• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2022

Жылу жүйесіне қосылады

137 рет
көрсетілді

Абай облысындағы көне оқу орындарының бірі, кезінде Алаш ардақтылары білім алып, қызмет еткен Мұх­тар Әуезов атындағы педа­гоги­калық колледжінің көп жыл­дан бері қордаланған мәсе­лесі шешілуге жақын. Он жеті жылдан бері колледж­дің инженерлік инфра­құ­рылымын шаһар­дың ор­та­лық­танды­рылған жылу жүйесіне қосу мұңға айналған еді.

Өзекті мәселені Абай облы-сының әкімдігі назарға алып, алдағы уақытта білім ордасы қаланың жылу желісіне қосы­латын болды. Бұл туралы аталған педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева хабарлады.

Жалпы, оқу орнының әкімші­лігі колледждің жылу қазанды­ғын орталық­тандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесін он жеті жылдан астам уақыт қала әкімшілігінің алдында көтеріп келді. Бұл шешімін таппаған, әбден «титықтатқан» мәселе еді. Орталықта орналасқан жылу қазандығы қаланың экологиясына, ұлт ұлыларының ізі қалған тарихи ғимараттың сақталуына орасан зор зиян келтіріп келеді. 

Абай облысына Нұрлан Ұран­хаев әкім болып тағайындал­ғаннан кейін қызметін қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысымен танысуды, оның ішінде 119 жылдық тарихы бар аталған колледжден бастады. Сол кездесу­де Нұрлан Тельманұлы оқу орнының барлық шешімін күт­кен мәселесін назарға алып, орындалуын бақылауына алатынын айтқан болатын.

«Облыс әкімі уәдесіне берік екен. Тізімде тұрған өтініштеріміз бір­ден шешіле бастады. Риза бол­дық. Көңілімізде жүрген, ше­ші­мін күткен көп мәселе орын­­да­лып жатыр. 1987 жылы М.Әуезо­в­­­тің 90 жылдығында са­лын­ған ғи­ма­ра­тымызда бар-жо­ғы 100-ақ орын­дық мәжіліс залы, 400 орын­ға арналған  киіміл­гі­ші­міз бар. Қазір оқу орнында 1 500-дей студент білім алып жатыр. Ауқым­ды мәдени шаралар­ды өт­кізу­де, алты ай қыста студент­тер­дің киімін орналастыруда қатты қина­латынбыз», дейді Ш.Жанаева.

Оқу орнының басшысы айтқан­дай, колледждің жылу қазандығы қаланың орталық­тан­дырылған жылу жүйесіне қосыл­ған жағдайда, орнына мә­жіліс залы мен киімілгіш, басқа да қосалқы қажетті кабинеттер қамтылған екі қабатты заманауи ғимарат салынады.

«Осы жобаның дайындалуына айрықша көңіл бөлген Абай облысының әкімі Нұрлан Тельманұлына ризашы­­лы­ғы­мызды білдіреміз. Әкімнің ұлы­лардың білім ұясы саналатын колледждің тарихына құрметі – еліміздің тарихына құрметі! Облыс болып құрылғаннан бері 3-4 айда қалада қаншама өзгеріс болып жатыр. Көңіліміз өсіп жүр! Жолымыз да сайрап, бағымыз да жайнап, қаламыз шуақты нұрға бөленіп келе жатыр!», деді педагогикалық колледждің директоры.

Таяуда Мемлекет басшысы Абай облысына жасаған сапарында аталған колледждің жұмысы­мен танысып, оқу орнының тари­хы мен жетістіктеріне, білім ор­да­сынан білім алған ұлы тұл­ға­­лар­дың өміріне арналған көр­ме­ні аралап, оқытушылар ұжы­мы және сту­дент­термен пікір алмасқан болатын.

«Ұстаз деген – қасиетті маман­дық. Бәріміз ұстазды сыйлай­мыз. Себебі ұстаз – жоғары деңгей­дегі тұлға. Балаларға лайық­ты білім беріліп жатыр. Білім­сіз адам қауқарсыз деп айтуға болады. Қауқарсыз адам қазіргі бәсе­кеге толы әлемде қалай өмір сүре­ді? Сондықтан жас маман­дар­ға мен ризамын. Өздеріңіз сия­қ­ты жас­­тарды мемлекет те әрқа­­шан қол­дайды», деген еді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Президент елімізде жастарға жағдай жасау үшін біраз реформа жүзеге асырылып жат­қанын да жеткізген-ді.

 

СЕМЕЙ