Өңірде тауарлар мен онлайн қызмет сапасына айтылар арыз-шағым өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Жыл басынан бері 681 арыз түсіпті. Тіпті танымал интернет дүкендердің қызметіне қатысты шағымданушылардың саны төрт есе көбейген.
Бұл тараптағы тұтынушылардың өкпе-назын сараптап қарасаңыз, электронды сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру салаларына қатысты шағым айтушылардың қарасы күрт көбейген. Тұтынушылар құқын қорғау департаменті әрбір арыз-шағымға мұқият қарап, талдау жасауда. 680 өтініштің 447-сі жедел қаралып, тұтынушыларға 21 млн теңгеден аса қаржы қайтарылған. Алған заты көңілден шықпай опынған 111 адам сапасыз тауарларын айырбастап алу мүмкіндігіне ие болыпты. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл тараптағы алаяқтықтан абай болу керектігі қаншама рет айтылса да, оңай жем болып жүргендердің қатары азаяр емес.
– Кейінгі уақытта тұтынушылардың арыз-шағымдары көптеп келіп жатыр, – дейді тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Светлана Занегина, – олардың дені сапасыз өнім төңірегінде болып келеді. Оның үстіне саудаланған тауарлардың уақытында жеткізілмейтіндігі бар. Сауда бұзылғаннан кейін кейбіреулердің қолма-қол ақшасын уақытында қайтармай, діңкесін құртады. Жыл басынан бері департаментке интернет дүкендердің ақшалай қаражатты қайтармауына орай 44 тұтынушы шағым айтып келді.
Әрине, заман талабына сай интернет дүкендердің артықшылығы да бар. Айталық, уақыт үнемдеу, бағаны бақылау және салыстырып қарау тәрізді жайлар. Шынын айту керек, көп жағдайда интернет дүкендердегі тауар құны кәдуілгі дүкендерге қарағанда біршама арзан әрі тұтынушыға тиімді акцияларды да жиі өткізеді.
Кемшілік те аз емес. Жалған сайттарда көздің жауын алатын небір тауар суреттері сыңсып тұр. Сатушы алыста болғандықтан көзбен көріп, қолмен ұстай алмайсың. Сондықтан кей тұста аңқау жұрттың алаяқтарға оңай жем болып жататындығы да кездеседі. Олар алдын ала 100 пайыз ақша төлеуін сұрайды. Кейін ұстатпай кетуі де мүмкін. Сөйтіп, жаңа заманның жетістігін өздерінің арам пиғылдарына пайдалануды мақсат еткен алаяқтар тұтынушының тауар үшін төлеген ақшасын алып алғаннан кейін әлеуметтік желідегі аккаунтын өшіріп немесе бұғаттап тастайды. Мұндай алаяқтарды табу тұтынушыға тіпті де мүмкін емес.
Қолданыстағы заңнамада интернет дүкендері мен олардың тыныс-тіршілігін қамтитын бір ғана бап көзделген. Сондықтан онлайн сатушылар заңнаманың олқылығын пайдаланып, тұтынушылар құқығын бұзатын жағдайлар жиі кездеседі. Демек олқы түсіп жатқан осы бір тұсты реттеп алсақ, тәмам жұрт оңай олжаға кенеліп жүрген алаяқтарға жем болмас еді.
Көкшетау