• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Қазан, 2022

Балқан түбегімен де байланысымыз мықты

322 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстанның Балқан түбегіндегі бірқатар мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр. Осы кезең аралығында өзара сенім мен құрметке негізделген тиімді ынтымақтастық орнықты деп айтуға толық негіз бар.

Мемлекетаралық қатынастар жалпы күш-жігермен жоғары деңгейге көтерілді. Тұрақты саяси диалог сақталып, делегациялар алмасу жүзеге асырылды, құқықтық базаның берік іргетасы қаланды. Парла­ментаралық және өңіраралық ынтымақтастық, іскерлік және мәдени-гуманитарлық байла­ныс­тар дамып келеді.

Мәселен, Қазақстан мен Хор­ватия өзара сыйластық қағи­да­ты негізінде екі елдің әлемдік аренадағы ынтымақ­тастығын нығайтуды қолдайды. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халық­аралық ұйымдар шеңберінде халық­аралық қауіпсіздік, халық­аралық терроризмге қарсы күрес, ұйымдасқан қылмыс, есірткі құралдарының заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және басқа да трансұлттық сын-қатерлер мәселелері бойынша тығыз қарым-қатынас орнаған.

Мәдени байланыстарды дамытумен қатар, Қазақстан мен Хорватия арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды нығайтуға Хорватия-Қазақстан достығы қоғамы салмақты үлес қосып келеді.

Кейінгі жылдары Қазақстан мен Хорватия арасындағы сыртқы сауда айналымы тұрақты өсу үрдісіне ие. Статистикаға сүйенсек, 2021 жылдың қоры­тын­дысы бойынша өзара та­уар айналымы 680,96 млн долларды құраған. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығын­да тауар айналымы 349 млн долларға жетті. Яғни былтырғы кезеңмен салыстырғанда 82 пайызға өскен. Қазақстанда құрылыс, фармацевтика, IT, тамақ өнеркәсібі және сауда сала­ларында жиырмадан аса хорват компаниясы тіркелген. Көлік-логистика, оның ішінде теңіз инфрақұрылымын дамыту, туристік және спорт салаларында нақты жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластық бар.

Сондай-ақ Словениямен дипломатиялық байланыс орна­ғанына да 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында екіжақты және көпжақты форматтағы сындарлы қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығай­туға ықпал ететін аса жоға­ры және жоғары деңгейде сенімді диалог орнатылып, қолдау тауып келеді.

Ынтымақтастықтың серпінді бағыттарының бірі – көпжақ­ты өзара әрекеттестік. Слове­ния Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдады. Атап айтқанда, Словения басшылығы Астанада саммит өткізуге, Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге өтінімнің алғашқы жақтаушыларының бірі болды. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сін­ің тұрақты емес мүше­лігіне, 2022-2024 жылдары БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңе­сіне кандидатурасын қолда­ды. Өз кезегінде Қазақстан 2021-2022 жылдарға арналған МАГАТЭ Басқарушылар кеңе­сіне Словенияға дауыс берді.

Екіжақты қатынастарда парламентаралық өзара іс-қимыл ерекше орын алады. Қазақстан мен Словения пар­ламенттерінде сапарлар мен та­қырыптық іс-шаралар өткі­зу арқылы депутаттар арасын­дағы байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін достық пен ынты­мақ­тастық топтары жұмыс істейді.

Екіжақты ынтымақтас­тықтың маңызды тетігі ретін­де Сауда-экономикалық ын­ты­мақтастық жөніндегі үкімет­аралық комиссияны айта аламыз. 2014 жылдан бастап Қазақстан мен Словения кәсіпкерлерінің бастамасымен іскерлік ынты­мақтастықты кеңейту мақ­сатында «Қазақстандық-сло­вен бизнес-клубы» (KSBC) құрылд­ы. Инвестиция, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар, туризм, денсаулық сақтау, фармацевтика, білім беру, сондай-ақ екіжақты қаты­настардың шарттық-құқықтық базасын кеңейту сияқты сала­лардағы өзара іс-қимылдың перспективалары белгіленді.

Қазіргі таңда елімізде Слове­ния капиталының қатысуы­мен фармацевтика, жаңарты­латын энергия көздері, инженерия, телекоммуникация салаларындағы 19 кәсіпорын тіркелген.

Бұған қоса, Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде фашизм­ге қарсы күрес екі елге де ортақ. Словенияның Тыр­ново қаласында кеңес одағы жауын­герлеріне арналған мемориал орнатылды. Онда қаза тапқан қазақстандық сарбаз­дардың есімдері ескерткіш тақталарда жазылған.

Сонымен қатар 2018 жылы Повир ауылында Югославия партизандарымен бірге фашизмге қарсы соғысып, Балқан түбегін азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық батыр Кассе Себероны еске алуға арналған «Жырақта жатсаң да, өшпес ерлігің еліңнің жадында!» сөздері бар мемориалдық тақтасының салтанатты ашылу рәсімі өткенін де айта кеткен жөн.