Туған жерін кім-кім де жақсы көретіні аян ғой. Ақын Дүйсенбі Смайыловтың еліне, Шиеліге деген сүйіспеншілігі алабөтен.
«...Ынтығып егер тұрса оған,
Ыстық қой елдің құшағы.
Өзгеге емес, бір саған,
Жүрегім алып ұшады.
Шырқаған шыңға түлегі,
Шиелім қандай майсалы.
Осында қыздың Жібегі,
Осында ұлдың жайсаңы...»
Елдің құшағын, халықтың ықыласын сағынған ақын шынайы сезімін осылайша төгілтеді. Отанын, елін, жерін қастерлеген ақын ғана осылай жырласа керек.
Дүйсенбі Смайылұлы 1932 жылы Шиелі ауданының Ортақшыл елді мекенінде дүниеге келді. 1951 жылы білімін жетілдіру мақсатымен ҚазМУ-дың журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Еңбектен қол үзбей жүріп Шиелі аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, аудандық «Стахановшы» газетінде жауапты хатшы, газет жабылып, атауы «Коммунизм жолы» болып қайта шыққанда редактордың орынбасары қызметін атқарады.
Шиеліге іссапармен келген облыстық партия комитетінің хатшысы Дәуірхан Айдаров талантты да елгезек жігітті үгіт-насихат бөліміне нұсқаушылыққа шақырды. Бұл 1958 жыл еді. 1963 жылдан бастап облыстық «Ленин жолы» газетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалып, журналистік мамандығын қайта шыңдай түсті.
Ескіше сауаты бар әкесі Смайыл болашақ білімде екенін түсініп, баларының оқуына кедергі болмапты. Анасы Саракүл болса, әкеден жастай қалған балаларының ауыртпалығын мойымай көтеріп ел қатарына қосты. Апасы Рахия мен қарындасы Раушан бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған абыройлы ұстаз болды...
1962 жылы «екі ауданға ауданаралық бір газет шығып тұрса, сол да жетеді» деген мәскеулік биліктің әрекетінен кейін Шиелі аудандық газеті жабылды. Жыл аяғында Шиелі мен Жаңақорған бірігіп, үлкен ауданға айналды. Баспасөз орнына байланыс бөлімі жанынан радио хабарын тарату редакциясы ашылды.
«...Мен радио хабарын ұйымдастырушы әрі жүргізушісі болып орналастым, – деп жазады ардагер журналист, Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Айдархан Бибасарұлы «Газет – аудан тарихы, ел шежіресі» деген естелігінде. – 1963 жылдың май айынан аудандық газетті қайта шығару керек болды. Оның редакторлығына белгілі журналист Дүйсенбі Смайылов бекітілді. Ол кадрды іріктеуге кірісті. Екі-үш күннің ішінде-ақ редактордың орынбасары, жауапты хатшы, бөлім меңгерушілері, әдеби қызметкерлер мен корректорларға дейін белгіленді. Мен де газетке ауыстым. Басылым «Өскен өңір» деп аталды. Шиелі орталығындағы бұрынғы баспахана үйі керек-жарағымен бүлінбей сақталған екен. Ұжым мүшелерінің қажыр-қайратымен бірінші мамыр – мейрам күні «Өскен өңірдің» алғашқы нөмірі жарық көрді. Жаңа басылымды құттықтаушылар көп болды. Газеттің жаңа атауын «Өскен өңір» деп Дүйсекеңнің өзі қояды. Егінге де, мал шаруашылығына да қолайлы өңірді өркендетеміз деген ниеттен туса керек. Аудандық партия комитетінің бюросы редактордың ұсынысын қолдап, газеттің жаңа атауын бекітті...»
Редактор кезінде Дүйсенбі Смайылов әріптестеріне, жаңадан қанаттанып келе жатқан жас буынға қамқорлық танытып, ақылшы болды. Сабырлы мінезімен, пайым-парасатымен, әділдігімен адамды өзіне үйіріп алатын. Айналасына мейірім шуағын шашып тұратын. Ауыл-село тілшілеріне сеніммен, үміт арта қарайтын.
Ауыл-село тілшілері демекші, жыл сайын болатын баспасөз (ол кезде баспасөз мерекесі 5 мамыр деп белгіленген) күнінде олардың басын қосып, газетке хабар дайындау, тақырып таңдау төңірегінде әңгіме өткізіп отыру дәстүрге айналған-ды. Аудан мектептерінен келген, бір-бірінің аты-жөнін тек газеттен көріп жүрген оқушы-тілшілер танысып, білісіп, шүйіркелесіп қалатын. Мен де сол ауыл тілшісінің бірі болдым. Бір-бірімізбен жарысып мақала, өлең жазатынбыз. Мақаланы қысқа жазуға тырысатынбыз. Ұстазымыз «Қысқа да нұсқа жаз» дегенді көбірек айтатын. «Өскен өңір» газетінің бірінші бетінде «Қысқаша» деген айдар болатын. Газеттің шеткі бір бағанын ұзына бойына түгел алып жататын. Әр нөмір сайын беріліп тұратын. Ондағы мәліметтер 5-6 жолдан аспайтын. Ұжымның немесе бригаданың науқандық жұмысы сол 5-6 жолға сыйып кететін. Сол айдар ауыл тілшілерінің мақала-хабарларынан дайындалатын.
