Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті, тапшылық туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болды. Бұл туралы Президент Жетісу облысындағы жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еліміздегі 4 қант зауытының екеуі Жетісуда орналасқан. Оның біреуі – Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұр. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Алайда, серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмай отырғанын жеткізді.
Президент бүгінде қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленген. Оған 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция салу көзделіп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7 пайыздан 43 пайызға дейін өседі деген болжам бар.
«Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған», деді Қ.Тоқаев жиын барысында.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы отандық агро секторды қолдау жұмыстарын одан әрі жалғастыратынын жеткізді.