• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Қазан, 2022

Неміс шеберлерінің қолтаңбасы

539 рет
көрсетілді

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде әлем тарихынан сыр тартатын құнды жәді­гер­лер аз емес. Солардың қатарында Еуропа мәдениетінің мәйегі саналған неміс ше­бер­ле­рінің қолтаңбасы дара мәнге ие. Музей қорында сақталған осынау туындылардың ба­сын біріктірген танымдық көрме «Дюрерден Эйфертке дейін» деп аталыпты.

Германия әлемге көрнекті ойшыл­дардың, композиторлардың, жазушылар мен суретшілердің тұтас тізбегін сыйлады. Көптеген неміс суретшілерінің қол­таңбасы адамзат өркениетін өрістетуге үлес қосқан шығармалар ретінде тарих­та қалды. Бұл тұрғыда бір ғана Иоганн Гуттенбергтің 1440 жылы басып шы­ғарған өнертабысы Германияда және Еуропаның іргелі елдерінде әдебиет пен графикалық өнердің дамуына үлкен серпін бергенін алға тартуға болады.

Кезекті көрмеде XV-XXI ғасырлар аралығында неміс суретшілерінің қала­мынан өрілген туындылар ұсынылған. Сонымен қатар көрнекті неміс Қайта өрлеу дәуірі шеберлері Альбрехт Дюрер (1471-1528) мен Лукас Кранахтың (1472-1553) гравюралары экспозицияның салмағын арттыра түскен. Өнертанушы Әмір Жадайбаевтың айтуынша, Дю­рердің библиялық сюжеттеріндегі «Мысырға қашу», «Иуданың сүюі» туын­дылары тақырыптық әлемді сенса­циялар мен нәзік эмоциялардың кең спектрімен байыта алатын суретшінің таңғажайып шеберлігін көрсетеді. «Мәсіхтің азғырылуы» парағындағы Лукас Кранахтың трагедиялы шығар­масы Ғайсаның ғажап бейнесі арқылы зұлымдықтың тас-талқанын шығарады.

– Нюрнбергте жұмыс істеген Дюрер Ханс Бехайм (1500-1550) және Эрхард Шеннің (1491-1542) гравюралары көрер­меннің қызығушылығын тудырады. Ағарту дәуіріндегі адамға тән бейне Лейп­цигтің гравері Иоганн Баузе (1738-1814) салған «Герцог Фридрих Голдштейн Бектің портретінде» (1801) бей­­неленген. Жоғары тап өкілі­нің бей­несінде суретші дәуірдің роман­ти­калық мұраттарына толы белсенді тұл­ғаны бейнелейді. Көптеген неміс суретшілері Германиядан тыс жерлерде жұмыс істеді. Ресей патшайымы II Екатеринаның шақыруымен XVIII ғасырда неміс ше­берлерінің Ресейге ағылуы орыс көр­кемсурет мектебінің дамуына айтар­лықтай серпін берді. Экспозициядан Ресей императоры I Павел мен оның әйелі ханшайым Мария Федоровнаның салтанатты пор­третін көруге болады. Аталған туындыны 1796 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық өнер академиясына гра­вировка өнерін үйрету үшін шақы­рылған Игнак Клаубер (1753-1817) орындаған. Оның шәкірттерінің арасында кейіннен Н.Уткин, А.Ухтом­ский, Е.Скот­ников және т.б. танымал граверлер болды. XIX ғасырдың ортасында неоклассицизмнің басым стилі көрнекті неміс мүсіншісі И.Шадов (1764-1850) жасаған «Луиза ханшайымның» бюс­тінде ұсынылған. Иоганн Меллердің (1814-1885) «II Александр отбасының топ­тық портреті» акварель миниатюрасы нәзік­тікпен және шеберлікпен ерекше­ленеді, – дейді көрме жетекшісі Әмір Жадайбаев.

Көрменің XIX ғасырдағы бейнелеу өнері қабырғасына Германияда пайда болған романтизм және бидермайер стилінде орындалған суреттер ілінген. Орыс ақсүйектерінің сүйікті суретшісі А.Молинаридің «Әскери портреті», Шульцтің таулы пейзажы, көр­кемсурет бөлімінен орын алған Дюс­сельдорф мектебінің өкілі Андреас Аченбахтың «Суретшінің шеберханасында» атты шағын суреті көз тартады. Ал ХХ ғасырдың ба­сындағы өнер­дегі демократиялық тен­ден­циялар А.Шильдердің (1861-1919) пей­заждық кескіндемесінде көрініс тапқан.

Экспозицияның жеке бөлімінде 1930-1940 жылдары Қазақстанға қоныс аударған неміс суретшілерінің туындылары тұр. Бұл бөлімнің денін 1933 жылы Алматыға келген Мюнхен өнер академиясының түлегі А.Риттихтің (1889-1945) картиналары қамтиды. Ұлы Отан со­ғысының басында Үкіметтің бұйрығымен Республикаға неміс ұл­тының өкілдері болып саналатын жүз­деген мың кеңес азаматтары қоныс аударды. Олардың арасында В.Эйферт, А.Фонвизин, Л.Брюммер сияқты танымал суретшілер бар. Қараша айына дейін жалғасатын рухани жобада көрермен И.Брауэр, Ю.Гуммель, Н.Гинзбург, Н.Бубенің шығармаларымен де таныса алады.

 

АЛМАТЫ