• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қазан, 2022

Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасалады

560 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаттары палатаның жалпы отырысында «Рақымшылық туралы» ҚР Заңын қабылдады, оған сәйкес қаңтар оқиғасына қатысушылардың бір бөлігі босатылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаттың бейіндік комитетінің қорытындысында көрсетілгендей, заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде жүктеген тапсырмасын орындау үшін әзірленген.

Заң жобасының негізгі міндеті - 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында арандатушылардың ықпалына түскен және жаппай тәртіпсіздіктер жағдайында қылмыстық әрекеттер жасаған адамдарды, сондай-ақ қаңтар оқиғалары кезінде құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол берген құқық қорғау органдары мен әскери органдардың қызметкерлерін жазалау мерзімдерін қысқарту және жазасын өтеуден босату.

Заң жобасы адамгершілік актісінің қолданысына жататын қылмыстық кодекстің баптарының тізбесін, рақымшылық жасаудың шарттары мен тәртібін көздейді, сондай-ақ Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың босатылатын адамдарды жұмысқа орналастыру, оларға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету жөніндегі шараларды іске асыру жөніндегі құзыретін бекітеді.

Сондай-ақ құжатта қылмыстық теріс қылықтар, ауырлығы аз және орташа қылмыстар жасаған тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты қылмыстық істерді тоқтату, осындай әрекеттер бойынша сотталғандарды жазадан босату, сондай-ақ осындай құқық бұзушылықтар үшін жазасын өтегендердің соттылығын алып тастау көзделген.

Ауыр қылмыс жасаған адамдарға заң жобасында соттар тағайындаған жаза төрттен үшке, аса ауыр қылмыстар – жартысына қысқартылады.

«Бұл ретте террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық, азаптаулар жасаған, қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған адамдар рақымшылық жасауға жатпайды», делінген Сенат қорытындысында.

Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.

Жалпы, әзірлеушілердің пікірінше, жобаны қабылдау елдегі қоғамдық-саяси жағдайға оң әсер етеді.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қаңтар оқиғаларына қатысушыларға рақымшылық жариялаған еді.

Бас прокуратура рақымшылыққа 1,5 мыңға жуық адам түсетінін хабарлады.