• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қазан, 2022

Жаңа баспана дайын

286 рет
көрсетілді

Қостанай облысында орын алған алапат өрт ұмытыла қойған жоқ. Үйсіз қалғандарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 2,3 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Жуырда тұрғындарға жаңа пәтердің кілті табысталмақ.

Ел қазынасынан бөлін­ген қаржыдан бөлек, «Қазақ­станның Халық Банкі» АҚ зардап шеккен әр отбасыға 1 млн теңге қаражат беріп, жалпы құны 4,7 млн теңгеге тең несие берешегін есептен шығарды. «Қайырымдылық KZ» қорына 1 243,1 млрд теңге қаржы түскен. Өрттен жапа шеккен 91 отбасының әрқайсысына 1 млн теңгеден, жартылай зардап шеккен 74 отбасыға 500 мың теңгеден үлестіріліпті. Болат Өтемұратов қоры 91 отбасыға 1 млн теңгеден көмек көрсетті.

Енді үй құрылысына тоқталсақ. Қостанай облысы әкімдігінің мәліметінше, тұрғын үйлердің сәулеті бірдей. Әрқайсының көлемі 100 шаршы метрге тең. Бір үйдің құны – 18,3 млн теңге. Құрылыс жұмыстарына 16 мердігер тартылған.

– Әр үйге 10 соттық жер бөлінді. Үйлер төрт бөл­мелі, қала берді, асхана мен сани­­тарлық торап бар. Бас­пана су, жарық, газ, жылыту жүйесі сияқты қажетті инже­нерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Әр үйге қуаты мықты қазандықтар тартылды. Әжетқұдықтары бөлек. Әрқайсысы Wi-Fi интернет желісіне қосылады, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

Аулада спорт алаңдары қарастырылғанын да атап өткен жөн. Жалпы, аталған ауданда футбол, волейбол алаңдары және үш балалар алаңы бой көтермек. Бұған дейін аталған ауданда мұндай игіліктер болмаған. Құрылыс жұмыстары демеушілер есебінен қолға алынбақ.

Бүгінде үйлерді жекеге беру бойынша құжаттама жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындар жаңа үйлерінің босағасын аттауға асық. «Үйіміз өртеніп, жылдар бойы тірнектеп жинаған заттарымыз отқа оранды. Бастысы – басымыз аман. Отандастар қиын сәтте барынша қолдау көрсетті. Ел тізгінін ұстаған азаматтар да іскерлігін танытты. Жуырда жаңа үйге кіреміз. Бұл күнді асыға күтіп жүрміз», дейді Жұмагүл Рахметова.

Айтпақшы, 1 қарашадан бастап орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өспек. Қызметкерлерге 700-ге жуық арнайы киім-кешек сатып алынған. Жаңа 14 трактор қатарға қосыл­ған. Бүгінде Әулиекөл ауданын­дағы орман қорын қалпы­на келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл іске 7 бригада (63 адам, 21 трактор) жұмылдырылған.