Осылайша, редактор Дүйсенбі Смайылов ағаның арқасында газет жанрынан мектепте жүргенде-ақ хабардар болдық. Оның пайдасын университетке оқуға түсерде көрдік. Жоғарғы оқу орнының талабы журналистика факультетіне түсемін деушілер өзге құжаттармен бірге газетке шыққан мақалаларын (кемінде 2-3 мақала) өткізу керек екен. Менің апарған мақалам 20-дан асып кетті. Қабылдап отырған апай: «Осының бәрін өзің жаздың ба? Сен дайын журналист екенсің ғой...» деп ризалық кейіппен күлімсіреп қарағаны есімде.
1950-жылдары аудандық газетте (ол кезде «Коммунизм жолы») корректор болып істеген, қазір ардагер журналист Қайырбек Мырзахметұлы «Дүйсенбі мектебі» деген естелігінде редакция қабырғасында өткен жалынға, думанға толы кезін қаз қалпында шынайы жеткізіпті. Дүйсекеңе қатысты жерлерінен қысқаша үзінді келтірейін:
«...Жауапты хатшы Дүйсекеңнің талабы қатты. Жастық шақ аудандық газеттің қиын сәттерін бастан өткізетін, шыңдалу мектебі болды. Бәрімізді журналистік биікке тәрбиелеген Дүйсекеңнің еңбегіне тағзым етпесек, есімін еске алмасақ, аруағы алдында күнәһар болармыз...»
«...Дүйсекең күй талғамайтын, газеттің макетін он сызып, отыз қарайтын. Оның жасаған макеті қыздың жиған жүгіндей ажарлы, жұп-жұмыр, ә дегеннен оқушыны өзіне тартып алатын. Содан болар, аудандық газет облыстың талай жүлдесін алудан кенде болған жоқ...»
Ия, Қайырбек аға десе дегендей, Дүйсенбі Смайылов редактор болған жылдары аудандық «Өскен өңір» газеті республика бойынша мерзімді басылымдарының арасында III орынды тұрақты иеленіп келді. Редакция жанында Қалмахан Әбдіқадыров атындағы әдеби бірлестік жұмыс істеді.
– Дүйсекеңнің қамқорлық жасап, қол ұшын бермеген адамы кемде-кем шығар. Қаншама азаматқа көмектесті. Елге танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбаевпен арадағы қарым-қатынасы, сыйластығы, хат жазысып тұрғаны соның бір айғағы. Ақын Қанапия Дәрібаев, жалындаған жастық шағында марқұм болып кеткен Сәрсенбек Жұмабеков пен дарынды жазушы, шешен жігіті Абдулхамид Исаевтарды да қанатының астына алып, оларға тілектестік, ағалық пейілмен жанашыр болғанын ел біледі, – дейді жасы тоқсанды алқымдап қалған, жарты ғасырға жуық уақыттан бері Дүйсекеңдей асыл жарын жадынан бір сәтке шығармай келе жатқан аяулы ана Кеңескүл апа өткенге ойлана көз жіберіп.
Ал енді Дүйсекеңнің сол еңбегінің нәтижесі қандай болды дегенге келетін болсақ, тәрбиеленген жас талаптардың бірқатары ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, өздерінің сүйікті «Өскен өңір» газетіне қайтып оралды.
Бірсыпырасы еліміздің ақпарат және әдебиет саласында жемісті еңбек етті. Олардың арасынан Қатира Жәленова, Қуандық Түменбай, Серік Байхонов, Нұртөре Жүсіп, тағы да басқа тұлғалы азаматтар шықты.
Мен болсам, «Өскен өңір» газетінде 20 жылға жуық – корректорлықтан бастап, редактордың орынбасарлығына дейін қызмет атқардым. Қызмет бабымен Алматыға қоныс аудардым. Өзі тәрбиелеп, редакторлыққа тағайындаған Зәкім Жайлыбай аудандық «Өскен өңір» газетін 31 жыл үздіксіз басқарды...
1967 жылдан бастап Дүйсекең Шиелі аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Бұл жерде ауданның әдеби-мәдени жағдайын дамытуға мүмкіндік бар еді. Елін сүйген, ән мен жырға жаны құмар Дүйсекең қолы кеңейіп, мүмкіндігі молайған шақта аудан мәдениетін түбегейлі қолға алды. «Жас дәурен» ән-би ансамблін, «Халықтар достығы» клубын, спорт секцияларын құрып, аудан жастарының мәдени өмірінің дамуына атсалысты.
– «Жас дәурен» ансамблін ұйымдастыруға Дүйсекеңнің шақыруымен республиканың танымал өнер қайраткерлері: сазгер Әсет Бейсеуов, балетмейстер Елдос Усин, жазушы Оразбек Бодықов арнайы Шиеліге келді. Бір ай өнерпаздарды дайындады.
