Абай облысында Республика күніне орай пәтер кілттері беріліп, спорттық-мәдени нысандар ашылды. Сондай-ақ ағаш көшеттері егіліп, өңірдің жасыл белдеуін ұлғайтуға байланысты жұмыстар қолға алынды.
Алдымен Семейдегі аспалы көпірдің маңындағы қоғамдық кеңістіктің жанына ағаш көшеттері егілді. Оның ішінде алма ағаштары және 50 шырша көшеті бар.
«Семей кезінде еліміздің ең жасыл қалаларының бірі болған. Енді облыс орталығы мәртебесін алған соң шаһарды бұрынғыдай жасыл желегі мол аймақ ретінде дамытуға күш салынады. Алдағы жылдары бұдан да көп ағаш отырғызылады», деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Бұл орайда аталған көпір маңынан 1 ай бұрын ғана заманауи спорттық инфрақұрылыммен жарақталған қоғамдық кеңістік ашылған еді. Мұнда уоркаут-алаңқайлары, скейт-парк, паркур алаңдары қарастырылған. Бұл аумақ бірнеше бөлікке бөлінген. Стритболға арналған спорттық аймақ, фитнес аймақ және балалар ойын алаңы бар. Енді аталған кеңістік аумағы ағаштармен толығып отыр. Тұтастай алғанда, облыс орталығында 478 ағаш, 100 бұта егілді.
Сондай-ақ мереке қарсаңында өңір халқы баспаналы болды. Мәселен, қаладағы Қарағайлы шағын ауданында 64 отбасыға көп қабатты тұрғын үйдің кілті табысталды. Облыс әкімі жаңа пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтап, бұл бағытта құрылыс қарқыны еселенетінін айтты.
«Мемлекет басшысының қолдауымен өңіріміз өзінің даму жолына түсіп келеді. Кешенді жоспар қабылданып, тың жобалар іске асырылады. Тұрғын үй құрылысының қарқынын ұлғайту жоспарланып отыр. Биыл қалада қаржыландырудың барлық көзі есебінен 5 166 пәтерге арналған 496 415 мың шаршы метр баспана салу көзделуде. Осылайша, кезең-кезеңімен баспана саны ұлғайтылады», деді Н.Ұранхаев.
Семейдің оң жағалауында бекітілген бас жоспарға сәйкес «Қарағайлы» тұрғын алабының жобасы әзірленді. Соған сәйкес алдағы уақытта 35 мыңнан аса адамға 227 тұрғын үй салу межеленіп отыр.
Қазір бұл аудан су құбыры, кәріз-тазарту жүйелері, телекоммуникация, жылу және электр энергиясының магистральдық желілерімен қамтамасыз етілген. Мұнда Назарбаев зияткерлік мектебі, 320 орындық балабақша, 5 600 көрермендік орны бар «Арена» мәдени-спорттық кешені орналасқан. Қазір осы жерде жалпы ауданы 253,4 мың шаршы метрді құрайтын 41 үй пайдалануға берілген.
Ұлттық мерекеге байланысты Үржар ауданының Таскескен ауылында 12 пәтерлі 6 үй пайдалануға берілді. Жаңа баспанаға тұрғын үй кезегінде тұрған әртүрлі әлеуметтік топтың санатына кіретін жергілікті азаматтар ие болды.
Сол секілді Ақсуатта ауыл арасын жалғайтын жолдардың бірі жөндеуден өткізілді. Атап айтқанда, Ақсуат пен Ескі Училище елді мекенінің арасын жалғайтын жолдың орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жөндеу жұмыстарына қаражат «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлініпті. Осылайша, аудан халқының өтініші қанағаттандырылды дейді жергілікті атқарушы органның өкілдері. Бұған қоса аталған ауданда мемлекеттік қолдаудың аясында 26 пәтерлі 13 баспананың іргетасы қаланып, құрылысы басталды.
«Ақсуат ауылындағы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үй заман талабына сай салынады. Әр пәтердің жалпы аумағы 85 шаршы метрді құрайды. Бұл арқылы баспанаға мұқтаж ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселесі біртіндеп шешіледі», деді әкімдік өкілдері.
Бұдан басқа Үржар ауданының Қабанбай ауылында жаңа спорт модулі пайдалануға берілді. Аталған кешенге биыл 330 жылдық мерейтойы өтіп жатқан даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың құрметіне арнап, «Дарабоз» деген атау берілді.
Мереке күні жаңа спорт кешенінде қазақ күресінен аудандық сайыс ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық әкімдіктің арнайы дипломы және қаржылай сертификатымен марапатталды. Жарысқа осы өңірден шыққан танымал спортшылар қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі. «Дарабоз» спорт кешені ауыл жастарының бұқаралық спортпен айналысып, болашақ чемпиондарды дайындауға септігін тигізетінін айтты өңірдің іскер азаматтары.
Абай облысы