Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық әдебиетті әлемдік нарыққа шығару үшін шетелдік баспалармен келіссөз жүргізуде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы ҚР МСМ Мұрағаттар және құжат айналымы комитет төрағасы Қуат Бораш қатысқан Франкфурт халықаралық кітап көрмесінен кейін белгілі болды.
«Қазақ әдебиеті – жаһандық кеңістіктің бір бөлігі. Онда ол маңызды орын алады. Жазушыларымыздың арқасында әлемге барынша кең ауқымда біздің бай тарихымыз бен мәуелі мәдениетіміз туралы айтып берудің бірегей мүмкіндігіне ие болдық. Бұл ретте біздің міндетіміз – классиктерді де, қазіргі авторларды да Еуропа мен Азия нарығына шығару. Сондықтан бүгін біз отандық әдебиетті әлемнің танымал тілдеріне аудару және ілгерілету бойынша жетекші баспалармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», деді Қуат Бораш.
Франкфурт кітап жәрмеңкесі кітап шығару әлеміндегі басты оқиғалардың бірі болып саналады. Биыл оған әлемнің 85 елінен мыңдаған жазушы, ақын, драматургтер қатысқан.