Әсет Бейсеуов бір ай бойы біздің үйде жатты. Дүйсекең екеуі басы-қасында жүріп «Жас дәурен» ансамбілін құрды. Шиелі туралы «Сыр маржаны» әні де осы кезде дүниеге келді. Әнін Әсет шығарып, сөзін Дүйсекеңнің өзі жазды. 1968 жылы шыққан осы ән халықтың рухын көтеріп, сезімін серпілткен Шиелінің шын мәніндегі гимніне айналды.
«Жас дәурен» ансамбілінің тұсаукесер байқауында атақты композитор Нұрғиса Тілендиев «Міне, ансамбль, міне, оркестр, бірінші орын сендердікі» деп ризашылық сезіммен жиналғандарға жар салды, – дейді Кеңескүл апа сол шуақты жылдарды сағынышпен есіне алып, жігерлене сөйлеп.
Бірде Дүйсенбі ағамен әңгімелесудің сәті түсті. Кеңседе емес, дастарқан басында. Сөзден сөз туындап, әңгімеміз ұзаққа созылды. Әңгіме газеттен, күнделікті тіршіліктен әдебиетке, оның ішінде өлеңге ойысқан шақта ағаның: «Туған жерге, халыққа аз да болса көмегім тиер ме екен деп әрі аудан басшылары қолқалаған соң өзімнің сүйікті газетімнен аупарткомның хатшылығына ауыстым. Әрине, ауданның әлеуметтік, мәдени, оқу және денсаулық сақтау саласында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды да. Дегенмен өлеңнен қол үзудің өкініші өзегімді әлі күнге өртейді. Әкімдік пен ақындық сөздері өлеңде жақсы ұйқасып, қабысқанымен өмірде бір-біріне кереғар екен. Ұлы Абай «Мен боламын демеңдер» деген өлеңінде: «...Бір ғылымнан басқаның, Бәрі де кесел асқанға...» демеуші ме еді. Қайран данышпаным-ай», деп ауыр күрсінгені жадымда қалыпты. Қамқор ағамен соңғы әңгімелесуім екенін ол кезде мен білген жоқпын. Осы кездесуден кейін екі күн өткенде қайғылы хабар жетті. Бұл кезде Дүйсенбі аға Қызылорда облыстық газетінде редактордың орынбасары болып жүрген еді. Белгісіз жағдайда пойыздан құлап мерт болыпты. Жұмбақ өлім...
Үлкен де, кіші де марқұмның үйіне – тоқсанға таяған аяулы анасы Саракүл мен 38-інде жесірліктің қара шәлісін жамылған аяулы жары Кеңескүлді жұбатуға, қайғысын жеңілдетуге асығып, ағылып бара жатты...
Дүйсекең «Бағбан мен Бақа» деген мысал өлеңін:
«Өмір бұл болсаңыздар
ойымды аңдар,
Құдайын ұмытпасын тойынғандар.
«Адамның күні адаммен» екенін де,
Бір сәтке ей,
мырзалар, мойындаңдар!» –
деп аяқтайды.
Адамның жанын жанып, намысын оятатын, тоғышарларға тосқауыл болатын осындай тақырыпқа жазылған жырлары жетерлік. Ол шындықты, әділдікті сүйді. Сол шындық жолындағы жалынды шумақтары оның өмірінің қысқа болуына себепкер болды ма деген жұртшылықтың күдігі де жоқ емес....
Соңында қалған Ыдырыс, Роза, Ақәділ, Майра, Жандос секілді ұл-қыздары ардақты әкенің атына, даңқына лайық еңбек етті... Қажылық парызын өтеп қайтқан Кеңескүл апа үлкен бір әулеттің абыз анасы атанған бұл күнде.
80 жасқа толуына орай, Кеңескүл Байжанқызы, Мұхамедқали Қазымов пен Мұрат Күлімбет құрастырып, баспаға әзірлеуімен Дүйсекең туралы «Ағып өткен бір жұлдыз» атты естелік кітап жарық көрді. Осы құрам «Сыр маржаны» деген жеке жыр кітабын да шығарды. Смайыловтың тәрбиесін көрген, қоян-қолтық араласып жүріп газет шығарған ақын Қанапия Дәрібаев қамқоршы ұстазымен қоштасу сәтінде азалы жырын былайша толғаған еді:
«Ақын өлді!
Жаралған күн нұрынан,
Жаралған сәби-сәуле шындығынан.
Қайтейін қимасымды қолдан көміп,
Қиялға құл боп тұрмын
мың құбылған...»
Қоғам қайраткері, білікті ұйымдастырушы Дүйсенбі Смайылов «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және үкіметтік бірқатар медальмен марапатталды. Үлкенге де, кішіге де қамқор, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап жүретін даладай дарқан Дүйсенбі Смайыловты Шиелі елі, Сыр халқы жадынан шығармасы анық.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы