Заманауи спорттық-сауықтыру кешені «Атакент» көрме орталығының саябақ бөлігімен шекараласатын аумағында орналаспақ. «Дельфин» спорт нысаны қайта жөндеуден өткеннен кейін мұнда ересектер мен балалар жыл бойы барынша қолайлы жағдайда түрлі спорт түрлерімен және физикалық белсенділікпен айналыса алады, деп хабарлайды Egemen.kz «Атакент» ҚІЫО» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорттық-сауықтыру кешенінің жалпы ауданы 23 мың шаршы метрді құрайды. Жаңартылатын спорт орталығының инфрақұрылымына олимпиадалық стандарттың екі бассейні, жаттығу және гимнастика залдары, жекпе-жек, бокс және күрес, хореография және би сабақтарына арналған залдар кіреді. Сондай-ақ спорт ғимаратының аумағында баскетбол мен волейбол ойнауға арналған арнайы алаңдар да орын тебеді.
Жаңа кешеннің келушілеріне бокс, каратэ, дзюдо, таэквондо, самбо, MMA, джиу-джитсу, күрес, аэробика, йога, жүзу, кроссфит, гимнастика және хореография сабақтары қолжетімді болады.
Спорт кешенінің орташа күнделікті тұтынушылар ағыны шамамен 2,5 мың адамды құрайды.
Ерекше қажеттіліктері бар балалардың спортпен шұғылдануы үшін жағдайды ұйымдастыру да жаңартылған кешеннің басым міндеттерінің бірі. Сондықтан кешен ерекше қажеттіліктері бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы жабдықтармен қамтылады.
«Кешеннің негізгі мақсаты — қоғамдық және көпфункционалды спорт орталығына айналу, сондықтан біз кешенімізде ең танымал спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігін қарастырдық. Ең бастысы, біздің орталықта спортпен айналысу жасына және дайындығының деңгейіне қарамастан барлығына дерлік қолжетімді болады. Ескі кешен көп адам санына арналмаған, техникалық тұрғыдан ескірген және бүгінгі күннің талаптарына сай емес. Жаңа жоба спорт және белсенді өмір салтына арналған барлық заманауи шешімдерді қамтиды. Жаңа спорт кешені қала тұрғындары үшін керемет сыйлық болады деп үміттенеміз», дейді жоба жетекшісі Азат Жиенбаев.
Спорт ғимаратын қайта жаңартуды 2024 жылдың ортасына қарай аяқтау жоспарланып отыр.