Альфред Хичкоктың дыбыссыз киносына арналды
Кинематографиядан аздаған хабары бар адам Тарковский мен Кончаловскийдің қандай айырмашылығы бар екенін білмесе де, үрейлі кино түсірудің хас шебері Альфред Хичкокты және оның үрейлі картиналарынан жақсы хабардар болса керек. Кинодағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамайтын, бүгінгі таңда режиссер болғысы келетіндерге саспенстің ең жарқын үлгісі ретінде ұсынылатын бұл өнер иесінің өмірі мен туындылары әлі күнге дейін түрлі әңгімеге арқау.
Алматыда 21-25 мамыр аралығында Британдық Кеңестің (British Council) ұйымдастыруымен және Британдық Кино институтының (BFI), Қазақстандағы «Шелл» компаниясының, Алматы қаласы әкімдігінің, «Арман» киноорталығының араласуымен Альфред Хичкоктың дыбыссыз кино апталығы өтуде. Онда BFI мұрағатынан қалпына келтірілген және британдық кинематографияның ең зор жетістіктерінің бірі ретінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген «Хичкок 9» жобасына енген фильмдердің 6-уы ұсынылатын болады.
– «Ләззат бағына» арнап композиция жазған кезде, мен Стравинский және Мессианның туындылары, Майлз Дэвистің джазы және Куртис Мэйфилдтің соулы, Beastie Boys рэбі мен ди-джей Shadow секілді өнердің көптеген бұлақтарынан шабыт алдым. Мен осы жұмыс үшін BFI-ға және «Хичкок 9» жобасын түрлі елдерде, оның ішінде Қазақстанда көрсетуге мүмкіндік бергені үшін жеке British Council ұйымына үлкен алғысымды білдіремін, – деді ашылу салтанатында сазгер Дэниэл Патрик Коэн.
Сонымен 26 мамырға дейін жалғасатын киноапталықта барлық фильмдер субтитрлермен көрсетілмек. «Шампан» фильмі қазақстандық ди-джей Aero-ның музыкалық суырып салма әуенімен сүйемелденетін болады. «Мэн аралынан шыққан адам», «Фермердің әйелі» және «Бопсалау» фильмдері британдық пианиношы Джон Суинидің музыкалық сүйемелдеуімен көрсетілмек. Фильмдердің көрсетілімі «Цезарь» және «Арман» кинотеатрларында өтеді.
Сондай-ақ, Хичкоктың дыбыссыз кино апталығы шеңберінде Алматыға келген Дэниэл Патрик Коэн, Кристофер Остин және Джон Суини студенттер мен кәсіби музыканттарға арнап шеберлік сыныптарын өткізуде. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қолдау көрсетуімен ұйымдастырылып отыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.