• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2014

Қарым-қатынастар болашағы зор

227 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Малайзия Премьер-министрі Наджиб Тун Разак бастаған екі елдің үкіметаралық келіссөздері болып өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Келіссөз барысында тараптар сауда экономикалық ынты­мақтастықтың кең ауқымдағы мәсе­лелерін талқылады. Қазақстан Үкіметінің басшысы Қазақстанда мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағ­дарлама сәтті іске асырылып жатқанын атап көрсетіп, малай­зиялық инвес­торларды осы бағ­дарламаға бел­сенді түрде қатысуға шақырды. К.Мәсімовтің айтуын­ша, мұнай-газ және тау-кен, индус­триялы өнеркәсіп, білім беру, ша­ғын және орта бизнес, туризм салалары бойынша өзара іс-қимылды дамытудың болашағы зор. «Қазақстан Үкіметі жасалған шарттарға 10 жылға тұрақтылық беру, салық жеңілдіктері мен шетелдік мамандарды тарту сияқты инвесторларға жаңа мүмкіндіктер беруді көздейтін заң жобасын дайындады», деді Қазақстан  Премьер-Министрі. Сондай-ақ, К.Мәсімов малайзиялық тарапты Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды. Өз кезегінде Н.Разак Қазақстан мен Малайзия арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып отырғанын атап өтті. «Қазіргі таңда Қазақстанда қуатты эко­но­микалық өсім байқалып отыр. Бізде екіжақты әріптестікті әрі қа­рай дамытудың үлкен әлеуеті бар», деді, Малайзия Премьер-министрі. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Kazakhstan Methanol Limited» және «Kenmakmur Holding Sdn. Bhd.» компаниялары арасында осы өңірде метанол және сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттардың құрылысы жөнінде шекті келісімге қол қойылды. Жамбыл облысының әкімдігі мен «Agrostan Farms Sdn. Bhd.» ком­паниясы мал шаруашылық фер­маларын құру бойынша ын­ты­мақтастық туралы меморандумға қол қойды.