Елордада қайырымдылық саласындағы үздік меценаттар мен филантроптар үшін «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz АҚДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда қайырымдылық жасау мен оны дамытуға елеулі үлес қосқан қайырымдылық жасаушыларды ынталандыру, оларға қоғамның назарын аудару мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2018 жылы «Жомарт жүрек» сыйлығын тағайындаған болатын.
Биыл конкурсқа 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың өкілдері қатысты.
Конкурс жеңімпаздары – онлайн-дауыс беру қорытындысы бойынша халық таңдаған 50 адам «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Тұған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» және «Жылдың үздік қамқоршысы» деп аталатын 5 номинация бойынша анықталды.
«Біздің халқымыз қайырымдылықты адамның таза ниеті мен адамгершілік қарым-қатынасын бейнелейтін жақсылық пен тектіліктің белгісі деп санаған. Тарихи тұрғыдан алғанда, біздің елімізде қиындыққа тап болған адамға қол ұшын созу көптеген ғасырдан бері қалыптасқан дәстүр», деді АҚДМ вице-министр Данияр Қадыров.
Барлық лауреаттарға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.