2009-2021 жылдары республикадағы елеулі демографиялық өзгерістер болғаны белгілі. Қазақстан халқы саны 3 млн 176 мың адамға өсті (19,8%). Халықтың жалпы өсімі оң қарқынды сақтап, көрсеткіші 33,7%-ды құрады.
Қазақтардың үлес салмағы 2009 жылы 63,1% құраса, ал 2021 жылы 70,4%-ға жетті. Айта кетер болсақ, XIX-XXI ғасырлардағы санақ өткен жылдары қазақтардың ең жоғары үлес салмағы 1897 жылы байқалды, құрамында этностардың үлесі 82% болды.
1897-2021 санақ аралық жылдардағы қазақтардың өсу қарқынын үш кезеңге бөлуге болады. Оның ішінде, ең жоғары өсім байқалған кезең – 2009-2021 жылдар аралығы. Осы уақыт аралығында көрініс тапқан жоғары өсім негізінен табиғи өсімінің есебінен болды және қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған. Туу көрсеткіштері өсті және туудың екінші және үшін балалар әсерінен қазақтың саны ұлғайды.
Келесі қазақтардың жоғары өсуі 1999-2009 жылдары байқалды. Осы уақыт аралығында қазақтың абсолюттік өсімі 2 125 мыңға (26,7%) жетті.
Абсолюттік және салыстырмалы түрде халық санының артуы 1959-1970 жылдары байқалды. Аталған жылдары қазақтардың санының өсімі екі факторға байланысты болды. Қазақтың санының артуына үлкен әсер тигізген ішкі фактор – туудың өсуі және өлімнің төмендеуі немесе табиғи өсім арқылы. 1955-1960 жылдары қазақ әйелдерінің туу жиынтығы коэффициенті 4,4-ке дейін жетіп, қөрсеткіштің әлемдік ең биік деңгейіне (4,9) жақындады. Сыртқы фактор – иммиграцияның ықпалы (1954–1962 жылдары Қытайдан Қазақстанға 252 мың қазақтар мен ұйғырлар көшіп келді, олар негізінен сол кездегі Алматы және Семей облыстарына қоныстанды.
Қазақ халқының табиғи өсуіне медицинаның дамуы және өмірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын (ауру кезінде антибиотиктерді кеңінен қолдану, ауылдық жерлерде перзентханалар пайда болуы және т.б.) жақсарып, тірі туғандардың санының арттуына әкелді. 1959-1960 жылдар аралығында «демографиялық жарылыс» (әсіресе 1959-1961 жж.) байқалып, бірінші демографиялық ауысудың ажырамас бөлігі ретінде болды. Осы кезеңдегі қазақ халқының жедел табиғи өсімі жалпы туу көрсеткішінің жоғары деңгейі арқылы қалыптасып және туу кезектілігінің артуы арқылы көбейді.
1970-1975 жылдары қазақтардың саны артып, республикада қазақтандыру үдерісінің ұлғаюына алып келді. Кейбір елді мекендерде, әсіресе Жетісу және Семей облыстарында орыстар қөп шоғырланған аудан орталықтарында және ауылдарда қазақтардың саны өсе бастады.
Халықтың қазақ бөлігінің үлес салмағы өсіп, керісінше орыстар 1970 жылдан бастап ұдайы кеміді. 1999-2009 жылдары орыстар саны 695 мың 941 адамға азайса, ал келесі 12 жылдықта олардың саны одан сайын төмендеді. Орыстар 2009-2021 жылдары 811 мың 818 адамға азайды. Бұл үрдіс орыстардың 1/5-ге (21,4%) азайғанын көрсетеді. Олардың үлес салмағы 2009 жылғы 23,7%-дан келесі он бір жылдан кейін, яғни 2021 жылы, 15,5%-ға дейін кеміді. Сол сияқты украиндердің үлес салмағы 2,0%-ға, татарлар 1,1%-ға жетті.
1999-2009 жылдары халық санының кемуі орыс, украин, белорус, неміс пен татар арасында байқалса, ал келесі санақ бойынша (2009-2021 жж.) аталған этностардың (орыстардан басқа) саны тұрақталып, өсім пайда болды. Мысалы, украиндер 54,3 мыңға, белорустар 10 мыңға, немістер 47,7 мыңға, татарлар 14,4 мыңға артты. Көріп отырғандай, аталған этностардың арасында жалпы өсім берген немістер. Оларда эмиграция үрдісі болса да, негізінен этностың ұлғаюы (2018 жылға дейін) табиғи өсім арқылы жүзеге асты.
2009-2021 жылдар аралығында этностар арасында ең жоғары өсім өзбек пен ұйғыр этностарында байқалды. Өзбектер 1/3-ге (34,4%) көбейсе, ұйғырлар 65 мыңға өсті. Жалпы, басқа этностармен салыстырғанда өзбектердің 2009-2021 жылғы өсімі ең жоғары болды (157,1 мың). 1999-2009 жылдары 2009-2021 жылдармен саластырғанда өзбектердің өсуі екі есе кем болды.
