• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қазан, 2022

Жүйріктердің жұлдызын жаққан ұстаз

424 рет
көрсетілді

Аудандық мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Жұмагүл Нәлібаеваның 60 жасқа толуына орай «Жүйріктердің жұлдызын жаққан ұстаз» атты кездесу кеші болып өтті. Қырық жыл ұстаздық етіп, шәкірттеріне білім нәрін сіңірумен қатар, жақсы тәлім-тәрбие берген, сөйтіп жұртының ықыласына бөленген ұстазымыздың аты-жөні – Жұмагүл Нәлібаева.

Кеш «Өмірі өнегелі ұстаз» көрмесінен бастау алып, үлкен сахнада ұстаздың ағартушылық жолын баяндайтын бейнефильммен жалғасты. Кешті айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова жүргізді. Кешті ашқан аудан әкімі С.Сұлтанханов аудан тұрғындарын 25 қазан – Республика күнімен құттықтай келіп, өмірін ағарту саласына арнаған ұстаздың өнегелі істері ұрпаққа үлгі екенін жеткізіп, мерейтой иесіне аудан халқының ыстық ықыласын жеткізді. Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Темірбек, ақын Б.Сұлтаев та құттықтау сөз сөйлеп, ұстазға сый-сыяпаттарын жасап, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ Ж.Нәлібаеваның әлі сиясы кеппеген «Тілашар» атты жаңа кітабының тұсаукеcер рәсімі жасалды. Жас ақын Ахметрасул Баянбай апасына деген арнау өлеңін оқыса, айтыскер ақындар Д.Ақсақалов пен Д.Полатбаев айтысып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кеш барысында Жұмагүл апайдың бауыры, созақтық Жайсаңбай Байбатыр «Сүгірдің термесін» нақышына келтіре орындаса, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет етіп жүрген Серік Сейітман, Нартай Сүлейменов, Мейрамкүл Құрманалиева бастаған бір топ шәкірті ұстаздарын арнайы құттықтап, жүрекжарды ақ тілектері мен ыстық ықыластарын білдірді. Сонымен қатар ұстазымыздың ұл-қыздары мен немерелері де құттықтау сөз сөйлеп, арнау өлеңдерін оқыды.

Кеш соңында мерейтой иесі аудан әкімдігіне, мәдениет бөлімі мен ұйымдастырушыларға және қошемет көрсетіп отырған барша көрерменге алғысын білдірді.

 

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,

Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры