмытпауымыз қажет.
Қазір еліміз жаңа кезеңнің алдында тұр. Дәл осы сәттен бастап Қазақстанның дамудың даңғыл жолына түсуінің есебі басталмақ. Әрине бұл жолда әділдік салтанат құрып, демократиялық процестер қарқын алса екен деген тілегіміз бар. Бұл сайлау басқа сайлаулардан өзгеше болатынына сеніміміз жоғары.
Таяуда Мемлекет басшысы Қазақстан демократиялық ел екенін айта келе мемлекетті басқаратын Президент те халықтың таңдауына сәйкес сайланатынын жеткізген болатын. Президент алдағы сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне уәде етті. Бұл – Мемлекет басшысының берік ұстанымы», деді И.Әубәкірова.
Штаб өкілдері биылғы саяси дода еліміздегі сайлау цикліне оң әсер ететініне сенімді. Демек бұл саяси жаңғырудың тек бастамасы ғана дейді ұйым мүшелері.
Абай облысы