• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қазан, 2022

Ұлттық ерекшелікті ұлықтаған көрме

419 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Көркемөнер академия­сы» қоғамдық қорының 15 жылдығына орай Ұлттық музейдің бастамасы бойынша ұйымдастырылған «Ұлы дала сазы» көрмесіне барды.

Мәулен Әшімбаев мұражайды аралау барысында Академия мүшелерімен әңгімелесіп, жаңа жәдігерлермен танысты. Экспозицияда 150-ден астам кескіндеме, 30-дан астам графикалық жұмыс және мүсін бар. Олардың көпшілігі соңғы жылдары сомданған және әлі өнерсүйер қауымның назарына ұсынылмаған туындылар. Сенат Төрағасы бұл мәдениет пен өнер ұлт­тық ерекшелікті сақтаудағы аса маң­ыз­ды мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Көшпелілердің эстетикасы мен дүниетанымы өте терең және ерекше. Көшпелілерде адам табиғатпен етене жақын болып, әлемнің үйлесімді бөлігіне айналды. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – көшпелілердің дүниетанымындағы маңызды ерекшелік­тер­дің бірі. Осының бәрі көшпелі халықтардың бейнелеу өнерінде де көрі­ніс тапты», деп атап өтті Мәулен Әшім­баев.

Сенат Төрағасының пікірінше, бүгін­де көптеген отандық суретшілер көшпе­лілердің өнерін заманауи тұрғыда зерделеп, оны әлемдік мәдениеттің маңызды бөлігіне айналдыру жолында еселі еңбек етіп келеді.

«Суретшілер арасындағы біздің құрметті ақсақалымыз Амандос Ақанаев көшпелілердің эстетикасы туралы өзі түйген танымды бейнелеуге бүкіл өмірін арнады. Оның бұл бағытта қол жеткізген жетістіктері ауқымды лайықты. Сонымен қатар ол шәкірттер шоғырын тәрбиеледі», деген Мәулен Әшімбаев өнер қайраткеріне алғысын білдірді.

Сенат Төрағасы сонымен қатар «Ұлы дала сазы» көрмесі ұлттық кодты сақтау тұрғысынан аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Көркемөнер академиясы» қоғамдық қоры Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де түрлі көрмелер өткізуде белсенді қыз­мет атқарып келеді. «Ұлы дала сазы» көрмесі бейнелеу өнерін өрістету және Академия мүшелерінің шығар­ма­шы­лығын дәріптеу мақсатында өткізі­ліп отыр.

Көрменің ашылу салтанатына Мә­дениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениеттанушылар қатысты.