• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 20 Қазан, 2022

«Астана» биржасында өзгеріс көп

210 рет
көрсетілді

Қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының қор биржасы – AIX-тің (Astana International Exchange) ресми тізіміне әртүрлі 88 эмитенттің 129 бағалы қағаздар шығарылымы кіріп отыр. 17 қазақстандық және 12 халықаралық брокер АІХ-тің сауда мүшелері болып саналады. АІХ Орталық депозитарийінде инвесторлардың 415 мыңнан астам шоты ашылған.

FinReview.info аналитика­лық ресурсының хабарлауынша, қыр­күйек айында АІХ өз қыз­меті­нің ISO 27001 және ISO 27032 жаһандық стандарттарына сәйкестігін растады. Сонымен қатар жаңа екі стандарт – ISO 27018 бен ISO 27017 бойынша сертификаттаудан өтті. Бұл стандарттар толық бизнес циклдің: сауда, клиринг, есеп айырысу, тіркеу қызметтерінің және депозитарлық қызметтің қамтамасыз етілуін қамтиды.

Жалпы алғанда, үшінші тоқ­сан ішінде AIXQI 11,67 па­йыз­ға өсті. Индекстің үш компаниясы тоқсандық өсім көрсетті – Kcell (+40,6 пайыз), «Банк ЦентрКредит» (+37,9 пайыз) және Kaspi.kz (+33,7 пайыз).

«Kcell акциялары үшін осы жылдың үшінші тоқсаны дивидендтер төлеу мерзімін шегеру тура­лы шешім қабылданғандықтан, осыған дейін қатты төмендеген құнды қалпына келтіру тоқсаны болды. Телеком-оператор қыз­метінің нәтижелері бүкіл тоқ­сан бойы өсуге негіз қалады. Компанияның жарияланған қар­жылық есептілігіне сәйкес 2021 жылы Kcell-дің бір акцияға шаққандағы таза пайдасы екі есе өсті. Бұл тенденция 2022 жылы да жалғасып келеді. Қыр­күйек айында Kcell акциялары 5,82 пайызға түзелді. Kcell-дің негізгі акционерлерінің бірі саналатын «Қазақтелеком» компаниясында әдеттегідей баға белгіленуінің елеусіз нарықтық ауытқулары бар. Қыркүйек айы­ның қорытындысы бойынша компанияның акциялары 3,76 пайызға өсті, ал тоқсандық өсімі 7,19 пайызды құрады», деп жазды FinReview.info.

2022 жылы «Банк Центр­Кре­дит» жариялаған оң қаржылық есептер мен «Альфа-Банктің» еншілес ұйымымен сәтті қосылуы банктің баға белгілеулерінің сенімді өсуін қамтамасыз етуде. «Банк ЦентрКредит» баға белгі­леу­лерінің өсуі қыркүйекте 11,76 пайызды құрады. Банктің бизнес-позицияларының жақса­руын S&P рейтинг агенттігі де рас­тады. Агенттік «Банк ЦентрКредит»-тің ұзақмерзімді кредит­тік рейтингін «В»-дан «В+»-ке «Тұрақты» болжамымен жоғарылатты.

FinReview.info-ның хабарлауынша, банк секторының тағы бір өкілі Kaspi.kz те оң қаржылық нәтижелерді жариялауда. Бұдан басқа, Kaspi.kz баға белгілеулері жаһандық депозитарлық акция­ларды кері сатып алумен және дивидендтер төленуімен (1 жай акцияға 500 теңге) қуатталып отыр. S&P рейтинг агенттігі Kaspi Bank рейтингін «ВВ-»-дан «ВВ»-ға дейін «Тұрақты» болжамымен жо­ғарылатты. Үшінші тоқсанның көп бөлігіндегі өсуден кейін Kaspi.kz баға белгілеулері қыркүйек айында 3,14 пайызға түзелді.

19 қыркүйекте өткен акцио­нер­лердің жалпы жиналысында «Халық Банк» жай акция­лар бойынша дивидендтер тө­леу мен оның ықтималды со­ма­сы жөнінде қазан айында шешім қабылдау жоспарланып отырғанын хабарлады. Соған қарамастан, Қазақстанның банк секторындағы көшбасшының акциялары айдың қорытындысы бойынша 7,95 пайызға төмендеді. Алайда үшінші тоқсан «Халық Банк» үшін +3,63 пайызбен жабылды.

«Қазатомөнеркәсіптің» директорлар кеңесі компанияның 2024 жылы өндіріс көлемдерін жалпы жоспарланған деңгеймен салыстырғанда шамамен 10 пайызға қысқарту жөніндегі стратегиясын мақұлдады. Соны­мен қатар қыркүйекте уран компаниясының топ-менед­жментінде кадрлық өзгерістер орын алды – басқарма төраға­сы қызметіне Е.Мұқанов тағайын­далды, стратегия және даму жөнін­дегі бас директор лауазымы қыс­қар­тылды. Нәтижесінде, басқар­ма­ның сандық құрамы қысқа­рып, 8 адамның орнына 7 адам болды. Қыркүйек айының қо­ры­тындылары бойынша «Қаз­атомөнеркәсіп» акцияларының құны азайды (-19,56 пайыз), нәтижесінде бұл 1,32 пайыздық тоқсандық төмендеуге әкелді.

«KazTransOil акциялары мұнай бағасының қыркүйекте төмен­деуіне байланысты қы­сым­ға түсті. Айдың қорытын­ды­лары бойынша компанияның баға бел­гі­леулері 8,46 пайыз­ға төмендеді, ал тоқсан қорытын­дылары бойынша 0,58 пайызға өскен», делінген FinReview.info хабарламасында.

AIXQI индексінің компания­лары арасында тоқсан қоры­тын­дысы бойынша ең нашар нәти­жені Central Asia Metals ком­паниясы көрсетті (-4,77 па­йыз). Оған дамушы елдердегі кен нарығының құлдырауы, реце­сия­лық күтулер мен Англия банкі тарапынан ақша-кредит саясатының қатайтылуы әсер еткен. Қыркүйек айының қорытын­дылары бо­йынша компания акциялары 9,04 пайызға төмендеді.