1897-2021 жылдар аралығындағы өзбек этносының ұлғаю үрдісі үш кезеңнен тұрды. Мысалы, 1897-1929 жылдары өзбектердің саны 99,8 мыңға артып, ең жоғары өсім байқалса, 1999-2009 жылдары 87,2 мыңға өсті, үшінші кезеңде 1959-1970 жылдары 80,4 мыңға көбейді.
XIX мен XXI ғасырларда өткен санақ мәліметтерін салыстырғанда ұйғырлардың ең жоғары өсімі 2009-2021 жылдары байқалды (65,6 мың), осындай өсім үрдісі 1959-1970 жылдары да болды (61,0 мың).
Сол сияқты 2009-2021 жылдары татар, әзербайжан, корей, тәжік, дүнгендердің, белорус, күрд, поляк, қырғыз, чешен этностарының өсімі байқалды.
Қорыта келе 2009-2021 жылдары қазақтардың жоғары өсімі байқалады, бұл халық санының үлес салмағының артуына әкелді. Аз өсім берген және кеміген этностар өздеріне жақын этностарға ассимиляцияланды. 2021 жылғы санақ бойынша бірқатар этнос өзара ассимилияциядан өтіп, азайды. Мәселен, түріктердің бір бөлігі әзербайжан этносына айналып, әзербайжандардың саны 170 мыңға жетті. Сонымен бірге түріктердін бір бөлігі ресми көшіп, тұрақты мекенжай ретінде Түркияны таңдады. Оған коса осы елге түркітердің уақытша жұмыс эмиграциясы бойынша көші-қон ағыны күшейді. Біраз украиндер, белорустар, поляктар орыс этносы өкіліне айналды. Сонымен бірге этносаралық некелерде ұйғырлар, өзбектер қазақпен неке құрған жағдайда қазақ болып жазылатын үдеріс байқалады.
2009-2021 жылдары қазақтардың жоғары өсімі байқалады, бұл халық санының үлес салмағының артуына әкелді. Қазақтардың үлес салмағы 70%-ға жетіп, айқын басымдыққа ие болды. Орыстардын саны 1937 жылдан бастап санақ аралығындағы жылдар ішінде 1989 жылға дейін өсіп келсе, 1989 жылдан бастап олардың өсімі күрт өзгеріп, теріс көрсеткішке ие болды. 1989 жылы орыстар саны 6 227 мың адамды құрады, 2021 жылы 3 245 мың адамға дейін азайды. Орыстар басқа еуропалық этностық топтармен салыстырғанда абсолютті санның айтарлықтай төмендеуі байқалды, бұл этностық топтар арасындағы үлесінің төмендеуіне әсер етті.
Украиндер саны 1970 жылға дейін өсіп, кейінгі жылдары азайды. 1970 жылы украиндер саны 933 мың адам болса, ал 2009 жылы 333 мың адамға төмендеді. Осылайша, 1970-2009 жылдары аралығында украиндердің саны 600 мыңға азайып, ал 2021 жылдан бастап өсім үрдісін байқаймыз.
1989 жылдан 2009 жылға дейін немістер, татарлар, белорустар арасында абсолютті санның төмендеу тенденциясы 2021 жылы тоқтады. 2009-2021 жылдары аталған этностарда санның тұрақтануы және біршама өсім байқалады. Өзбектер, ұйғырлар, әзербайжандар санының жоғары өсуін көрсетеді. Жиынтықта көрсетілген өзгерістер республиканың демографиялық доминантының құрылымында өзгерістерге алып келді.
2009 жылға дейін республикадағы этнодемографиялық доминантасында өзгерістер пайда болды. Осы жылға дейін этнодемографиялық құрылымында қазақтар, орыстар, белорустар, украиндер, немістер басым болды. Қазіргі кезде қазақ пен орыстан кейін, өзбектердін үлес салмағы өсе бастады. Сонымен бірге ұйғырлардың табиғи өсімі соңғы жылдары баяуласа да, бірақ жақын аралықта абсолюттік үлес салмағы артты. Сөйте келе, түркітілдес этностар үлесі басым бола бастады. Керісінше еуропалық этностардың (орыс, белорус, украин және неміс) үлесі азая бастады. Этнодемографиядағы өзгерістерді экономикалық, әлеуметтік салаларда, әсіресе оқу, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, қызмет қөрсету салаларында және жергілікті атқару органдарында этнодемографиялық өзгерістерді ескеру қажет болып отыр.
1-сурет. 1897-2021 жылдар аралығындағы халық санағының мәліметтері бойынша ұлттық құрамының үлес салмағы (%)
Ғали ДІНМҰХАММЕД,
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының департамент директоры